5 Маусым, 2019
ТАҒДЫР ТӘЛКІСІ

Дулатбек Толымбекұлы

(1898-1968 ж.ж.)

Қобызшы Молықбайға келін, Болатбектің қызы Нұрғазила ападан Дулатбек туралы сұрағанымда: «Вперед», «вперед» деп тұрамыз,

                             Жұмыс істеп, шеп құрамыз.

                               Бес жүз грамм қара нанды,

                             Суға езіп, жеп тұрамыз», - деп өлең айтушы еді деген еді. Дауысы ашық, сөзі қанық. Осы бір ауызы ғана есте қалды деді. Дулатбек қуғын-сүргінмен азаптың азабын тартты. Елге мылқау болса да, тірі келді. Одан тілі ашылды. Бойдақ қой бағып, ылғи жүлде алып жүрді. Қойлары желмен есіп, тайдай шабатын. Өңшең семіз. Дукеңнен бығып, бір адам малдарының маңына жоламайтын. Өзі де көзден таса қылмайтын. Көп сөйлемейді. Істің тоқ етерін айтатын. Көңілі түскенге ақжарқын. Әділетті жақсы көрді. Шілтен, Байқоржын, Ахметжан деген басшылармен көргенді болды. Басқалар жолай алмайтын. Ат үстінде киесі бар. Пірленіп кететін. Ешкім ат үстінен түсіріп, құлатып көрген емес. Сойылмен соғуды жақсы меңгерген. Қарсы келгенді бірақ ұрып, аттан түсіретін. Үйретпеген асауы жоқ. Жылқыны бір көріп-ақ танитын еді. Пәтуалы адамдарды пейілімен сыйлап араласты. Егер өзі кінәлі болса дереу кешірім сұрайтын. Алдына келгенді кешетін. Өмірінің соңына қарай ұзақ ауырды. «Қуғын-сүргіннің зардабы ғой» деп кейіген еді, тоқсан жастағы Нұрғазила ана.

***

Тектібайдың (Әгежең) бәйбішесі Аяулыдан Толымбек (1875-1937 ж.ж.), ол 1930 қуғын-сүргін жылы, 58-ші баппен «шпион, контра» деген желеумен 10 жылға айдалып, Карлагқа кетеді. Екінші әйелінен Батырбек – Мәзім деп аталған. Қолы шебер, сімер бопты. Жолбарыссоққандағы Сақай мешітін Мәзім 1918 жылы тұрғызады. Мешіт қасындағы терең, төрт бұрышты құдықты да өзі қазыпты, Қыдырбек. Яки, Толымбек үш ағайынды. Батырбек пен Қыдырбек Қытайға асып, содан елге оралмады.

Толымбектің бәйбішесі, елі Қаржау Ахмет қажының қызы Абиырдан Дулатбек - 1898 жылы Жетісу облысы, Қапал уезінің № 2 (Бүйен) ауылында туған, Арысбек (1909-1945 ж.ж.), Дәнісбек, Мәнісбек тарайды.

Толымбек екінші әйелін, Қоштайұлы Қасымбектің ұлы Құндызбектің жұбайы, әмеңгерлік жолымен алады. Құндызбек 1918 жылы қайтыс болған екен. Одан Тұяқбек, ол өмірден жас өтіп, ұрпақ қалмады. Дәнісбек пен Мәнісбектен де ұрпақ қалмады. Толымбек екінші әйел алғаннан кейін бас ауыл атанып, жекеленіп шығыпты.

***

Дулатбектің бірінші әйелі, елі Шоқан, Жазылбектің қызы Алтынбаладан бір ұл, бір қыз туады. Ұлы Дабысбек шешек ауыруынан шетінейді. Қызының есімі Өрік. Ол 1932 жылғы ашаршылықта Қарасу балалар үйінде болып, содан хабарсыз кетеді. Дулатбектің әйелі Алтынбала шаншу қадалғанынан, ал анасы Абиыр 1932 жылғы ашаршылықта өледі. Бәрін Ақсудың арғы бетіндегі қорымға Құлжабектің ұлы Өтеулі ата жерлепті. Дулатбектің артымдағы анам, әйел, бала-шағама «азық болсын» деп тығып тастап кеткен малдарын Қалибай деген өзіне жұмсап, оларға ештеңе татырмапты.

