Қазақ аудармасындағы ұлттық сипат

Гүлшат Түсіп – қазақ тіліндегі аударма саласының дамуына зор үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі, екі мәрте «Болашақ» стипендиясының иегері.

Ол 2019 жылдан бері Ұлыбританияның Абердин университетінде «Аударма ісі» мамандығы бойынша докторантурада білім алып жүр. Бүгінде филология ғылымдарының кандидаты О.Уайльд, С.Моэм, Л.Лессиг, Д.Ганжи сынды атақты тұлғалардың еңбектерін ана тілімізге аударып үлгерген. Порталымыздың тілшісі ғалыммен тілдесіп, сұқбат құрды.

Ruh.kz: Гүлшат ханым, бір емес, бірнеше шетелдік ЖОО-да тәжірибе жинап, білім алдыңыз. Осы жылдар аралығында не түйдіңіз? Сіз тәлім алған университеттердің қазақстандық ЖОО-дарынан негізгі айырмашылығы қандай екен?

Гүлшат Түсіп: Англияның Лидс университетінде оқып, «Халықаралық білім саласындағы көшбасшылық және саясат» бағдарламасын магистр біліктілігі бойынша тәмәмдадым. Сол кезде Қазақстан ЖОО-дарына Болон процесінің енуін зерттеген едім. Болон процесі – бірнеше Еуропа елінің бірыңғайланған және жүйеленген стандарттар жүйесі. Жаһандану үрдісінің көрінісі осы келісімге қол қойған барлық ЖОО-дарынан талап етіледі. Оның маңызды аспектілеріне кредиттік оқу технологиясы мен академиялық ұтқырлық (мобильділік) кіреді. Осылар арқылы ЖОО-дары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі деп күтіледі. Біз Болон декларациясына алдымен бақылаушы болдық және осы жылдары ЖОО саласындағы Білім туралы заңнамамызды Болон процесінің талаптарына сәйкестендірдік. Содан кейінгі кезеңде Болон процесіне мүшелікке өтіп, декларацияға қол қойдық. Демек, біздің жоғары білім беру жүйесінің сапасы еуропалық білім стандарттарына сай, дипломдарымыз бен білім деңгейіміз солармен парапар дегенді білдіреді. Бұның барлығы, әрине, қағаз жүзінде. Шын мәнінде, Болон процесінің мүшесі болып есептелетін батыстың алдыңғы қатарлы университеті мен Қазақстанның университетінің білім деңгейі сәйкес емес. Бұның себептері бірнешеу: біріншіден, батыс университеттері кредит санын есептегенде, оған адамның жұмысқа қабілетті физикалық уақыт көлемін және белгілі бір тақырып немесе пәнді түпкілікті меңгеруге кететін реалды уақытты негізге алады. Мысалы, студент дискурс теориясын меңгеру үшін ұсынылатын кітап саны мен олардың көлемін 8 сағаттық (аптасына 5 күн) жұмыс күнінде орташа жылдамдықпен оқығанда қанша уақыт кететіні есепке алынады және сол уақытты кітапханада өткізуіне жағдай жасалады. Кітапхана барынша ыңғайлы етіп жабдықталған. Атап айтсақ, жеке отырып дайындалатын бөлмелер, ортақ бөлмелер, топ болып жұмыс жасауға арналған бөлмелер бар. Олардың барлығы техниканың соңғы нұсқаларымен қамтамасыз етілген. Жиһаздар да үйіңдегідей жайлы, дене ерекшелігіне сайланып қойылған. Тегін әрі супер жылдам интернет желілерімен жабдықталған, кітапхананың астыңғы бөлігінде бірнеше баға деңгейлерін ұсына алатын кафелер мен асханалар орналастырылған, сыртта машина, велосипед қоятын жер қарастырылған. Кітапты алу, өткізу, оларды іздеу жүйесінің барлығы электронды және автоматтандырылған. Университеттер әлемнің ең ірі және салмақты ғылым мен білім базаларына қолжетімділік ашып қойған. Тақырыпты жазсаң болғаны, әдебиеттер тізімін жасап беретін, жазып жатқан дүниеңнің әдебиеттер тізімін түзіп беретін сервистерді сатып алып, қолжетімді еткен. Кітапханалар аптасына 7 күн, 12 сағаттан істейді. Ал сессия өтетін уақыттан 1 ай бұрын және сессия кезеңі аяқталғанша 24 сағат жұмыс істейді.

Ruh.kz: Сіз «Дориан Грейдің портреті», «Еркін мәдениет», «Интеллектуалдық меншік құқығы» сынды шетел туындыларын қазақ тіліне аудардыңыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

Гүлшат Түсіп: Менің алғашқы мамандығым – аудармашы. ҚазҰУ-нің «Аударма ісі және салыстырмалы әдебиеттану» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және аспирантурасын тәмәмдағанмын. Сондықтан, аударманы үнемі жасаймын. Алғашқы аудармам ІІ курс оқып жүрген кезімде жарық көрді. Ағылшын тілінен Сомерсет Моэмнің әңгімесін аударып, оны «Қазақ әдебиеті» газеті жарыққа шығарған еді. Аударма арқылы қосымша білім алып, табыс табамын. Сонымен қатар, соңғы кездері, өз тіліңе білім-ғылым, ақпарат әкелу жолы ретінде қарастырамын, сондықтан, аударма туралы ұсыныстар түскен кезде, оның біз үшін маңыздылығына мән беремін, содан соң барып, ақысы мен қиындығына талдау жасаймын.

