Елордада нәзік жандылардың құрметіне «Аққу көлі» балеті ұсынылмақ

Халықаралық әйелдер күні «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында П.Чайковскийдің әйгіліі «Аққу көлі» балеті сахналанады деп хабарлайды Ruh.kz порталы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ, 6 және 7 наурызда қала тұрғындары мен қонақтары әртістердің шеберлігі мен балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың хореографиялық редакциясындағы спектакльді бағалай алады.

"Барша музыкалық театрлардың сәніне айналған әрі академиялық хореографиялық өнердің жарқын символы болып табылатын балетті зор қуанышпен орындаймыз. Бұл спектакльдің мерекелік афишаның көркін қыздыра түсудегі тағы бір ерекшелігі – адалдық, сонымен қоса сатқындық пен зұлымдық, мәңгілік махаббат сынды түрлі сезімдер жайлы баяндайды, романтикалық көңіл-күй қалыптастырады. Мен басты партиялардың бірі – Зигфрид ханзаданы орындаймын. Жалпы алғанда, ерлер биі екпінді, жігерлі, шебер орындауға бағытталған, ал әйелдер биі туралы айтар болсақ, ол жеңілдік, әуелілік, тұрақсыздықты паш етеді. Қымбатты көрермендерімізге осындай қызықты хикаядан ләззат алуларын тілейміз", - деді «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев.

Алтынай Асылмұратованың жаңа хореографиялық редакциясындағы «Аққу көлі» балеті театр сахнасында 2018 жылдан бері қойылып келеді, ол елорда көрермендерінің ғана емес, 2017 жылы гастрольдік сапар аясында алғаш рет көрсетілген Маскат жұртшылығының да көңілінен орын алды. Бұдан бөлек, «Астана Опера» труппасы аталмыш спектакльмен Италия (Генуя) мен Испанияда (Валенсия) болып, балет сыншыларының жоғары бағасына ие болды.

«Астана Опера» симфониялық оркестріне наурыздың 6 және 8 күндері қоюшы дирижер Арман Оразғалиев, ал 7 наурызда – итальяндық маэстро Джузеппе Акуавива жетекшілік етеді. 

Спектакльдердің басталуы сағат 18:00-де.