«Рухани жаңғыру»: Төрт жылда не өзгерді?

Қазақстан халқы үлкен үмітпен қарсы алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бастау алғанына 4 жыл толып отыр.

2017 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шықты.

Осы 4 жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елдегі негізгі идеологиялық құжатқа айналды деуге болады. Бүгінде бағдарлама прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы, ұлттық бірегейлікті сақтау сияқты 6 бағыт пен 13 арнайы жобаның басын қосқан кешенді стратегиялық дүниеге айналып отыр.

«100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның сакралдық географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Латын әліпбиіне көшу», «Ауыл – ел бесігі», «Архив-2025»,«Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі»,«Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты 13 жобаның әрқайсысы тұтас бір бағдарламаның жүгін арқалап келеді.

Бағдарламаның уақыт талабына сай түрленіп отыруы оның өміршеңдігін арттырды. Әлемде орын алған өзгерістерді ескере отырып, «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет», «Еңбек - елдің мұраты» сияқты бірқатар жаңа арнайы жоба енгізілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бағдарламаны іске асырудың жоспарындағы міндет-мүдделердің орындалуына тұрақты негізде әдістемелік сүйемелдеу жүргізіп келеді.

2020 жылы жүргізілген талдау негізінде және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қайта жүйеленіп, барлық шараларды 3 бағытқа негіздеу туралы шешім қабылданған болатын. «Тұлғалық даму» бағыты бойынша білімнің салтанат құруы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы, прагматизм қасиеттерін қазақстандықтардың бойына сіңіру көзделіп отыр. «Ұлттық бірегейлік және халықаралық позициялау» бағыты арқылы ұлттық бірегейлікті сақтауға мән берілмек. «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы» бағыты аясында дамудың эволюциялық жолына мүмкіндік ашу көзделген.

Бағдарлама жалпыұлттық сипат алғаны сонша, оның шарапаты жетпеген елді мекен жоқ деуге болады. Мысалы, 2020 жылдың өзінде ғана елдегі 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері «Рухани жаңғыру» аясында 8 миллионнан астам адамды қамти отырып, 30 000-нан астам іс-шара өткізген.

Былтырғы жылдың пандемия құрсауында өткенін ескерсек, халықтың тең жартысын қамту біршама еңбекті талап еткені түсінікті. Мұның өзі бағдарламаны іске асыруға жауапты органдар мен ұйымдардың уақыт талабына тез бейімделіп, технологияның жетістіктерін ұлт руханиятының жұмысына тиімді жеге білгенін көрсетсе керек.

Сарапшылардың пікірінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы кезінде қоғамдық сананың өзгеруі басталған Мұны «Рухани жаңғыру» бағдарламасын 2020 жылы іске асырудың тиімділігі» атты әлеуметтік зерттеудің қорытындылары да растап отыр. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 70,4%-ы кәсіби табысқа ұмтылатынын, 76,5%-ы мақсаттарға қол жеткізу үшін өз болашағын жоспарлай білудің маңызы зор екенін, 69,9%-ы қаражатқа сәйкес өмір сүре білуді жоғары бағалайтынын айтқан.

Сондай-ақ, 67,7%-ы өзгерістерге дайын болуды, қиын жағдайларға бейімделуді өз міндеті деп санайды. Зерттеуге қатысқандардың 55%-ы қоршаған ортаның қорғауда азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын айрықша атаған. Кейінгі кезде қоғамның экологиялық жағдайды жақсартуға талпынатыны, қандай да бір резонансты оқиғаларға сергек қарайтыны айқын байқалып жүр. Тұрғындардың бұл мәселеде белсенді болуын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да барынша ынталандырып отыр.

Пандемия кезінде Көбейтұз, Көлсай, Бозжыра сияқты көрікті орындарды елдің көзінің қарашығындай қастерлеуі – ел арасында экологияға төзбеушілікпен қарай бастағанын көрсететін құбылыс. Рухани жаңғырған жұрт қана мұндай нәзік құндылықтарды ортақ мүддеге айналдыра алады.