1935 жылы некелескен Дулатбектің екінші әйелі, елі Ноғас Көсемнің Мүсәпірінің ұлы Құсайынның қызы Үміттен Майбек туады. Майбек 1937 жылғы, мамыр айының бірінде туғандықтан есімін Майбек деп қояды.  

Дулатбек екінші рет 1937 жылы, 29 қыркүйекте қуғын-сүргінмен қайта айдалғанында, Үміт Дулатбектің інісі Арысбектің үйінде, оның отбасымен бірге тұрады. Үміт Арысбектің әйелі Жамбымен жараспаса керек. Үміт туысы Қосымбайдың үйіне кетеді. Қосымбай Үмітті екі жасар баласымен 1938 жылы, елі Жалайырда Андас-Көтенбөрте, Ешмұханбет дегенге күйеуге тигізіп жібереді.

Майбек пен Үмітті көруге құштар Дулатбек 1957-1958 жылдары іздеп, Үштөбе аймағына екі мәрте барады. Ешмұханбеттің ағайын-туыстары Үміт пен Майбекті Дулатбекке жолықтыртпай, оның іздеп келгенін Үміт пен Майбекке айтпай, оларды жасырып көрсетпейді. Ақыры екі рет нәтижесіз сандалып, Дулатбек амалсыз кері оралады. Соңғысында Майбектің үй-ішімен араласатын Қасымтай деген шалақазақ алдап жібереді. Сол жолы Дулатбек бес мың сом ақшасын құртады. Дулатбек Биғайша апаның үйінде тоғыз күн бос үмітпен жатады. Қайтып келген Дулатбекке Дәмелі: «Кісі тілің алмаушы едің. Албасты басқыр не болды?» - депті. Дулатбек: «Шын басты!» - деп қабырғаға сүйеніп, отыра қапты.

****

Тоқсан жастағы Үмітке барып жолыққанымда, ол апа: «Бір күн тұрмас едім. Дулатбектің келгенін бізге білдірмей жасырды. Өзім іздеуіме сәті түспеді. Кешір әкем?» - деп тіземді құшып, тізерлей жерге отыра қалғанында, көзіне жас парлап іркілдеді. Немересі Бористің отбасымен таныстырып, өзінің басынан өткізгенін баяндады. Майбек тура әкесінің жасында 69-ында өмірден өтті. Зираты Үштөбеден 20 шақырым жердегі Қожбанда жатыр.

Дулатбектің үшінші қосағы, елі Ноғас, Имашқызы Дәмелі (1907.08 -1997.7.11 ж.ж.) 48 жасында 1954 жылы, кіші Бұрған мен үлкен Бұрған түйіскен Күмістің зираты тұсында, ел жайлауға көшіп жатқанында Жемісбекті туады. Жемісбектің кіндігін Дулатбек Колыма тұтқынында бірге болған Вольганг деген неміс тамыры жасап берген сары сапты бәкімен кестіреді. Ол сары сапты бәкіні жетінші класс бітірерде «походқа» Ақсу өзені жағасына барғанда ала барып, сонда кластастардың біреуі қол дорбадан қолды қылды. 

5.jpg

Дәмелі Имашқызы (1907-1997 ж.ж.)

***

Дулатбек - үш мәрте қызылдардың қуғын-сүргінін көріп, аман-есен елге оралған бірегей жан. Алғашында 1929 жылы ГПУ әкесімен бірге ұстап, Ақсуға әкеп қамайды. 1930 жылы, 26 наурызда «Бөрібай көтерілісі» болып, Ақсу түрмесі бұзылып, қамалғандар босатылады. Дулатбек Қосағаштағы қайын жұртына кетеді. Сол ұсталар алдында елі Қайнар, Меккеге қажылыққа төрт рет барған Терлікбайұлы Смағұл қажының тізген шежіресін ГПУ-ліктерден тығып, жанып тұрған отқа тастап, өртеп жібереді.

