Тарихи ескерткіштерді қорғауға арналған фотокөрме өтті

Түркістан қаласында «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне» орай өңірдің сәулет, археология ескерткіштері мен киелі орындары қамтылған көрме өтті.

Шараның өтуіне облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығы ұйытқы болды.

Аталған шара тарихи-мәдени нысандарды насихаттай отырып, ескерткіштерді қорғау жайында тұрғындарға ақпараттандыру-ағарту жұмыстарын жүргізуге орай ұйымдастырылды.

Археологиялық ескерткіштермен қоса киелі орындардың фотосуреттері қойылған көрме қала әкімдігінің ғимараты алдына және цитадель қақпасына баратын аяқжол алаңқайына қойылды.

Көрмені тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары суреттерді қызықтай жүріп, ескерткіштерді қорғау саласында атқарылып жатқан шаруалармен танысты.

Айта кетейік, Түркістан облысында 1 нысан ЮНЕСКО шеңберіндегі халықаралық маңызы бар ескерткіштер санатына жатады. Ал, 31 нысан республикалық маңызы бар, 423 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіш саналады.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді бүлдіру, қасақана жою әрекетіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес 10 АЕК-тен бастап, 250 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексiнің талаптарына сай 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.