11 Желтоқсан, 2017
Сүндет Байғожин туған жерінде алғашқы жеке концертін өткізді

«Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Туған жер – туған ел» базалық бағдарламасын іске асыру аясында Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Сүндет Байғожиннің алғашқы жеке концерті өтті.


Концерт Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеудің бастамасы болды.



Сүндет Байғожин Мұсаходжаева атындағы Қазақ ұлттық музыка академиясын, жеке ән салу кафедрасын бітірді. Вокал сыныбы бойынша итальяндық D'Arte Lirica академиясында оқыды. Россини атындағы академиясында әншілік курсын аяқтады (Пезаро, Италия). Көптеген халықаралық опералық конкурстардың, оның ішінде танымал «Тотти Дальмонтэ» лауреаты болып табылады. Еңбек жолын К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының труппасында бастады. Бүгінгі күні Сүндет Байғожин «Астана Опера» театрының жетекші солисі. Оның репертуарында Моцарт, Россини, Оффенбах, Чайковский, Рахманинов секілді жауһарлардың ғажап партиялары бар. Әртіс Нью-Йорктегі «Карнеги-Холл», «Берлин Филармониясы», Париждегі «Шанзелизе», «Вена Концертхаус» сынды әлемдік даңқты саханаларда өнер керсетті. Түркия, Иордания корольдігі, Беларусия, Жапония, Италия, Ресей және т.б. елдерде гастрольдік іссапарларға барды.



Концертке «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері Айзада Капонова (сопрано), Мейір Байнеш (тенор), концертмейстер Айшабибі Асқарова, сондай-ақ, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов пен дирижер Берік Оразалиннің жетекшіліктерімен Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясы қазақ халық аспаптар оркестрі қатысты.



Екі сағаттық концерттік бағдарламада қазақстандық және шетелдік композиторлардың танымал және сүйікті халық әндері, классикалық және эстрадалық шығармалары орындалды.



Сүндет Байғожин атап өткендей, туған жерінде алғашқы жеке концертінің өтуі өте мәнді және ол Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына жауап болып табылады.




«Еуропадағы ең жақсы алаңдарында Қазақстанның мәдениетін дәріптеу аса көрнекті баритон Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың арманы болғаны баршаға белгілі. Мен өзім пір тұтатын адамның арманын іске асыруды қалар едім, өйткені қазақстандық опера өнері бүкіл әлемге танылуға лайық», - деді әнші өз сөзінде.




Естеріңізге сала кетейік, Сүндет Байғожин қазақ елінің тарихында Еуропаның ең танымал театрларының бірі – Рим опера театрында өнер көрсететін ағашқы қазақстандық солис болмақ.



Қазақ өнерінің тарландары Бибігүл Төлегенова, Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева біздің атақты жерлесімізге ақжол тілектерін жеткізді.



Сүндетке Әміре Қашаубаев пен Ермек Серкебаев жолын ұстануды тапсырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қостанай облысының Құрметті азаматы Кенжебек Үкіұлы оған шын жүректен ақ батасын берді.



Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.



Жұртшылық жеке орындаушылар мен солистер дуэттерінің керемет орындаушылық шеберліктерін ерекше жылылықпен қабылдады және оларға аямай шапалақ соғып, құшақтарын гүлге толтырды. Өнерпаздар мен қостанайлық көрермендердің тығыз байланысы ұмытылмас әсер қалдырды, ұлы өнерге деген терең сүйіспеншілік және жерлесімізге деген мақтаныш сезімін тудырды.


ruh.kz
Астана Опера