Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдың 18 сәуірінен бастап атап өтіледі.  

Бұл күнді құрамында әлемнің 175 мемлекеті бар  ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен.

122 елдің 754 тарихи құндылығы ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы енген.

Айта кетелік, Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Тәуелсіздік жылдарынан бастап қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, еліміздің өз заңнамасы қалыптасты.

ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында ынтымақтастық белсенді дамыды. Елімізде мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленетін міндеті.

Сондай-ақ, елімізде 2017 жылдан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы іске асырылып жатыр. Арнайы жобаның шеңберінде бүгінге дейін жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың тізіміне 205 нысан (оның ішінде 23 тарихи-мәдени ескерткіштерде ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталды) және жергілікті маңызы бар нысандар тізіміне – 575 нысан енгізілді.

Мәселен, 2020 жылы республиканың маңызды мәдени және тарихи 44 ескерткішіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, «Отырар» қалашығының қалпына келтіру жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Осы жылы ескі қалашықтағы Отырар қалашығының Солтүстік және Оңтүстік қақпалары, ежелгі тұрғын кварталдары, мешіттер, шығыс моншасы, қыш шеберханасы, магистральды көшелер мен қалашықтың бекініс қабырғалары сияқты 10 нысанын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының 17 объектісінде қарқынды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бас күмбезі жаңартылып, оның ішкі Қазандық, Құдықхана, Ақсарай бөлмелерінде әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Яссы қалашығының басты магистралды көшесі «Жеті Ата» қақпасы мен Кесене аралығында жүргізілген археологиялық жұмыстар барысында толық ашылып, сол заманның тұрмысын көрсететін тарихи объектілер қалпына келтірілуде.
Жұма мешіті, Қылует мешітінің аумақтары тарихи келбетке ие болды.

Сондай-ақ, осы аумақтағы Шілдехана, Сегізқырлы кесене, Есім хан кесенесі, Шығыс моншасында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді.

Солтүстік, Батыс өңірі және Нұр-Сұлтан қаласының мәдени-туристік кластерін дамыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігімен 3 республикалық музей-қорық құрылды. Олар: елордадағы ежелгі қалашық негізінде ашылған «Бозоқ», қазақ жерінде салт-дәстүрлер пайда болған жер -  «Ботай» және Қазақ хандығының ежелгі астанасы базасындағы «Сарайшық» музейлері.

Жалпы МСМ жоспарына сәйкес, биыл еліміздің тарихында маңызды орын алатын Ақтөбе (Степнинское), Сарайшық, Сығанақ, Алтынасар сияқты ерте замандық, ортағасырлық қалашықтарда, Ақыртас сарай кешенінде, Бекет ата жер асты мешіті мен басқа да объектілерде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілуде.

Аталған жұмыстар алдын-ала әзірленген ғылыми-жобалау құжаттамалардың негізінде жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстар объектілерінің техникалық жағдайларының сақталуын қамтамасыз етумен қатар, олардың туристік тартымдылығын арттырып, ерекшіліктерін танытуға бағытталған.