Орайлы сөз орнын табар

Қазір қалай сөйлеп жүрміз? Осы тұрғыдан алғанда ана тілімізге деген құрметіміз қандай деңгейде? Кеңестік кезеңде де осы мәселе кеңінен көтерілген екен. «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1981 жылғы наурыз айындағы 3-ші нөмірінде атақты ғалым академик Рәбиға Сыздықованың «Орайлы сөз орнын табар» деген мақаласы шыққан екен. Ондағы көтерілген тіл тазалығы туралы ойларды оқығанда дәл біздің қазіргі кезеңге арналып айтылған ба дерсіз. Төменде мақаланың қысқартылған нұсқасын ұсынамыз.

Тіл – өмірдің өзі сияқты күнделікті құбылыс және барша жанға ортақ дүние. Оны пайдаланудағы дұрыстық, мәдениеттілік — қазіргі адамдардың жақсы сипаттарының бірі болмақ. Тіл, сөйлеу мәдениеті дегенге көп әңгіме саяды: айтпақ ойдың мазмұнды, түсінікті болуы, сөздерді орынды таңдай білу, басы артық немесе «паразит» элементтерді қоспай сөйлеу, «жүрекке жылы, құлаққа жұмсақ» тиетін етіп сыпайы сөйлеу, мақал-мәтелдерді дұрыс жұмсау, ғасырлар мұрасы — фразеологизмдерді, яғни бейнелі тұрақты тіркестерді қолдана білу сияқты қыруар мәселе тіл мәдениетіне жатады. Сөздерді ауызша дұрыс айта білу де, яғни сөйлеу үстінде сөздерді бір-бірімен үндестіріп, қазақ тілінің табиғи дыбыстық заңдылықтарын сақтап айту да сөйлеу мәдениетіне қойылатын басты шарттардың бірі.

Журналымыздың бетінде осылардың барлығы жайында да азды-көпті сөз болып келеді. М. Балақаев пен Н. Уәлиевтің «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген мақаласында (1980, № 3) сөйлеу этикеті жақсы сөз болады. Ізеттілік, сыпайылық — мәдениетті адамның белгісі. Бұл қасиет ең алдымен адамның қылығынан, содан соң тілінен байқалады. Одыр, анайы сөйлейтін кісі мәдениеттілердің қатарынан саналмаса керек. Ал ізетті сөйлеу қаратпа сөздерді таңдауда да (Жәке, Әлеке, Дүйсенжан, Майраш апай, жеңгей), тілек білдіруде (жолыңыз болсын, бағар көбейсін, тағам тәтті болсын), құттықтау сөздерде де (баланың бауы берік болсын, диплом құтты болсын), қадірлі есімдерді эпитеттермен атауда да (ұлы Абай, жыр алыбы Жамбыл, академик Сәтбаев) т. б. көптеген сәттерде байқалады.

Мақала авторлары «келуіңізбен», «пенсияға шығуыңызбен», «дипломмен» деген сияқты «копия» құттықтауларды орынды сынайды. Бірін-бірі құрметтеп, сыпайылық көрсетуді білмейтін, тілдерінде сол ізеттілікті білдіретін үлгілері жоқ халықтар болмайтын шығар. Оның ішінде қазақ сияқты сөз қадірін жақсы білген, тілді өнер алды деп түсінген, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деп, сөзге жығыла білген халықта сөз этикетінің не бір модельдері бар. Жоғарыда аталғандардан басқа тағы да бірнеше үлгілерді көрсетуге болады. Мысалы, біреуден бір нәрсені ізетті түрде сұрағымыз келсе, дүрс еткізіп, «бер» дей салмай, тіпті одан сыпайылау «беріңіз» демей, «берсеңіз», «берсеңіз екен» десек, тәрбиелілікті танытамыз. Сол сияқты, жасы үлкен, аса қадір тұтатын адамға сен деп сөйлемейміз, сыпайы түрде «сіз» дейміз, ал сөйлеу үстінде ретіне қарай «өзіңіз» деп сөйлесек, одан да гөрі сыпайырақ болып шығады.

Белгілі бір ғылыми немесе өзге де еңбек жазған немесе топ алдында сөйлеген адамның өзі жайында «мен» демей, «біз» деп атауы бір өзін «мыңға балауы» емес, сыпайы сөйлеудің бір тәсілі. Қысқасы, ғалымдар әдейі зерттеп, жүйелеп тізіп берсе, сөз, сөйлеу этикетінің бұл тәрізді анайы, сыпайы болып келетін қарама-қарсы үлгі-тәсілдері қазақ тілінде аз емес. Тілді нағыз қадір тұтатын адамдар тіпті бұлардың «теориясын» білмей-ақ, интуитивті түрде, яғни «іштей» ізеттілік көрсете сыпайы сөйлейді. Осыған әсіресе жастарды алтын бесік — семья ұясынан бастап, мектепте, тіпті жоғары оқу орындарында үйрете беру — үлкендердің борышы болса, «құйма құлақ» болып «құйып алу» — жастардың парызы. Қайталап айталық, сыпайы сөйлеуге оның ғылыми ережелерін таныту арқылы үйретуден гөрі, үлкендердің үлгі көрсетуі арқылы баулу әлдеқайда әсерлі де нәтижелі болмақ. Сондықтан әке-шеше, ұстаз, мұғалім, аға, апа, қызметтестер болып ең алдымен үлкендер — өзіміз «сөздерімізге қарауыл қойып» орынды, сыпайы, дұрыс сөйлеуді, сөз қадірін түсірмеуді, қысқасы, жас жеткіншектерді тілге де тәрбиелеуді адамдық, азаматтық міндетіміз деп санасақ.

