«Қыз Жібек» операсының премьерасы өтті

Қыз Жібек қойылымының жаңа нұсқасы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында қойылды. 

Премьера композитор Евгений Брусиловскийдің 115 жылдығына, қойылымның бірінші режиссері Құрманбек Жандарбеков пен басты партияны орындаушы Қанабек Байсейітовтің мерейтойларына орайластырылды.

Нағыз махаббат хикаясын көрермендер 86 жылдан бері үлкен сахнада тамашалап келе жатқанын атап өткен жөн. Бірақ бұл жолы режиссура мен сценографияда көрсетілген өзгешеліктерге байланысты опера жаңаша шырқалды.

«Бұл – аңызға айналған оқиға, өзіндік символы бар оқиға. Мұнда үш әлем бар, фотографиялық тұрғыдан сенімді адамдардың әлемі, аққу қыздардың әлемі, және қарақшылардың өзіндік әлемі, міне символизм осындай. Біз осындай картинаны көрсетуге тырыстық», - дейді спектакльдің қоюшы-режиссері Михаил Панджавидзе.

Музыканттар да туындының әсерлі болуы үшін барын салды, дирижер спектакльдегі эмоция мен сөз тіркестерін әуез тілімен жеткізуге ден қойды. Сондықтан музыкалық сүйемелдеу кейіпкердің тәжірибесімен үндесіп, көрерменді алабұртқан әртүрлі сезімге бөледі. Қыз Жібектің рөлін сомдаған Венера Алпысбаеваның алдында да күрделі міндет тұрды.

«Бірінші бөлімде Жібек – жас, өмірге құштар, қайғы мен қасіреттің не екенін білмейтін ерке қыз. Ол әкесінің қиыншылықты көрмей еркелеп өскен жалғыз қызы ғой. Ал 4-ші актіде Төлегеннің қайтыс болғаны туралы естіген, қайғы жамылған Жібек пайда болады. Сахнада Жібек қартаяды деп айтсам болады. Оның қартайған шағын, сахна үстінде өзгеруін көрсету қиындау болды», - дейді Венера Алпысбаева.

Жаңа қойылымның тағы бір ерекшелігі – операның ауызекі жанрында қойылуында. Сондай-ақ, сахнада би фрагменттерінің көптігінде.