Ruh.kz: Батыс теорияларын қазақ тіліне аударудың маңыздылығы қандай?

Гүлшат Түсіп: Кеңес үкіметі құлаған соң, ондағы гуманитарлық ғылым салалары, оның ішінде экономика, әлеуметтану, философия, тарих салаларындағы пәндердің ғылыми негіздерден ада екені белгілі болды. Батыс академиялық ортасында, тіпті, ««black» and «blank disciplines», яғни «қара» және «бос пәндер» деген термин де пайда болды. «Қара» дегені – ленинизм мен сталинизм теорияларын меңзегендері, ал «бос» дегені – ішіндегі қағидаттарының бәрі ойдан құрастырылған, іске жарамсыз деген мағынада. Бұлардағы жасанды негіз сталинизм мен ленинизм болды. Қолдан жасалған жасанды теориялар әшкереленді. Кеңес үкіметі ғалымдары олардың негізі әлемге әйгілі және әлеуетті теория Марксизмнен алынды деп дабыралатқанымен, шын мәнінде, гуманизмге жақын, рационалды экономика қағидаттарына негізделген марксизм мен авторитарлық билікті ұстап тұруға ғана негізделген және фашизмнің элементтері бар, ұлттарды «түрмеде» ұстау ғана көзделген, оның үстіне экономикалық негіздері әлсіз ленинизм мен сталинизм марксизмге мүлдем ұқсамайтын, ауылдары алыс болып шықты. Сонымен, біз вакуумде қалған болып шықтық. Ал бұл уақытта, әрине, ешкімге бодан болмаған, әрі ғылыми ресурстары мен технологияларын мұнай ресурстары сияқты сатып үйренген батыс ғылымның неше түрлі бағытын дамытып үлгерді. Біз көштен қалып қойдық. Сол олқылықты толтыру үшін ғылымды тезірек қазақыландыруымыз қажет. Біріншіден, деколонизациялану процесін жылдамдатамыз. Біз колония болдық, одан құтылудың жолы – өзіміздің кім екенімізді түсіну, халық ретінде басымыздан өткен дүниелерді сараптап, жауап алу, сол арқылы болашақ бағдарды айқындау. Болашақты айқындау тек бір ғана тұлғаның айтқанына сену болмау керек, әр тұстан ғалымдар сараптама жасап, үн қосуы керек, азаматтық қоғам осы ғылыми түйіндермен таныс болуы керек. Сөйтіп, қоғамда сыни және ғылыми көзқарастарға негізделген пайым қалыптастыру қажет. Ол үшін, әрине, әлеуетті ғылым мен теориялар керек. Олардың бәрі батыста дайын тұр. Біз соған жете алмай отырмыз.  Екіншіден, ғылым келген тіл дамиды. Тілдің дамуы үшін, ол тілде ғылым, саясат, экономика сөйлеуі керек. Сонда ғана тіл тұрмыстық салаларда, той-томалақта ғана қолданылып қана қоймай, толыққанды өмір сүреді, дамиды, тұтас халықтың тіліне айналады. Ол үшін қазақ тілінде сенімді және сапалы ғылыми ақпарат дайындап, жас буынды сусындату керек, оларға қазақ тілінде ғылыми және білім контентін жасап беруіміз керек. Сол үшін батыс ғылымы қазақ тіліне үздіксіз, пәрменді түрде аударылуы тиіс.

Ruh.kz: Ал ғалым ретінде қазақ аударма саласы мен оның сапасына қандай баға бересіз?

Гүлшат Түсіп: Жалпы айтқанда, қазір қазақ аудармасында ұлттық сипат басым. Кеңес кезінде жылына 10 кітап аударылса, соның 6-ы КОКП тарихы сияқты саяси кітаптар мен брошюралар болатын. Қазір біз өзіміздің ұлтымызға шынымен керек дүниелерімізді аударып жатырмыз. Бұл тәуелсіздіктің арқасы. Алайда қарқынымыз тым баяу. Еңсемізді көтеріп кеткен шара Ұлттық аударма бюросы атқарған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы болды. Ол қаншама жаңа терминді қалыптастырды, ұғымдер енгізді. Тілдің біршама жандануына, ғылыми тілдің біраз көтерілуіне үлес қосты. Жеке кәсіпкерлер де аудармамен айналысуға тырысып жатыр, алайда жеткіліксіз деңгейде. Аударма өте үлкен қаржыны талап ететін сала. Сондықтан оған стратегиялық маңызы бар сала ретінде қарау қажет. Ал мемлекет үздіксіз және аямай қаржыландырып, тілге ғылым мен білімді әкелуге мұрындық болуы тиіс. Білім мен ғылымға кеткен қаржы ешқашан бос кетпейді және ол он есе көп пайда әкелетіні белгілі.

Ruh.kz: Мәнді де мағыналы әңгімеңіз үшін көп рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!