«Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттары оқу процессіне енгізілмек

Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың шәкірттері, мектеп оқушылары, техникалық және кәсіби білім беретін ұйымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттарына негізделген арнайы бағдарлама бойынша тәлім алатын болады деп хабарлайды Ruh.kz порталы.

Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының мұрындық болуымен Өңірлік жобалық кеңселердің өкілдері арасында онлайн-кездесу ұйымдастырылып, бағдарламаны жүзеге асырудың барысы,  халықпен байланыс орнатудың сапасын арттыру мәселелеріне арналған тренинг өткізілді.

Шара аясында институт жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова келешекте Қазақстандағы білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасына енгізілетін жаңашылдықтар туралы айтып берді. Ол «Рухани жаңғыру бағдарламасының» әр қағидаты әр қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналуы керектігін алға тартады.

««Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек философиялық, мәдениеттанымдық, әлеуметтік қана емес, сондай-ақ, идеологиялық құжат. Жаңа оқу жылында  қанатқақты жоба ретінде біз білім беру процессіне өзгерістер енгізгелі отырмыз. Мектеп оқушылары, мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың шәкірттері, техникалық және кәсіби білім беретін ұйымдар мен жоғары оқу орындарының І курс студенттеріне білім беру барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттары ескерілетін болады. Осылайша біз оқушыларды Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның принциптеріне баулимыз. Өйткені «Рухани жаңғыру» бағдарламасының әр қағидаты әр азаматтың өмірлік принципіне айналуы қажет», - деді Жанар Боқанова.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» орталығы басшысының айтуына қарағанда, алдағы оқу жылында еліміздің барлық өңірлерінде мектеп оқушылары арасында пайда болатын арнайы топтарды лонгитюдті зерттеуге алу жоспарланып отыр.

«Біз әлеуметтік зерттеу жүргізгенде лонгитюдті әдісті қолдануды жөн көріп отырмыз. Аты айтып тұрғандай, мұндай әдіс он жылды немесе одан да ұзақ мерзімді қамтиды. Мәселен, біздің жоспарымызға сәйкес, осы жылдың қыркүйегінен бастап  барлық өңірлерде бірінші сынып оқушылары арасында арнайы топтарды құрып, лонгитюдті зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастамақпыз. Құрылатын топтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша арнайы курстан өтетін болады. Сабақтар барысында түрлі танымдық, зияткерлік ойындар, квесттер, түрлі тапсырмалар ұйымдастырылады. Ал төртінші тоқсанда балалардың бағдарлама принциптерін қаншалықты меңгергенін тексереміз», - дейді ол.  

Жанар Боқанованың айтуынша, зерттеуге алынған оқушылардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының принциптерін қаншалықты меңгергендігіне қатысты көрсеткіштер әр үш жыл сайын белгіленіп отырады. Бұл өз кезегінде  сарапшыларға қоғамдық сананың қалай өзгергенін бақылауға мүмкіндік бермек.

«Бірінші сыныптың төртінші тоқсанынан кейін біз көрсеткіштерді, төртінші, жетінші және он бірінші сыныптың соңында жазып аламыз. Жыл сайын оқу бағдарламасы күрделене түсетіндіктен, тапсырмалар беру барысында оқушылардың жасын, психологиялық ерекшеліктерін ескереміз. Дәлірек айтқанда, біз бұл топтардағы оқушылардың санасы қалай өзгергенін әр үш жыл сайын бақылап тұрамыз. Осылайша біз Елбасы өз бағдарламасында ұсынған қағидаттарды есепке ала отырып, қоғамдық сананың қаншалықты өзгергенін бақылай аламыз», - деді «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова.