Бейбарыс сұлтан ғұмырнамасы сахналанбақ

23-24 сәуірде «Астана Балет» Театрында бас балетмейстер Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» балеті өтеді.

Ауқымды әрі көркем спектакль Мысыр мен Сирия сұлтаны Бейбарыстың ғұмырын суреттейді. Ғалымдардың көпшілігі оны қыпшақ даласының тумасы деп санайтыны белгілі.

Спектакль сюжеті Бейбарыстың балалық шағын суреттеуден басталады. Ауылдың мамыражай тіршілігін бұзған шапқыншылар құл базарында сату үшін ұл балаларды алып кетеді. Сөйтіп, мәмлүк әскерінің қатарына қабылданған Бейбарысты күндіз-түні әскери дайындықтан өткізеді. Тума қабілетінің арқасында ол сұлтанның үзеңгілес ұланы мәртебесіне ие болып, ақыр соңында Мәмлүк сұлтанатының әміршісіне айналды.

«Былтыр желтоқсан айында көрермен қауым бұл спектакльді алғаш тамашалаған еді. «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» мен бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен өткен премьера қалың көпшілікті елең еткізген, отандық балет өнеріндегі айтулы құбылысқа айналды. Өйткені, балет қойылымымен қатар, Қазақстанда тұңғыш рет осы аттас телебалет түсірілімі де өткен еді», - деген ойын білдірді «Астана Балет» Театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Спектакль қойылымына қоюшы-хореограф Мукарам Авахри, композиторлар Хамит Шаңғалиев пен Әлибек Әлпиев, ақын Бақыт Қайырбеков сынды қазақстандық танымал өнер қайраткерлері қатысады.

Айта кетейік, театр Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің Ashyq жобасына қатысып отыр. Енді театрға келерде Ashyq мобильді қосымшасын қолданып, театрға кірген және шыққан кезде QR-кодты сканерлеуіңізді сұраймыз. Толық ақпаратты театрдың сайты мен әлеуметтік желілерінен алуға болады.