Шахматшы Аида

Халқымыздан шыққан көптеген спорт саңлақтары бар. Солардың бірі шахматтан КСРО спорт шебері атанған Аида Мүсілімова. 

КСРО халықтары спартакидасының жүлдегері және Қазақстанның 10 дүркін чемпионы атанған ол кейіннен жаттықтырушылық қызметпен айналысқан. Филиппин астанасы Манилада өткен 1992 жылы Әйелдер арасындағы олимпиадада Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып, әлемдік додада біздің спортшылар сегізінші орынмен ондыққа енді. 1939 жылы дүниеге келген ол қазір жасы сексеннен асса да шахмат спортының майталманы ретінде әлі күнге дейін еліміздің осы саладағы жаңалықтарына елеңдеп отырады. «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1959 жылғы ақпан айында жарық көрген Бекділда Абдуллиннің «Шахматшы Аида» деген мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

- Құлыным-ау, түннің бір уағы болды, жатып дем алсайшы.

- Қазір, апа, қазір...

- Жынды адамдай жалғыз өзің отырып ойнайтының қалай осы? Қанша уақытың бос кетті. Онан да кітап оқып, сабаққа даярлансаң қайтеді...

Қамқоршы ана қызының көз шырымын алмай, сарылып отырғанына іштей ренжіп, көп уақытка дейін ұйқтай алмады. Аида жастайынан-ақ шахматқа тым әуес еді. Үй ішінде шахмат ойнап жатқан адамдар болса, тұлым шашы желбіреп жетіп баратын. Өз әкесімен «сайысқа» түсетін. Ұтылып қалса, намыстанып жылайтын. Көбінесе ақкөңіл әкесі оны ренжітпей «ұтыла» салатын.

Аида кейінірек шахматқа ерекше зейін қойды. Қаладағы пионер үйіне барып, ондағы жасөспірім шахматшылар үйірмесінің белсенді мүшелерінің бірі болды. Сөйтіп жүріп мектеп жанындағы, пионер үйіндегі болған жарыстарға қатысты. Бірде ұтса, бірде ұтылып жүрді. Бірақ ұтқанынан ұтылған ойыны ерекше ой салды оған.

Бірнеше жарыстардан соң Аида өзінің шахмат теориясы жағынан әлсіз екенін аңғарды. Ол ерінбей-жалықпай шахмат теориясына үңіле түсті. Шахматшыларға арналған кітаптарды және «Советский спорт» газеті мен «Физкультура и спорт» журналдарын үзбей оқиды. СССР шахмат чемпионаттарында ойналған партияларға талдау жасады. Бұлар қыздың ойын тереңдете түсті. Шахматтың әрқилы әдіс-айлаларын үйренген сайын, су түбінен маржан тапқандай қуана берді жас қыз. Шеберлігін арттыра түсті.

Міне, жас Аида алғаш рет Одақ көлеміндегі үлкен жарысқа қатысқалы отыр. 9-класс оқушысына республика намысын қорғау жүктелді. Ленинградқа жүрер алдында Аиданың шахмат жөніндегі тренері келіп:

- Аида, шахматты ойнай білумен қатар ұстамдылық пен сабырлылық, тапқырлық пен батылдық сияқты ерекше қасиет керек. Бұларды естен шығарма, - деді.

Жасөспірімдердің осы бір жарысында Аида Мүсілімова Одақ көлемінде үшінші орынға ие болды. Бұл мұндай үлкен жарысқа қатысқан қазақ қызы үшін зор табыс еді.

Аиданың шахматпен айналысуы сабағына кедергі болған жоқ. Ол сабақты да жақсы оқып, мектепте қоғам жұмыстарына да белсене қатысып жүрді. Оныншы класты ойдағыдай бітіріп, 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің биология факультетіне түсті.

Көктемде жапырақ жайған жас ағаштай Аиданың шахмат ойыны жөніндегі ой-өрісі қанат жая бастады. Әрбір жарыс өткен сайын оның шахматқа деген сүйіспеншілігі арта берді. 1957 жылы ең күшті шахматшылар қатысқан астананың әйелдөр арасындағы шахмат чемпионатында Аида Алматы қаласының чемпионы деген құрметті атақты жеңіп алды.

Өткен жылдың май айы. Алматыда республиканың X шахмат чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстанның ең күшті шахматшы әйелдері қатысуда. Чемпионатқа дүние жүзіне әйгілі, Одақтың ең күшті шахматшыларының бірі, Халықаралық шахмат мастері Лариса Вольперт те қатысты.

Жарыс өткізіліп жатқан кең залдың іші халыққа лық толы. Ойынды көруге келген шахмат әуесқойлары қанша көп болса да, зал ішінде ұшқан шыбынның ызыңы білінгендей. Miнe, Аида өзінің ой өрісін, әдіс-айласын өзімен қарсы ойнаған адаммен таразыға салып, аңдысып отыр. Қалайда жеңіске жету керек. Бірақ қарсы жақта оңай беріле қояр ма екен. Ол да жеңілемін деп отырған жоқ.

Төмен қарап отырған талдырмаш аққұба қыздың осындай ішкі ой дүниесін көруші жұртшылық тек жүрген жүрісінен ғана аңғарған сияқты. Ол өзінің бұлтартпайтын комбинацияларымен қарсы жақты тықсыра бастады. Шебер қорғана отырып, күшті шабуылға шықты. Соққы үстіне соққы бере отырып, әрбір жүрісін нысанаға дәл тигізді. Қарсы жақ қанша қорғағанмен мұршасын келтірмеді. Оны қол көтеруге мәжбүр етті.

Жиналған шахмат әуесқойлары да, жарысқа қатысқан күшті шахматшылардың өздері де шыбықтай талдырмаш қыздың табысына бас иді.

Бірақ алда ең қауіпті кездесу бар. Енді Лариса Вольпертпен ойнау керек. Бұл күні жиналған жұрттың назары да осыларда болды. Мұның өзі түсінікті де еді. Лариса Вольперт болса шахмат жөніндегі халықаралық мастер. Ол талай рет дүниежүзілік шахмат жарыстарына қатысқан. Осындай күшті шахматшымен кездесу жас Аида үшін оңай емес. Шахмат әуесқойлары енді осыдан ұтылатын шығар деп ойлады. Бірақ шахматшы қыз бұл кездесуде тамаша шеберлік көрсетті, ойынды тең аяқтады. Сөйтіп Аида чемпионатқа қатысқан әйелдердің біреуінен ғана ұтылып, медицина институтының үшінші курс студенткасы Инна Попрукайло екеуі тең түсті.

Чемпионат аяқталғанмен республика чемпионының кім екені белгісіз болып қалды. Бірінші және екінші орынды бөліскен Аида Мүсілімова мен Инна Попрукайло төрт партия ойнау керек.

Жақында болып өткен бұл жарыста Аида Мүсілімова өзінің талантты шахматшы екенін тағы да көрсетіп, 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп ол Қазақстанның 1958 жылғы шахмат чемпионы деген атаққа ие болды.

- Бұл жеңістер оңайшылықпен келген жоқ, - дейді Аида.

Расында да, солай еді. Аида шахмат стратегиясы мен тактикасын үйрену үшін көп еңбек етті. Әлемге белгілі Ботвинниктің, Смысловтың және басқа гроссмейстерлердің шахмат теорияларын оқыды. Мұнымен қанағаттанбаған жас қыз дүние жүзінің бұрынғы чемпиондары Эйбаның және орыстың атақты шахматшылары Чигориннің, Алехиннің партияларына талдау жасады.

Аида әлі жас. Талай-талай тамашалар күтіп тұр алда.