1930 жылы әкесін қуғын-сүргінмен ГПУ тағы ұстайды. Қарт әкеге сүйеу болып, Қарағанды, Ақмола жаққа он жылға кесілген әкесімен бірге айдалады. Келбетін шал тұрпатына келтіріп, әкесімен бірге болады. Ақмолада ГПУ-тер оның жасының жас екенін біліп қойып, әкесінен айырып, өкімет малын бақтыртады. Одан қашып елге жетіп, арғы бет Қытай асуға астыртын дайындық жасап жүргенінде, ГПУ-тер тағы ұстайды. Содан Дулатбек Беломор-Балтық каналын қазуға жегіледі.

Алматы облысы ДКНБ мәліметінде: «Толымбеков Дулатбек 1899 жылы, Ақсу ауданы, Бүйенде туған. Тұрған жері № 2 ауыл. Білімсіз. Жеке кәсіпкер. 1930 жылы, 10 қазанда Ақсу РО ОГПУ-ы тұтқындады. Үштік шешімімен 58-10, 58-11 бабтарымен айыпталып, 1930 жылы, 29 желтоқсанда еңбекпен түзеу жұмыстарына 10 жылға сотталды. 1989 жылы, 11 сәуірде Талдықорған облыстық прокуратурасы ақтады», - делінеді.

***

Дулатбек Беломор каналын қолмен қазу жұмысында Карелия АССР Соловецкіде Міржақып Дулатовпен бірге болып, бір күнгі еңбегі екі күнге саналып, он жылдық мерзімін бес жылда өтеп, елге аман оралады. Міржақып      Дулатовтың талай өлеңдерін жатқа айтушы еді. Соның бірі Алаш Орданың гимні болатын. Ол былай: «Арғы атам ер Түрік, біз Қазақ еліміз,

                               Самал тау, Шалқар көл, Сары-Арқа жеріміз.

                               Сай сайлап, мал айдап, сайрандап, ең жайлап,

                               Ерке өскен Арқаның еркесі, серіміз.

                               Біз жүрген Алаштың шын кемеңгеріміз,

                               Егеске ел бермес еңіреген еріміз.

                               Бұғаудан босанған, біз – долы арыстан,

                               Долданса болмайтын жаңа дәу періміз.

                               Ат мінсек суылдап, жел болып шабамыз,

                               Лап десек, от болып дуылдап жанамыз.

                               Алаштың ақ туын қолға алып ақырып,

                               Ұрандап шапқанда, жауға ойран саламыз.

                               Ер Түркі ежелден оқ тескен етіміз,

                               Қаймығып еш жаудан қайтпаған бетіміз.

                               Жаусын оқ, ақсын қан, шықсын жан, қорқу жоқ,

                               Алаштың жолында жан қимақ ниетіміз.

                               Біздерге сөз бе екен жауыңның көп-азы,

                               Өлсек хақ шейітпіз, өлтірсек біз қазы.

                               Алаштың аруағы жебесін, қолдасын!

                               Ақсақал тілей көр, сапарды оңдасын!

                               Жасаған жар қылсын!

                                 Қазақтың еліне Алаштың ордасын!

                                Жасаған сақтай көр, Алаштың ордасын!». Елі Тақет, Орынбай (Әкөш) Көшенов Кесебайдың інісі, Дулатбектің көп өлеңдерін өзінен үйреніп, айтып жүріпті.

Қатал мақсаттағы орталық Соловецк лагері ұлы көсем В.Лениннің ұсынысымен 1918 жылы құрылады. Соловки аралы жан-жағы теңіздермен қоршалған. Соловкиде тоғыз ай қыс, үш ай ғана жылымық күн орнайды екен. Беломор-Балтық лагері 1931 жылы, 16 қазанда ұйымдастырылады. Орталығы Медвежьегорск деп аталады. Ондағы қуғын-сүргінмен қамаққа алынғандар ГУЛАГ деп аталып, жұмыс жасағандардың саны: 1931 жылы 64 мың 100 адам, 1932 жылы 107 мың 900 адам, 1933 жылы 84 мың 504 адам, 1934 жылы 62 мың 211 адам, 1935 жылы 78 мың 248 адам. Қамақтағылар «Каналоармеец» деп аталады. Қысқартып айтқанда з/к, осыдан түрмедегілердің «зэк» деген атауы шығыпты.

Бәрінің жасаған жұмыстары ауыр болған. Беломор-Балтық каналын қолмен қазып, құрылыс салып, ағаш кесіп, оны Выгозерск бассейнімен ағызып, сыртқа шығару жұмыстарына жүгенсіз жегілген. Күнделікті норманы орындаса, еңбек ақылары 500 грамм қара нан ғана болған.

