«100 жаңа есім - 2021» жобасының ерекшеліктері

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев «100 жаңа есім - 2021» жобасының ерекшеліктерін атап өтті.

Кемелбек Ойшыбаев «Qazaq» радиосының «Басты тақырып» бағдарламасына қатысып, «100 жаңа есім» жобасының IV маусымындағы ерекшеліктер мен жоба жеңімпаздары қандай болуы керек екеніне тоқталды.

Оның айтуынша елімізде өзінің өндірісін бастаған, қандай да бір ғылыми жетістіктерге жеткен немесе іскерлігімен елге танылып, халық алғысына бөленген азаматтар «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары атануға әбден лайық.

Жобаның IV маусымы ел тәуелсіздігінің 30 жылында ерекше танылған жастарды насихаттауға арналмақ. Төртінші маусымның басты ерекшелігі де осы.

Сондай-ақ, өткен маусымдарда жеңімпаз атанған қазақстандықтар осы маусымда әділқазылар құрамында болады.

«Жеңімпаздардың әділқазылар қатарынан табылуы да бір ерекшелік. Бұл – жобаның дамып келе жатқанының дәлелі. Әділқазылар алқасының құрамында өткен маусым жеңімпазы, кардиохирург Бауыржан Рақыш, эколог Әсел Баймұқанова сынды азаматтар бар», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев.

Жобаның басты мақсаты – жақсы нәтиже көрсетіп, белгілі бір салада елеулі жетістіктерге жеткен қазақстандықтарды елге таныту.

Естеріңізге сала кетейік, жаһандық пандемияға байланысты 2020 жылы жоба өткізілмеген еді.

Сұлтан Мұстафин