Болат Тілепов Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті

Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында жас сарапшылар клубының мүшелері Министрліктің қызметімен және де уәкілетті жетекшілік ететін бағыттармен танысты.

«Бүгінгі таңда ғылыми-сараптамалық қауымдастық маңызды шешімдерді әзірлеуге әсер ететін қоғамдық-саяси процестің белсенді қатысушысына айналып отыр. Заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында біз әрқашан сарапшылардың пікіріне сүйенеміз. Сондықтан біз идеологиялық жұмысты үйлестіретін мемлекеттік орган ретінде еліміздегі сарапшылар қауымдастығын дамытуға және қолдауға мүдделіміз», - деді вице-министр.

ҚР АҚДМ Мемлекет және қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахымов мемлекеттік органдардың ашықтығы мен ақпараттың қолжетімділік мәселелерітуралы айтып берді. Ашық деректерге қол жеткізу жөніндегі комиссия жұмысымен таныстырған департамент басшысы, өз кезегінде «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға тұжырымдамалық өзгерістердің енгізілгенін атап, биыл бірінші рет Президентке ақпаратқа қол жеткізу туралы есеп берілетінін айтты.

«Бұл есеп берудің негізгі мақсаты Президентке елдегі қалыптасып отырған жағдайлар туралы нақты көрініс беру», - деді ол.

ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру туралы ақпаратпен бөлісті. ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков ҮЕҰ қолдау шаралары туралы айтып берді.

«Волонтерлік қызметпен айналысатын 600 ұйым мен 100 мың волонтерлер адам тіркелді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Биыл «Қоғамдық кеңестер туралы» арнайы заң жобасы қабылданып, қазіргі таңда 249 қоғамдық кеңселер жұмыс жасап тұр. Қоғамдық кеңестер осы уақытқа дейін 500-ден астам ұсынымдар әзірледі», - деді Нұрбол Серікбеков

Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі Жанар Тулиндинова жас сарапшылар клубының қызметі туралы хабардар етті.

«Жас сарапшылар клубы да «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты заңнамалық нормаларды жетілдіру және де жалпы қоғамды одан әрі жаңғырту үшін жас сарапшыларды тарту. Қазіргі уақытта біз әлеуеті өте үлкен жас сарапшыларды өз қатарымызға шақырудамыз», - деп атап өтті  Жанар Тулиндинова.

Кездесу барысында жас ғалымдар клубының мүшелерімен талқыланған мәселелер бойынша сындарлы диалог өтті.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының алтыншы отырысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысқан болатын. Кездесу барысында қатысушылар азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін, Қазақстандағы медиасфераның жай-күйі мен перспективаларын талқылады.