«Қазақ тілін үйретудің заманауи әдіснамасы» онлайн семинары өтті

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Қазақ тілін үйретудің заманауи әдіснамасы» тақырыбындағы әдістемелік семинар өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында тілді оқытудың базалық әдіснамасының негіздері мен әлемдік тәжірибелерді басшылыққа ала отырып,  «балабақша  – мектеп – колледж – жоғары оқу орындары – магистратура – мемлекеттік құрылымдарда» қазақ тілін  деңгейлеп үйрету жүйесінің жаңа жолдарын іздеу, әдіснамасын қалыптастыруды мақсат етті.

Семинарда қазақ тілін оқытудың қалыптасқан әдіснамасының   артықшылықтары мен кемшіліктері сараланып, қазақ тілін меңгертуде шет тілін үйретудің жалпыеуропалық құзыреттіліктерін басшылыққа алу мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ қоғамның түрлі саласында  қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту жағдайы талданып, Қазақстан Республикасы азаматтарына мемлекеттік тілді деңгейлеп меңгерту жүйесінің стратегиясы мен оны іске асыру тетіктері жайлы мәселер қозғалды.

Онлайн бас қосуда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы Филология кафедрасының профессоры Несібелі Құрман, Ноттингем университетінің докторанты Оспан Еділбай, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық  орталығының директоры Манара Адамова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім орталығының жетекші ғылыми қызметкері Алмагүл Мұқышева және басқа да мамандар қатысып, осы мәселеге қатысты ұсыныстарымен бөлісті.

Республикалық семинарға «Мектепте дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының мамандары, орта, техникалық және кәсіби, жоғары білім беру саласының қызметкерлері, Тілдерді дамыту басқармасы мен оқыту орталықтарының әдіскер-оқытушылары қатысты.  

Онлайн семинар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының фейсбук, инстаграм желісіндегі парақшасында  көрсетілді.