9 Қазан, 2018
Талаптыға нұр жауар немесе Бизнестегі ынта-жігердің рөлі

Табыстың құпиясы неде? Көптеген адамдар өмірінің бір кезеңінде осы сынды сауалға тап болады. Американдық атақты поп-орындаушы Боб Диланның мынандай бір тамаша сөзі бар. «Табыс - таңертен оянып және кешке ұйықтау мүмкіндігі. Және осы екі уақыт аралығында өзіңе шынымен ұнайтын істі істеу». Яғни, әр адам табысты болу мен нақты табыстың не екендігіне өзіндік жауап береді. Біреуі үшін бұл материалдық тұрғыдан толыққанды қамтылу болып табылса, екінші адам сүйікті ісімен айналысу бақыты деп таниды.


Дегенмен де, адам өмір жолындағы әр кезеңде табысқа қол жеткізуді қалайтындығы ақиқат. Ал бұл жолда үлкен талап пен талпыныс, ынта болмаған жағдайда оң нәтижені күтуге болмайды. Біз әр салаға шолу жасаудан алшақпыз. Бизнесте табысты болу үшін қандай әрекеттер жасау қажет? Іштегі жігер-қайрат пен талпынысты қалай сақтап қалуға болады? Сананы қаумалайтын қорқынышқа қалай төтеп беру керек?



Ең алдымен адамның санасында ой туындайды. «Өз бизнесімді неден бастауға болады?». Өзіңіздің осы бизнестен не қалайтындығыңызды және не үшін қолға алып жатқандығыңызды жан-жақты зерделеп көріңіз. Өзіңіздің шағын ісіңізді қолға алып жатқан шақта барлық жақын-туыстарыңызбен бөлісудің қажеті шамалы. Себебі, пікірлер саналуан болады. Әрине, олар сізге жақсылық ойлағаннан ойыңыздың бұрыстығын дәлелдегісі келеді. «Қолыңнан келмейді», «Бұл өте қиын жол», «Сен шығынға ұшырайсың» сынды сақтандыру мақсатында пікірлердің айтылатындығы хақ.



Негізінде, мұндай жандар жалдамалы жұмысшы болмай, табысқа қол жеткізу мүмкіндігіне сенбейді. Бизнесмен ретінде біреуге қаржылық жағынан тәуелді болмай, өз-өзіңе ғана жұмыс істеудің қандай екенін түсінбейді. Бұл жандар алдына үлкен мақсат-міндеттерді қоюдың орнына, бір ағынмен жүзуді қалайды. Осының артында тұрған үлкен бір кедергі - қорқыныш. Іштегі қорқыныш алғашқы қадам жасаудан алшақтатады. Осы қорқыныш кереғар пікірлерді айтуға мәжбүрлейді.



Сіз қаламасаңыз да, олардың пікірлері сіздің басыңызда үнемі қайталанып тұрады. Кей уақытта мақсатыңызға қол жеткізуде кедергілер тудырады.



Сондықтан да, бизнесіңізді дамыту жолында алғашқы қадамыңызды жасап алыңыз. Нәтижесін көргеннен кейін ғана барлығына айтсаңыз болады. Сол кезде ғана сөз басында айтқан кереғар пікірлердің өзгеше сипатқа ие болатындығына куә боласыз. Мәселен, ғаламтор арқылы жұмыс жасап жатқаныңызды айтсаңыз, ол адамдар күмәнмен қарауы мүмкін. Олар сіздің ісіңізді мойындаудан қашқақтайды. Ал сіз нақты жетістіктеріңізді, тапқан табысыңызды көрсеткен кезде, олардың ойлары қалай өзгеріп кеткеніне таң боласыз.  



Алғашқы нәтижелер адамның өз күшіне деген сенімділігін 100% арттырады.



Сонымен, бизнестегі ынта мен талпыныс дегеніміз не? Бұл - нақты әрекет етуді қалау, алдына айқын мақсаттарды қоя білу қасиеті. Сіздің бизнесіңіздің табысты болуы өз ісіңізге деген шынайы сүйіспеншілік пен өз күшіңізге деген сенімділіктен құралады.  



Мәселен, сіз жоғары нәтижеге қол жеткізуді қаласаңыз, кем дегенде, оның үштен біріне ие болуыңыз хақ. Ал егер де орташа нәтижені күтетін болсаңыз, ақырында шығынға ұшырауыңыз мүмкін.



Ынта мен талпыныс мәселелерінде бүгінгі заманның сипатына емес, өзіңіздің ішкі қалауыңызға сүйеніңіз. Әр адам өзі қалайтын іспен айналысқысы келеді. Біреу кәсіпкер болуды қаласа, екінші адам ұстаздық жолды таңдайды, ал үшіншісі техникалық бағытта жұмыс істейді. Бұл - дұрыс бағыт.   



Ең бастысы, сіз өзіңізге қызық саланы таңдау арқылы өз-өзіңізді қаржылық жағынан қамтамасыз ете алуыңыз тиіс.



Сіз өз мақсатыңызға кішкентай адымдармен болса да, жақындауды қалаңыз. Бұл табысқа бағытталған алғашқы қадамдарыңыз болады.



