1 Желтоқсан, 2017
Солтүстік Қазақстанда жас өлкетанушылар слеті өтті

Солтүстік Қазақстан облысының  Булаево қаласындағы Мағжан Жұмабаев ауданының тарихи-өлкетану мұражайында облыстық жас өлкетанушылар слеті өтті.


СҚО әкімдігінен хабарлағандай, аталмыш шараның мақсаты нақты ауылдар мен аудандардың тарихында есімдері белгілі болған, алайда көпшілікке танымал етуді қажет ететін айшықты тұлғаларды табу, өлкетанушылыққа тереңірек үңілу, бұл жұмысқа қызығушылықты арттыру, ел мен жердің тарихын насихаттау болды.





Сонымен қатар, мектеп оқушыларының ең жақсы деген шығармаларын БАҚ жариялай отырып, рухани, адамгершілік қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту, отансүйгіштік пен азаматтыққа баулу мақсаты қойылды.




«Жиынға өңірдің 8 ауданынан 14 оқушы қатысты. Қатысушылар өз жұмыстарын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, дәрігерлер мен ұстаздарға, қорыта айтқанда халқына қалтықсыз қызмет еткен жандарға арнады. Шараның барысында жас өлкетанушылар шағын көрмелерін ұсынып, тыңдармандарды жұмыстарымен таныстырып өтті», - делінген хабарламада.






Айта кетейік, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді, ал жеңімпаздар мен гран-при иегері дипломдармен марапатталды.



Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білім беру, экология және абаттандыру, бойынша өлкетанушылық жұмыстарды ұйымдастыру, аймақтардың тарихын зерттеу, жергілікті деңгейде мәдени-тарихи ескерткіштер мен мәдениет нысандарын қалпына келтіру сияқты жұмыстар жүргізу қажеттілігін айтқан болатын.


ruh.kz
СҚО ІСБ