«Рухани жаңғыру»: демеушілер қаражатына 7000 нысан салынып, қайта жөндеуден өткізілді

4 жыл ішінде бағдарлама аясында 123 мың іс-шара өткізілді деп хабарлайды Ruh.kz порталы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда бағдарламаның алты бағыты бойынша 17 арнайы жоба іске асырылуда, өңірлік жобалық кеңселердің жұмысы жандандырылды, талдамалық және әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ететін Қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды.

Бағдарламаның «Тұлғалық даму», «Ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру», «Мемлекетті, азаматтық қоғамды және жергілікті қоғамдастықты дамыту» сияқты 3 негізгі құндылық бағыты бекітілді.

Бағдарламаны іске асырудың 4 жылы ішінде демеушілік қаражат есебінен 7000 әлеуметтік нысан салынды. Осы бағытта өңірлік инфрақұрылымдық объектілерді дамытуға 13 мыңнан астам меценаттар қатысты. 4 жыл ішінде елдегі қайырымдылық мәдениеті бағдарлама аясында жаңа серпін алды.

«Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы аясында жалпыұлттық маңызы бар танымал орындар мен нысандар тізімі кеңейтілді.

Қазақстанның киелі нысандарын бүкіл әлемге таныту мақсатында BBC World News телеарнасының қатысуымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Алтын адам», «Қожа Ахмет Яссауи, Айша Бибі кесенелері фильмдері», «Күлтегін. Жаңа көзқарас» фильмдері түсірілді. Фильмдер әлемнің алты тіліне аударылып, «BBC World News», «Discovery», «Viasat history», «National Geographic» телеарналарында көрсетілді.

Сонымен қатар, «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша кітаптар мемлекеттік тілге аударылып, еліміздің 132 жоғары оқу орны білім беру процесіне енгізді.

Барлық аударылған оқулықтар жобаның www.100kitap.kz ресми сайтында электронды форматта жарияланды. Аударылған 100 оқулық аясында бүгінде 88 мыңнан астам қолданушы тіркелген www.OpenU қазақ және орыс тілдерінде бейне курстар орналастырылды.

Сондай-ақ, халықаралық қоғамдастықпен байланысты нығайту мақсатында Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, Финляндия, Корея, Малайзия, Венгрия, Швеция және басқа да елдердің ұлттық кітапханаларында 34 қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы ашылды.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы және Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында бірқатар шет елдерде еліміздің тарихи-мәдени мұрасын әлемде ілгерілетуге зор үлес қосып келе жатқан Қазақстанның мәдени орталықтары ашылды.

Әлемде орын алған өзгерістерді ескере отырып, Бағдарламаға «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет», «Еңбек - елдің мұраты» сияқты бірқатар жаңа арнайы жобалар енгізілді.

2021 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамдық сананың ұлттық жаңғырту кезеңіне өту бойынша жол картасы форматына көшті. Жол картасының іс-шаралары мен жобалары халықтың жас ерекшеліктеріне сәйкес әзірленіп, 3 негізгі құндылық бағыты бойынша, сондай-ақ бағдарламаны ғылыми-әдістемелік, сараптамалық және ақпараттық сүйемелдеу бойынша бөлімдерге топтастырылды.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың тиімділігі» тақырыбына жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындылары бойынша бағдарламаның алты негізгі бағыты бойынша қоғамда орнықты көзқарастар қалыптасқаны байқалады.