Теңдесі жоқ сәулет туындысы – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі - Орта Азия мен Қазақстандағы теңдесіз тарихи жәдігер. Бұл ғажайып ғимарат Әулиелердің Сұлтаны Құл Қожа Ахмет Яссауиге зор құрмет ретінде, оған деген халықтың шексіз сүйіспеншілігіне орай, Әмір Темірдің бұйрығымен 1397 жылы салына бастаған. Қ.А. Яссауи сәулет ғимараты айқын, дәл әрі үйлесімді жоспармен салынған.

Кесене – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс. Архитектуралық жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр.

Биіктігі 39 метрге жететін ғимарат бір бірімен түрлі дәліздер арқылы жалғасып жатқан 35 бөлме: көне жазба деректер сақталған кітапхана, "Қылует" жерасты мешіті, монша, жаңа туған сәбилерге тиісті діни жоралғылар орындалатын шілдехана бөлмелерінен тұрады.

кесене коридор.jpg

фото 2.jpg

Ахмет Яссауи кесенесінің Қазандығындағы негізгі жәдігер – алты ғасырлық тарихы бар қасиетті Тайқазан. Ол әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің тапсырысымен Түркістан қаласының маңында орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылған. Ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи жасаған екен. Қазан сыртындағы араптың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады.

1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты музей Эрмитажға, Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы 18 қыркүйекте ғана Түркістанға қайтарылды.

Тайқазан сирек кездесетін жеті асыл металлдың (мырыш, латын, қола, қорғасын, мыс, күміс, темір) қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі- 2,42 метр. Тұғырының биіктігі - 0,54 метр, диаметрі – 0,607м.

Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады.

кесене тайказан.jpg

Құдықхана мойындығында 16 терезесі бар, шағындау қос қабат күмбезді сопақшалау келген зал. Оған қазандық бөлмесінен Жолбарыс хан дәлізі арқылы өтуге болады. Мешіттің батыс жақ кабырғасына Меккедегі Қағба сияқтандырып 3,5x2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған.

кесене құдықхана.jpg

фото 6.jpg

XVI ғасырдан кесененің жекелеген бөлмелеріне әйгілі адамдардың сүйектері қойыла бастады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде және оның төңірегінде Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Әмір Темірдің шөбересі Бабыр хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б. белгілі адамдар жерленген.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесін әлемнің сезігінші кереметі деп тегін атамайды. Бұл сарайлар мен ғибадатханалардың кешені орта ғасыр сәулетінің жауһары, ол 2003 жылы маусымда ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген.