Горганда «Қазақстан-Иран мәдени күні» өтті

Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Қазақстанның Ирандағы Елшілігі «Қазақстан – Иран мәдени күні» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырды деп хабарлайды Ruh.kz порталы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Горган қаласында өткен шараға Иранның Мәдени мұра, туризм және қолөнер жөніндегі министрі Алиаскар Мунесан, Гүлстан провинциясының губернаторы Хади Хакшенас, Парламент депутаты Гуламреза Монтезари, Қазақстан Елшісі Асхат Оразбай, бизнес өкілдері және жергілікті қазақ диаспорасының белсенділері қатысты.

Салтанатты шара аясында сөз сөйлеген Алиаскар Мунесан мен Қазақстан Елшісі Асхат Оразбай Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бергі 30 жыл ішінде түрлі салаларды, сондай-ақ Қазақстан мен Иранның екіжақты ынтымақтастығын дамытуда зор жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Ал Гүлстан провинциясының губернаторы Хади Хакшенас екі ел арасындағы өңіраралық сауда-экономикалық, мәдени, туристік, емдік туризм, зияраттық байланыстардың жақсы дамуда екеніне тоқталды. Гүлстан провинциясында қазақ халқының тарихи-мәдени ескерткіштері, яғни ақын әрі ғалым Сұлтан Үббі кесенесі (XII ғасыр, Сүлеймен Бақырғанидың үшінші ұлы), діни ұстаз әрі ғалым Шағұрбаттың мазары (XVIII ғасыр) және басқа қазақтарға қатысты қасиетті орындар зияраттық туризмді дамытуға жол ашады деп мәлімдеді. Провинция губернаторы көктемнің алғашқы күндері әрі екі елге ортақ Наурыз жаңа жыл мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған «Қазақстан – Иран мәдени күнін» алдағы уақытта тиісті тақырыптағы апталық ретінде жыл сайын алмакезек Маңғыстау облысы мен Гүлстан провинциясында өткізіп тұру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты Иран Мәдени мұра министрі құптады.

Іс-шараға қатысушылар Горган қаласының Орталық мәдениет үйінің залдарында ұйымдастырылған жергілікті қазақ диаспорасы қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдарына арналған көрмені аралап, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фото және бейне материалдармен танысты.