«Жомарт жүрек» байқауының Қызылорда қалалық жеңімпаздары анықталды

Қызылордада «Жомарт жүрек» байқауының қалалық кезеңінің қорытындысы жарияланды. 

Қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, елмен етене жүріп, мұқтаж жандарға көмек қолын созған дархан пейіл, кең жүректі қызылордалықтарды «Жомарт жүрек» байқауының қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов марапаттады.

Игілікті іс-шара Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды.

Жомарт жандар қаламыздың көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып қана қоймай, әлемді шарпыған пандемия кезінде де жомарттық пен елжандылықтың жоғарғы үлгісін көрсетті. Қолында барын халықтың игілігіне жұмсап, ізгі іске атсалысқан рухы биік жандарға қала тұрғындарының атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді әкімнің орынбасары.

«Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды.

Байқаудың «Жыл меценаты» номинациясы карантин уақытында да қайырлы ісін жалғастырған «Сыбаға» ЖШС директоры Ляйла Ризвановаға табысталса, «Туған өлке» номинациясымен ауылдың абаттануына ерекше үлес қосқан «Бақ-Береке-2030» ЖШС бас директоры, қалалық мәслихат депутаты Қайрат Ерназаров марапатталды. «Жыл тұлғасы» номинациясы жыл көлемінде қаланың әлеуметтік саласына тұрақты түрде қолдау көрсеткен «Абай» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Нұрсаитовқа, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Алдашбаевқа, «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясы «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетовке табысталды.