Түркістанда теңдесі жоқ «Farab» кітапханасы ашылады

Жаңа кітапхана өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес көпфункционалды білім кешені болып жасақталуда деп хабарлайды Ruh.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына айналмақ. Аймақ басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Бұл орталық білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналары сөзсіз. Ол үшін барлық жағдай жасалады»,- деді Өмірзақ Шөкеев

Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана орналасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлері және әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда. Екінші қабатта алуан түрлі студиялар, шеберханалар мен қолөнер дүкендері тұр. Бұл жерде кез-келген оқырман үшін кітаптан шабыттанған дүниелерді өз қолымен жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады.

Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады.

Мұнда сондай-ақ, дыбыс жазу студиясы орналасқан. Орталықта би ұжымымен бірге өз қойылымын ойлап тауып, оны осында орналасқан кино-концерт залында көрсетуге немесе атриумда таныстыруға болады.

Бұдан бөлек, кітапхана ғимаратында жаңа туындылардың тұсауын кесуге арналған жаңа үлгідегі шығармашылық залы, кәдесыйлар дүкені және кездесулерге арналған жайлы кофехана бар. Мұнда басқосу студиясы-коворкинг, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Кітапханада 3D модельдерін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Балалар залында оқудан басқа робототехника бойынша сабақтар өтеді.

Ғылыми-зерттеу тұрғысынан кітапхананың мақсаты – барлық құжаттарды, куәліктерді және басқа да маңызды материалдарды бір жерге жинау. Осыған дейін мұның бәрі әр жерде сақталып келген.

Заманауи білім орталығының жұмысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Қолға алынған жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.