Қонаққа барсаң кешікпе

Қонаққа шақыру мен қонаққа бару Қазақ халқының тұрмысындағы аса бір маңызды рөл ойнайтын салт-дәстүрдің бірі. Қазір былтырдан бергі карантиндегі шектеу шараларынан кейін той-томалақ азайды дегенімізбен, бір-бірімізді қонақ ету сол бұрынғы қалпында деуге болады.

Қонаққа барудың да өз әдебі бар дегендей, қазір қайсымыз болсақ та шақырған жерге кешікпей баратынымыз кемде кем шығар. Бұдан 40 жыл бұрын жазылып, 1981 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының ақпандағы нөміріне шыққан «Қонаққа барсаң кешікпе» атты мақалада автор ұстаз Нақан Қыздарбекова өзінің келелі ойымен бөліскен екен.

Әр номерін асыға күтетін сүйікті журналымыздың өткен жылғы 8-санындағы Ж. Рамазановтың, «Адамға жарасады әдептілік» деген мақаласын зор ымтамен оқып шықтым. Мұнда адамның өзін-өзі ұстау және этикасы жайында көңілге қонымды пікір айтылған. Қонаққа шақырылғандардың белгіленген уақытында келуі, жұртты күттіріп қоймауы да әдептілік дер едім. Жасыратыны жоқ, ауылымызда сағат жетіге не сегізге қонаққа шақырылғандардың бірқатары көп кешігіп келеді, соның нәтижесінде отырысты сағат онда, не он бірде бастау жиі кездеседі. Кешіккендер жасы үлкен, не қызметі жоғары болса кеш басталмай, солардың келуін күтеді. Сонда кешікпей келгендердің босқа кеткен есіл уақытымен ешкім санаспайды. Өз басым мұны дұрыс деп санай алмаймын, әрі бұл үй иесін сыйламаушылық, оның көңілін аяламау емес пе?

Меймандар дастархан басына жайғасарда кейбіреулер жасына қарамай, басшыларға жанамалай отыруға тырысып, баса-көктеп төрге өрлейді, мұны да мәдениеттілік дей алмаймыз. Қонақтар жасына, қызметіне, қоғамға сіңіріп жүрген еңбегіне қарай іріктеліп орналастырылғаны жөн. Ерлі-зайыптылардың қатар, бірге отырғаны жақсы. Кей жерлерде ер адамдар бірыңғай, ал әйелдер жеке жайғасады. Бірде той бастаушы ерлі-зайыптылардың бірге отырғаны жарасымды екенін ескерткенде, замандастарымыздың бірі: «немене, күнде де, түнде де бірге жүрміз ғой, отыра берсін жеке» дегені бар. Бұл сөздің ыңғайсыздығы сондай, өз жұбайын менсінбеу, не сыйламау сияқты көрінді. Ол азамат осы бір ойланбаған сөзімен әйелінің көңілін аямағанын сезбеді-ау, шіркін. Бір жағынан, көпшілікке өзінің мәдениетсіздігін де танытты.

Дастархан басындағы әңгіме де жарасымды, қызықты, көпшілікке қатысты болғаны жақсы. Бірін-бірі кекетіп, қағытып, егесіп отыру нағыз әдепсіздік. Әсіресе, адамның бір кемістігін күлкі етіп, қалжыңға арқау ету де ыңғайсыз. Одан гөрі жұрттың көңілін көтеретін, тәрбиелік мәні зор, қызықты әңгіме, сөздер жиынның ажарын аша түседі. Өзіміз куәсі болған бір тойда ата-бабаларын қазып, қалжыңдап отырған екі жігіттің төбелесіп калғаны бар. Сонда жігіттің бірі: «әкеңнің басына там тұрғызбай белгісіз қалыпты ғой», - деп мұқатқан екен. Осы сөздің сол кешке қандай қатысы бар, әріптесінің намысына тиюден қандай ләззат алды екен?

Тойдың, кештің ажары ән, күй, би, әдемі әзіл, қызықты әңгіме, жыр екені белгілі. Қонақасын да уақытысымен беру келушілердің көңіл-күйіне жақсы әсер етеді. Ыстық тағам етті түнгі сағат 2-3-те берудің ешбір мәні жоқ. Шаршап, ұйқылы-ояу отырған жұртқа ас бата ма? Мұның аты халқымыздың ұлттық асын қадірлемеу, жұрттың денсаулығымен санаспау демеске лаж қайсы? Ішімдік жайында да жоғарыда аталған мақала авторының пікірін әбден қолдаймыз. Оны бәсекелесіп ішу, қасыңдағыларды іш деп қинау, сол мақсатпен, өлердегі сөзін айту дұрыс емес. Әркімнің ішімдікке деген кезқарасы, тәбеті, денсаулығының күйі әртүрлі. Өзі тойып алып, басқамен санасу жаман әдет. Айта берсе ой көп, адамдық, адамгершілік қасиеттің бәрі де осы әдептіліктен басталады. Парасатты, тәрбиелі жандар қашан да өз ісінен өзі қорытынды шығарып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, жинақы жүреді.