Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

Берік Уәлидің мәлімдеуінше, Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ.

«Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді.

Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырды. Бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы.

Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.