Елордалықтарды жаңа қойылымның премьерасына шақырады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Музыкалық жас көрермен театры бұл жолы өнер сүйер қауымның назарына «Дүние-Ғапыл» атты метафизикалық драманы ұсынбақ деп хабарлайды Ruh.kz порталы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Музыкалық жас көрермен театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Дүние-Ғапыл» қойылымы орыс драматургы Наталья Мошинаның «Свет» атты шығармасын қазақ тіліне аударып, өнер ордасының сахнасында көрсетпек. 

««Дүние-Ғапыл» қойылымы – барша адамзатқа ортақ тақырыпты сөз ететін, адам өмірінің маңыздылығын алға тартатын туынды. Өмірдің түрлі-түсті, қызылды-жасылды қызығы да, әбігерге түсіп сенделіп, сандалып өткен күйбең тіршілік те бұл тақырыптың қасында түк емес.

Қойылымның жанры – метафизикалық драма. Метафизика – барлық нәрсенің арғы жағында көрінетін және көрінбейтін шындық. «Метафизика» терминін ежелгі грек философы Аристотель алғаш қолданған. Сөзбе-сөз аударғанда, ол «физикадан кейін келетін» деген мағынаны білдіреді. Аристотельдің пайымдауынша, ол – барлық ғылымдар үшін міндетті нәрселердің өзгермейтін және сезім мүшелерімен емес, оймен ғана жеткізуге болатын ең жоғарғы бастамаларын зерттейді.

«Дүние-Ғапыл» метафизикалық драмасының көрерменге айтары көп, берері мол екені сөзсіз. Себебі, уақыттың қадірі, адамдық пен адалдықтың жолы, әр әрекеттің жауабы, әр амалдың сауабы сынды адамның ішкі дүниесіндегі маңызды мәдени, рухани құндылықтарға ден қоюға, оларды жүгендеп, игеруге итермелейді», - делінген хабарламада.

Спектакльдегі негізгі рөлдерді Аян Өтепберген, Абзал Арапов, Асқар Жұмабеков, Оразалы Игілік, Ерназар Жаңатілек,  Самал Еслямова, Ләйлә Темірхан, Асылхан Төлепов пен Дінислам Нұрмағанбетов сомдайды. Бас хормейстер – Әлихан Ыдырысов.

«Дүние-Ғапыл» драмасын елордалық көрермен 12, 13, 14 наурызда сағат 19:00-де тамашалай алады.