«БАҚ-тағы сөз мәдениеті» онлайн кездесуі өтті

2020 жылғы 12 қараша күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «БАҚ-тағы сөз мәдениеті» деген тақырыпта онлайн кездесу өткізді. 

Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстардың жетекшілері, сала ардагерлері, белгілі журналистер мен блогерлер, тіл жанашырлары, сонымен қатар А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бір топ ғалымдары қатысты.

Комитет төрағасы бас қосудың мәні туралы былай деді: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа әліпбиіміздің жобасын ғалымдармен бірге толық зерделеп, Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды. Алда бәрімізді жаңа әліпбиді халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыс жүргізу міндеті күтіп тұр. Ал, сөйлеу мәнеріміз бен ойымызды ана тілімізде жеткізу де оңайға түсіп жатқан жоқ. Мұның тамыры тереңде жатыр. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде орыс тілді материалдарға басымдық беріліп, қазақ тілі соның көлеңкесінде қалды. Міне, осы кезде қазақшаға шалағай аударудың кесірінен орысшаның калькасы, орашолақ қайырымдар пайда болды. Бүгінгі жағдай да содан көп алысқа ұзап кете қойған жоқ. Шұрайлы тіліміз қазақы болмысынан ажырап, көз алдымызда қарабайырланып барады. Ұлттың тамырынан айырылып қала ма деп алаңдаймыз».

637813df-3471-4be1-8644-9b47afda2a16.jpg

Бұған жол ашып беріп отырған біраз себепті ашып көрсетті. Әділбек Күнесханұлының айтуынша, құжаттардың түпнұсқасын орыс тілінде дайындау үрдісі әлі жалғасып келеді. Шалажансар сөз тіркестерінің тірсектеп айналымнан қалмайтыны сондықтан.

Сенатор, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп қазіргі қазақ қауымына ана тіліміздің айналасындағы ауызды қу шөппен сүрткен «құрыды, бітті» деген сыңайдағы байбаламнан арылып, нақты іске көшу керек деп ой түйді. Бұл күндері қазақ тілі араласпайтын сала жоқ. Ал банкомат тетігі алдында тұрып, қазақ тілін таңдау – әркімнің азаматтық борышы. Дегенмен, сөз мағынасына мән бермейтін жағдайлар кездеседі. «Ал, оның себебі – кітап оқымауда, - деді сенатор. – Төрт жыл жоғары білім алып жүріп, кітапхананың қай жақта екенін білмей бара жатқан жоғары оқу орнының түлегін кездестірдім. Ондайлардан не күтуге болады?!».

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт отандық телевидение саласындағы мәнерлеп сөйлеудің эталонына айналған жұлдыздар шоғыры шыққан дикторлар мектебінің жойылуы қазақ тілінің әуездік қасиетіне кері әсер еткенін айтты. «Жығылғанға жұдырық», батыстан енген түрлі тұзы жеңіл жанрлар сахна тілін әлсіретіп жіберді. Қазір неғұрлым бейпіл сөйлесе, соғұрлым тез танымал болады.

Айтылған пікірлер арнайы қабылданған қарарда көрініс таппақ.