Волонтерлікке және қайырымдылыққа қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулер талқыланды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде волонтерлік қызмет және қайырымдылық мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жалғасуда деп хабарлайды Ruh.kz порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар, мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті онлайн-отырысын өткізді.

Отырыс барысында қайырымдылық және волонтерлік қызметті ынталандыру шараларын енгізуге қатысты заңнамаға ұсынылған түзетулер талқыланды. Атап айтқанда, волонтерлердің, қайырымдылық жасаушылардың оқуға, азаматтық және мемлекеттік қызметке түсу кезінде артықшылық алу, зейнеткерлікке шығу кезінде волонтерлік өтілін есепке алу бөлігінде құқықтарын кеңейту. Сондай-ақ, ынталандыру шаралары ретінде қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға мемлекеттік мүлікті жеңілдікпен беру мүмкіндігі қарастырылады.

Бұдан басқа, заң жобасы корпоративтік волонтерлік және қайырымдылық, электрондық қайырымдылық ұғымдарын айқындайды. Заң жобасы волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарының құқықтары мен міндеттерін кеңейтуді көздейді.

Қайырымдылық көмекті жүйелендіру және оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін қайырымдылық ұйымдарының тізілімін енгізу көзделеді.

Сонымен қатар, кездесу барысында жұмыс тобы заң жобасына қатысты бірқатар басқа мәселелерді талқылады. Келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, заң жобасын пысықтау ұсынылды.