Ғалымдар ерекше шам ойлап тапты

Инновациялық өнімнің басты артықшылығы – шамның нарықтағы құны төмен, жарық беру қуаты қарапайым шамға қарағанда үш есе күшті және адам денсаулығына тигізетін кері әсері жоқ.

Ерекше шам ҚазҰУ жанындағы Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтында жасалған.

Жоба авторлары – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мерлан Досболаев, университеттің жас ғалымдары Сағи Оразбаев, Ерболат Үсенов, Алмасбек Өтегенов және Айзада Қожахметова.

Ғалымдардың айтуынша, шамды жасап шығару технологиясында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ең бастысы – энергияны үнемді пайдалануға басымдық беру және ресурстарды ұтымды әрі тиімді пайдалану.

«Бұл инновациялық өндірістің басты ерекшелігі – люминесцентті шамдардың техникалық сипаттамаларын жақсартатын нанобөлшектерді қосу технологиясына негізделген. Ол үлкен шығынды қажет етпейді. Бұл технологияның Қазақстанда баламасы жоқ. Біздің өнімнің басты ерекшелігі мен жаңалығы осында. Энергия үнемдегіш шамның үлгілері барлық сынақтардан сәтті өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды», - дейді жоба авторларының бірі Мерлан Досболаев.

Бүгінде университеттің Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты жылына үш мың шамға дейін шығаруға қауқарлы. Шамдардың формалары мен үлгілері де әртүрлі. Ғалымдардың болжамынша, жылына 200 мың дана өнім өндіруге мүмкіндік бар.

«Жоғары сапа, өнімнің нарықтағы құнының төмендігі мен шамның инновациялық компонентінің болуы – оның бәсекелік қабілетін арттырады», - дейді жоба авторлары.

Айта кетейік, ерекше шамды шығарған Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты физиканың әртүрлі саласында ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізеді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды атқаруда үлкен тәжірибелері бар институт қызметкерлері 500-ден астам патент пен авторлық куәлік иелері.