Жасыратыны жоқ, бізде тәрбиенің дәл осы түріне күні бүгінге дейін айтарлықтай мән берілмей келеді. «Баланың тілі шықты, әрі қарай сөйлеп кетпегенде қайтеді» деп тоғышарлық «тұжырым» түйетіндеріміз де жоқ емес, немесе мектепте «қазақ тілі» деген сабағы бар емес пе, дұрыс сөйлеуге сол үйретеді» деп бойымызды аулаққа салудан да қашпаймыз. Ал тілді адам тек мектепте емес, барлық жерден үйренеді, ең алдымен семьяда «ауызданады», сыртқы көзге көріне бермейтін тіл сыпайылығы, сөзді қадірлеу сияқтыларды адам өз ортасынан үйренеді, өмір бойы үйренеді. Осыны ұмытпасақ. Бұл жайында мектеп мұғалімі, тарихшы Орынша Қарабалина «Тілдегі орашолақтық» деген мақаласында (1980, № 4) нақтылы дәлелдермен өте орынды айтқан.

Жоғары кластарда оқып жүрген балалардың Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «өз ойын тарқатып берер тіл құдіреті» жоқтығы былай тұрсын, «қара дүрсінінің» де жоқтығы — тек тілдегі орашолақтық емес, тәрбие ісіміздегі кешірілмес кемшілігіміз байбалам салар бейғамдығымыз, орны толмас өкінішіміз. Мақала авторы дұрыс айтқандай, тіл ұстартуға тек қазақ тілі пәнінің мұғалімі емес, барлық пән оқытушылары, яғни түгел мектеп болып, ата-ана, аға-апа дегендей тұтас семья болып, жоғары оқу орындары, әсіресе педагогикалық институттар болып түгел жұмылу керек.

Қазақ тілі — бүгінгі таңда сөз байлығы әбден молайған, грамматика жүйесі нормаланған, жазу ережелері біршама орныққан, әр алуан стильдік тарамдары жіктелген, халыққа ауызша да, жазбаша да түрде кеңінен қызмет ететін, республиканың барлық өлкесіне ортақ, ұлттық, жазба, әдеби деген сипаттарға ие, алты миллионнан астам адам сөйлейтін үлкен тілдердің бірі.

Тіл, сөз, сөйлеу туралы мақал-мәтелдерге назар аударсақ, қазақ халқы тілді ең құдыретті күштердің бірі, адам баласының ең бір қасиетті сипаты деп танығандығын мақала авторы тап басып, дәл айтқан. Сол арқылы оқырман қауымның намысын ұштап, мәдениеттілікке шақырады, тіл қадірін арттыруға үндейді. Сонымен қатар бұл мақалада автор және бір ой тастайды. Ол халық қазынасы, ата-бабадан сақталып келе жатқан асыл мұра мақал- мәтелдердің өзін бүлдірмей, кәдемізге дұрыс жаратуды ескертеді. Оның себебі бар. Бүгінгі таңда мақал-мәтелдердің өзін «басын жарып, көзін шығарып» дегендей бұзып, немесе қисынсыз жерде келтіріп орынсыз пайдалану, я болмаса қолдан жасалған, «жаңа» мақалдарды тоғыту сияқтылар байқалады. Әсіресе, мақал пішіндес сөз үлгілері көптеп пайда болуда. Бұл, әрине, жазғырарлық құбылыс емес, бірақ ұйқастырылған «ақылды» сөздердің бәрі мақал мен мәтел болып, халық қазынасына айнала бермейтінін аңғару қажет (кейбір газет-журналдар мұндай «жаңа туған» мақал-мәтелдерді «нақыл сөздер», «нақылға жақын сөздер» деген рубрикамен жариялап жүр).

Сөз соңында айтарымыз, тіл мәдениетіне көпшілік қауымды, әсіресе жастарды саналы, жүйелі түрде үздіксіз тәрбиелеу— бүгінгі өмір талабынан туып отырған, қоғамымыздың рухани дүниесінің, жалпы мәдениетінің даму заңдылықтарына орай жүргізілетін, шағын бір ғана тілші-ғалымдар немесе мектептегі тіл мұғалімдері ғана емес, барша жұртшылық болып назар аударып, қолға алатын шаруа екенін қайталап ескертеміз. 

Бұл мәселеге көпшілік қауымның да, ата-аналар мен мұғалімдердің де ат салысуларын қалаймыз. Олар пікірлерін тек осы журналдың бетінде ғана емес, өзге де баспасөз беттерінде, өз коллективтерінде айтып отырса. Әсіресе, жастарды әдеби тіл дәстүріне тәрбиелеу жайындағы ойлары мен тәжірибелерін ұстаздар қауымы баспасөз бетінде ортаға салса немесе Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтымен байланыс жасаса (адресі: Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29-үй, Тіл білімі институты). Өйткені бұл институтта қазақ тілі мәдениеті арнайы зерттелуде. Осындай жұмыла кіріскен күнде ғана жан-жақты жетілген, білімді, мәдениетті қоғам мүшелерін тәрбиелеу ісіміздегі баяулап келе жатқан саланы одан әрі жандандыра түсуге болады.