«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыланды

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының бастамасымен Өңірлік жобалық кеңселердің өкілдері арасында онлайн-кездесу ұйымдастырылып, бағдарламаны жүзеге асыру барысы, халықпен байланыс орнатудың сапасын арттыру тақырыптарына арналған  тренинг өткізілді.

Өңірлік жобалалық кеңселердің басшыларымен кездесу барысында «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру және іске асырылып жатқан арнайы жобалар бойынша кері байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.

«Бағдарламаның стратегиялық мақсаты – халықты «Рухани жаңғыру» төңірегіне біріктіру. Сондықтан, бағдарламаның барлық көрнекті өкілдерін мүмкіндігінше тарту маңызды. Яғни, идеологиялық жұмысты барлық деңгейде сапалы әрі жүйелі түрде жүргізу қажет», - деді Аманбек Төлепбергенов.

Іс-шараға қатысушылар халық арасында ақпараттық және коммуникациялық жұмысты жүргізудің үздік тәжірибелерімен танысты. Тренинг барысында «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Боқанова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің басты идеологиялық тұжырымдамасы екендігін және қазақстандықтардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізі бола алатындығын атап өтті.

Орталық басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру сапасын бағалаудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді. Тренинг қорытындысы бойынша өңірлік жобалық кеңселердің қызметкерлерімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың өзекті мәселелері бойынша пікірталас өтті.