Түркістанның 3000 жылдығы жөніндегі тарихи фактілер талқыланды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде шетелдік ірі ғалымдар, археологтармен «Түркістанға 3000 жыл» атты дөңгелек үстел өтті деп хабарлайды Ruh.kz порталы өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

«Түркістанға 3000 жыл» атты дөңгелек үстелді өткізудегі негізгі мақсат – тарихы терең Түркістан қаласына 3000 жыл болғандығын тарихи деректер арқылы жұртшылыққа көрсету.

Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі және Әлкей Марғұлан атындағы археология институттың бас директоры Бауыржан Байтанаев алдағы уақытта Түркістан қаласының тарихын зерттеу барысында ауқымды жұмыстардың атқарылатындығын алға тартты.

«Түркістан ежелгі және ұлы қала, сондықтан ол қасиетті өлке. Бұл ерекше қаланың тарихы өте ежелде, көптеген ғасырлар бұрын басталған. 1990-2000 жылдары біз Түркістанның 1500 жылдығын атап өттік. Бірақ содан бері көп уақыт өтті. Біз бұл датаны атап өткен кездегі мәліметтер кеңестік және кеңес дәуірі болған, содан кейін Қазақстанның тәуелсіздігінің барлық жылдарында жүргізілген іргелі зерттеулер болған жоқ, ең қызықты Ежелгі Түркістанның урбанизациясының өзіндік терең тарихы бар.

Демек, біздің дәуірімізге дейінгі 15 ғасырда тайпалар осы территорияда өмір сүрген. Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлемелер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді», - деді Бауыржан Байтанаев.

Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, оқу ордасының басшысы Жанар Темірбекова,  ҚР Дүниежүзілік мұра ұлттық комитетінің, ҚР ҰҒА академигі Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының, Шығыстану институтының, шетел университеттерінің, өкілдері, ғалымдар, археологтар қатысты.

Дөңгелек үстелге жиналған ғалымдар да өзара пікір білдіріп, ежелгі қаланы әлі де зерттеп зерделей түсу керектігін жеткізді.

Шара соңында университет басшысы келген қонақтар мен ғалымдарға оқу орда атынан «Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері» кітабын табыстады.