Елордада жаңа ансамбль өнер көрсетеді

8 сәуірде сағат 19:00-де «Астана Опера» Камералық залында  жаңа Astana Percussion соқпалы аспаптар ансамблінің алғашқы концерті өтеді деп хабарлайды Ruh.kz порталы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Astana Percussion деген атауы бар жас шығармашылық ұжым елордалық жұртшылық алдына алғаш рет шыққалы отыр, сондықтан концерт бағдарламасы егжей-тегжейлі ойластырылған. Ал Бауыржан Мақаевтың «Самғау» туындысының премьерасы афишаның ажарын аша түспек.

«Бағдарламаны көпшілік көрерменнің қалауына қарай іріктедік, халықтың басым бөлігіне ұнайтын шығармаларды таңдап алуға тырыстық. Алайда қазақ шығармаларына басымдық бердік, классика, джаз нөмірлерін қостық, осының бәрін қарқынды попурри форматына келтірілген ұлттық композицияларымызбен қорытындыладық. Бауыржан Мақаев өзінің төл туындысы «Самғау» күйін домбырада соқпалы аспаптардың сүйемелдеуімен орындайды», - дейді  Astana Percussion ансамблінің көркемдік жетекшісі Ерболат Тәшкенбаев.   

Осылайша, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері», М.Монтано / Коттың Static medley!, Әсет Әбілдиннің аспаптық өңдеуінде Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Н.Тілендиевтің «Ата толғау», К.Кудрявцевтің соқпалы аспаптарға арналған «Увертюра» мен Iron Butterfly шығармалары ұсынылмақ.

Ерболат Тәшкенбаевтың айтуына қарағанда, жаңа жоба локдаун пандемия кезінде қолға алынған.

«Ансамбль атауының түп-тамыры ағылшынның percussion сөзінен бастау алады, ол «соқпалы аспаптар» мағынасын береді. Театрдың іргетасы қаланғалы осы ансамбльді құру ойымызда болатын. Симфониялық оркестрімізде тамаша музыканттар, оның ішінде аса кәсіпқой дабылшылар бар. Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты өзін-өзі кемелдендіру үшін үнемі уақыт табыла бермейтін, тек локдаун кезінде аталмыш жобаны қолға алуға бос уақытымыз пайда болған сәтте шығармашылық асқақтауымызға мүмкіндік туды. Қазақстанда соқпалы аспаптарға арналған концерттік бағдарламаларды жеке орындау айтарлықтай жетілдірілмеген. Сондықтан Astana Percussion ұжымының басты мақсаты – соқпалы музыканы насихаттау, дәріптеу», - деді ұжымның көркемдік жетекшісі.  

Айта кетейік, Astana Percussion ансамблінің құрамында өздерін кәсіби мамандар ретінде танытқан муыканттар, көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары – Ерболат Тәшкенбаев (ансамбльдің көркемдік жетекшісі), Мақсат Сүлейменов, Нұрхан Набрешов, Болат Тұрабеков, Ахат Тәшкенбаев, Қабдол Шаншарбаев, Жасболат Тәшкенбаев, Жасұлан Қабимолла өнер көресетеді.