Топ 7 отандық телесериал

«Бос уақыт» деген ұғым бар. Қызық ұғым. Сол уақытты бос өткізбеудің де түрлі тәсілі бар.  Осы ретте тарихи және шынайы оқиғаларға негізделген топ 7 отандық телехикая ұсынбақпыз:

«Абай жолы» тарихи-драмалық телехикаясы.

«Абай жолы» тарихи драмасы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов романының жазылу тарихына арналған. Телехикая Абайдың өмірінде орын алған жайттар мен  XX ғасырдың 30-жылдарында Мұхтар Әуезовтың мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге қуғындалған драмалық, трагедиялық сәттеріне негізделген.  Аталмыш драма қарапайым эпизодтар мен бөлімдерден емес, әдеби шығармадағыдай тараулардан тұрады. Сюжет үш кезеңде болып жатқан оқиға желісі бойынша параллель дамиды. Оның көркемдік ерекшелігі де осы.

«Полигон» деректі-саяси детектив телехикаясы

«Полигон» телехикаясы Семей ядролық полигонының жабылуына әкелген оқиғалар желісін баяндайды. Азамат Сатыбалды – Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ерлан Біләл – Олжас Сүлейменовтің, Жандарбек Садырбаев – Кешірім Бозтаевтің, Сергей Матвеев – Геннадий Колбиннің рөлін сомдайды.

«Алдар көсе» телекомедиясы

Алдар көсе немесе «Сақалсыз айлакер» – ертегілер мен анектодттардың танымал кейіпкері. Кедейдің ұлы өзі секілді кедейлерді қорғап, ашкөз, жалқау және ақымақ байларды алдап, жазаларын беретін мейірімді де ақылды протагонист.  Басты рөлді театр және кино актері Даурен Серғазин сомдап шығады. Әр бөлім ұзындығы 25 минуттан тұратын комедия Алдар көсенің тапқырлығы мен қызықты оқиғаларын бейнелейді.

«Жаным менің» ностальгиялық телехикаясы

Тарихи оқиға желісіне негізделген бұл телехикая 80-жылдары басталған Арман мен Жанымның баянсыз, таза махаббаты мен орта жастағы өмірі туралы. Сериалда ҚазГУ журналистика факультетінің студенттері түрлі оқиғаларға толы студенттік кездері, махаббатқа толы жастық шақтары суреттеледі. 10 бөлімінен тұратын оқиға кейіпкерлері шынайы өмірден алынған.

«Ән аға» деректі телехикаясы

8 бөлімнен тұратын телехикая – «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы мен қиын тағдыры туралы туынды. Шәмші ағаның шығармашылығы неден басталды? Алғашқы әні қалай пайда болды және кімге арналды? Осы және басқа да көптеген сұрақтарға өмірбаяндық таспа баяндайды.

«Кейкі мерген» тарихи-драмалық телехикаясы

Тарихи-драмалық телехикая сюжеті 1900-1922 жылдар аралығындағы тарихи кезеңдерді қамтиды. Оқиға ырысы шайқалмаған қазақы ауылдан, дәстүр мен салтқа, дін мен ділге берік халық ортасынан бастау алады.

«Бауыржан Момышұлы» драмалық шағын сериалы

Телехикаяда Бауыржан Момышұлының шынайы оқиғасын баяндалады. Көркемдік телехикая 1941 жылдың шілде айынан басталған Кеңес Одағы қаһарманының қызметін көрсетеді.