Орал қаласында жекпе-жек орталығы ашылды

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, ұлттық спортты дамыту, жасөспірімдерді қазақ күресіне баулу мақсатында ашылған спорт залының жалпы ауданы 300 шаршы метрді құрайды. 

Орталық жаттығу залы, қыздар мен ұлдарға арналған киіну орны мен жуынатын бөлмеден тұрады. Орталықта күніне 3 топта жалпы саны 120 жасөспірім жаттығуға мүмкіндік алады. Жаттығулар тегін әрі сабақтан тыс уақытта өтеді.

Орталықтың салтанатты ашылуына Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Галиев, «Qazaq kuresi» ассоциациасының басқарушы директоры Ербол Мырзабосынов, «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, қазақ журналистикасының қайраткері, қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиев қатысып, жұмысына сәттілік тіледі.