Топ 9 танымдық мобильді қосымша

Өміріңізді смартфонсыз елестете аласыз ба? Анығында сізге телефон емес, оның функциялары керек екенін білесіз бе? Мобильді қосымшалар кез келген қажеттілігіңізді ашатыны даусыз ғой?..

Назарларыңызға, автор пікірінше, пайдалы 9 отандық мобильді қосымша тізімін ұсынамыз.

IQ Bala – кішкентай бүлдіршіндерге арналған білім беру қосымшасы. Бұл қосымша балаға сөздерді дұрыс айтуды үйренуге көмектесетін тақырыптық жіктеуіштерден тұрады. Сондай-ақ қосымша ішіне баланың есте сақтау қабілетін, логикасын және моторикасын дамытуға ықпал ететін ойындар қосылған.

Soyle.kz қосымшасы арқылы қысқа уақыт ішінде әдеби және ауызекі сөйлеу тілдерін жетік меңгере аласыз. Курс барысында қазақ тілінде оңай сөйлесуді, оқуды, сөздерді дұрыс айтуды және сөйлемдерді дұрыс құруды үйренесіз.

Qazaqstan 3d – қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарды Қазақстанның көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында іске қосылған қосымша. Мұнда танымал туристік орындарының 100-ден астам 3D модельдері бар.

Жеті қазына –Қазақстан туралы қол жетімді энцеклопедиялық ресурс. Энциклопедия моделінде жасалған қосымша 7 бөлімнен тұрады: «Сандардың қасиетті мағыналары», «Салт-дәстүрлер», «Ұлттық мұра», «Халық даналығы», «Ұлттық шығармашылық», «Тайқазан» және «Ұлы дала ғажайыптары».

SmartTravel KZ мобильді қосымшасында елдер туралы ақпарат, аймақтық сипаттамалар, белгілі бір елдегі мінез-құлық нормалары, қауіпті жағдайлардағы іс-қимылдар бойынша ұсыныстар, төтенше жағдайлар туралы ескертулер және шетелдегі азаматтарға арналған басқа да қажетті ақпараттар бар. Сондай-ақ, қолданушылар шетелдегі санитарлық-эпидемиологиялық және қылмыстық ахуал туралы ақпарат таба алады. Бағдарлама қазақстандық консулдармен әртүрлі жолмен байланысуға мүмкіндік береді.

Kitap.kz – қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқу және тыңдау мүмкіндігін ұсынатын онлайн платформа. 6000-нан аса кітап жинақталған қосымша әрдайым қол астыңызда болсын.

«Кім білгіш?» – мобильді қосымша түрінде  ұсынылған интеллектуалды ойын. Оның базасында түрлі тақырыптағы 35000-нан астам сұрақ бар. «Кім білгіш?» қосымшасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірленген.

Жыл сайын орта мектеп оқушылары арасында зияткерлік ойын турнирі өткізіледі.

Tabys – қаржылық сауаттылықты дамытып, инвестициялар жасауға мүмкіндік беретін қарапайым және ыңғайлы мобильді қосымша. Ол үшін қосымшаға тіркеліп, банктік картаны қосу жеткілікті. Бірнеше перне басу арқылы қолданушылар капиталдарын көбейтіп, смартфонның көмегімен құнды қағаздарды сатып алу, иелену және сату арқылы инвестор бола алады.

Абай институты – Аbai.institute порталының қосымшасы. Абай шығармаларын ұялы телефон арқылы оқуға, көруге және тыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан жайлы әртүрлі форматтағы ақпарат беру мүмкіндігі де қосылған.

Бұл қосымша арқылы қазақ тілін үйренуге де болады.