Сталиннің Қазақстандағы лагерлері теміртор шеңгелмен қоршалыпты. Соловецк үлгісінде Қазақстанда Қарлаг пен ГУЛАГ лагерлері орнайды. Қазақстандағы Сталиндік лагерлердің саны 32-ге жеткен. Бәрінде тоталитарлық режимнің қатал тәртібі етек алғаны белгілі.

***

Міржақып Дулатов Соловецкіде фельдшерлік қызмет атқарып орыс, қазақ, басқа ұлттарға бірдей жақсы ісімен жағып, сондағыларға жігер мен қуат беріп, қамқор болғанын жиі есіне алатын еді. Дулатбек: «Лагерьде 300 адамды дереу жазықсыз атады. Міржақыптың жүрегі содан шыдамай, жарылып өлді», - дейтін. Зобалаң лагерьде өлгендердің мүрдесі қыста көбіне көмілмей де қалады екен.

Міржақыптың мүрдесін лагерьдегілердің наразылық жасап кетуінен бығып, әмбе лагерь маңайындағы село тұрғындары орыстар қолдауымен, сондағы лагерьге жақын Сосновецск селосының орыстар жерленген қорымына жерлеп, зират басына бес жұлдыз белгі қойылады. Бұл Дулатбектің айтқаны кейінде рас болып шығып, Міржақып Дулатовтың мүрдесі Сосновецскіден Қазақстанға туған өңіріне әкелініп жерленді.

***

Беломор каналын қолмен қазып, 10 жыл мерзімінің бір күні екі күнге саналып, 5 жылда өтеп келген Дулатбек 1936-1937 жылдары Матай станциясында тұтынушылар одағында ат-арба айдаушы жұмысын істеп жүргенінде 13 қыркүйекте, 1937 жылы қайта ұсталады. Алматы облыстық УНКВД үштігі шешімімен 1937 жылы, 29 қыркүйекте 58 баптың 7 тармағымен 10 жылға Колымаға (Магадан) жұмыспен жөнделу лагеріне айдалады. 1959 жылы, 28 ақпанда Дулатбекті Қазақ ССР прокуратурасы ақтайды. Оны өзі өмірден білмей өтті. Ұрпақтары Дулатбектің қуғын-сүргін көріп айдалған құжаттарын 2015 жылдың 23 қараша айында ғана білді.

Дулатбек Алматы түрмесіне жабылады. Құрақбайдың ұлы Қуатбек, Әсілбайдың ұлы Сақария, Тойшыбекұлы Әлім дегендер куәгер болады. Әлім мен Сақария сатып кетеді. Үштік кесімімен Дулатбек 10 жылға Колымаға ағаш кесу жұмысына жіберіледі. Одан түрме ауыртпалығынан мылқау болып, он бір жылдан соң 1948 жылы елге оралады.

Матайда аталас әпкелері Асқарбек, Сұлтанбектердің үйіне келіп орнығады. Тілі тоғыз жылдан соң шығады. Өкіметтің бір отар қойын бағып, еңбегі еселі болғанымен сотталған деп аса бағаланбайды.

***

Дулатбек 1958 жылы қақаған қыста өкіметтің бір отар қойын бағып жүріп, қан қысымынан ессіз құлап, далада қалады. Қойшы Құдайберген шал көріп, басына тұмағын жастап, бетіне бет орамалын жауып, өлдіге санап, үйдегілеріне хабардар етеді.

Сол зардаппен Дулатбек он жыл ауырып, 1968 жылы 7 маусымда, 69 жасында қайтыс болды. Зираты «Ойтоған» ауылындағы Қайнар Смағұл қажы қорымында жатыр.

3.png

Дулатбектің қорғаны

Мұны жазғаным талай аталарымыздың тағдыры тәлкіге түсті. Із-түзсіз, белгісіз құртылғандары қаншама. Тіпті артында ұрпақтары қалмады. Жалған айып, желеумен қуғын-сүргінге түскен аталарға арнап Матай станциясында бір естелік белгі қойылса, ұрпақтарға үлгі, тәрбиелік іс болар еді.

                                                                                       Жемісбек Толымбеков