Егер сіз өз мақсатыңызға жақындағаныңызды байқасаңыз, онда сіздің ынта-жігеріңіз арта түседі және сіз көбірек жұмыс істеуді қалайтын боласыз. Сонымен қатар, бизнесте табысқа қол жеткізген адамдармен ешқашан өзіңізді салыстырмаңыз. Бұл сіздің өз күшіңізге деген сеніміңіз бен ынта-жігеріңізді  азайтады. Сіз өз ойыңыздың сәтсіздігің және пайдасыздығыңызды сезінесіз. Соның салдарынан көңіліңіз құлазып, бойдағы қуатыңыз жоғалады, енді ғана дамып келе жатқан ісіңіз құлдырайды.



Әрине, сіз бұл жолда үлкенді-кішілі қателіктерге жол бересіз. Үмітсіздікке жол бермеңіз. «Тек ештеңе істемейтін адам ғана қателеспейді» ақиқатын есіңізде сақтап алыңыз. Жоспарлаған іс-әрекеттеріңізді қайталап көріңіз, физика заңына сәйкес, сан әрдайым сапаға айналады. Сондай-ақ,  сіз осы жолда туындауы мүмкін қателіктерге көз жеткізесіз. Аталмыш қателіктерді шешу арқылы өмірде және бизнесте жақсы тәжірибеге ие боласыз. Осының барлығы болашақта өз пайдасын тигізеді.



Бизнесте ынта-жігер өте маңызды және қажетті қасиеті болып табылады. Бизне саласынджа ұзақ уақыт бойы жүрген көптеген адамдар үшін іштегі талпынысты, құмарлықты сақтау қиынға соғады. Күн сайын қандай да ауқымды өрлеудің жоқтығынан бұл дәрежеден де жоғары дүниелер жасауға деген талпыныс азаяды. Бұл орайда өзіңіздің сеніміңіз бен үмітіңізді  жоғалтып алудан алшақ болыңыз. Сіз өз ойыңыздағы көп нәрсені жасай аласыз. Түпкі мақсатқа көп көңіл бөлемін деп, күнделікті кішігірім жетістіктеріңізді жоққа шығармаңыз. Олар сіздің ішкі үмітіңізді жандандырып отырады, қуатыңызды арттырады.



Сонымен, бизнес жүргізу кезінде ынта-жігеріңізді арттыратын бірнеше кеңестерге көңіл аударсаңыз:



1) Келешекке айқын бағыт алыңыз



Егер мақсатыңыз айқын болмаса, уақыт өте келе сүйікті ісіңізге деген құмарлық сезіміңіз бәсеңдейді. Кейде бизнесті жаңадан бастаған кезде бар ынта-жігеріңізді жұмсайсыз. Әрине, сіз күткен нәтиже болмай қалған жағдайда көңіл-күйіңіз құлазиды, қуатыңыз шығындалады. Осының салдарынан сүйікті ісіңізге деген құмарлығыңыз бәсеңдеп қалады. Бұл «құмарлықтың жоғалуын» айналып өтудің қарапайым шешімі бар: келешекке назар аударыңыз. Келешекке назар сала отырып, Сіз нақты бақылауды қажет ететін ағымдағы мәселелердегі қателіктерден өзіңізді қорғай аласыз. Келешекке көз жеткізіп, табысқа қол жеткізетіңізге сенімді болыңыз! Бұл одан әрі жұмыс істеуді ынталандырады.



2) Өз сәтсіздіктеріңізден үйреніңіз



Кейде, елеулі талпыныс пен талапқа, күш-жігерге қарамастан, күткен нәтижеге қол жеткізе алмайсыз. Сіздің ісіңіз сәтсіздікке тап болса да, бұл жайттың өзіндік жақсы тұсы бар. Осы жолда сізге кезігетін кедергілер  уақытша қиындықтар ретінде қарастырылуы керек. Өткен қателіктеріңізден аулақ болғандықтан, алда туындаған мүмкіндіктерден алшақтауға жол бермеңіз. Кез-келген сәтсіздік оң тәжірибе ретінде қарастырылуы керек.



3) Әрекет етіңіз!



Адамның өз бизнесіне деген сенім мен құмарлықты жоғалтуының негізгі себептерінің бірі - күтілетін нәтижелерді көрмеуі. Осының салдарынан  бизнестегі ынта-жігер төмендейді. Дегенмен, бұл жайттың барлығы сіздің күнделікті қола алып жатқан іс-әрекеттеріңіздің көрінісі болып табылады. Егер сіз алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізіп, табысты болуды қаласаңыз, күнделікті әрекет ету жолдарын айқындаңыз. Өз жұмысыңызды жоспарлау, күнделікті істер көрсетілген күнделікті пайдалануды бастау немесе еске салғыштарды орнату секілді қарапайым іс-әрекеттер жасалуы тиіс. Әр кеш сайын сол күнде бағдарлаған жоспарларыңыздың жүзеге асқанына көз жеткізіңіз. Күн сайын әрекет етіңіз!



4) Жақсы көңіл-күйді сақтаңыз



Бизнесті қолға алған кезден бері болған жақсы немесе сәтсіз жағдайларға қарамастан, жақсы көңіл-күйіңізді сақтап қалыңыз. Өмір әрдайым жақсы сәттерден ғана тұрмайтындығы мәлім. Ең бастысы, кез-келген мәселеге деген  оң көзқарасты сақтау қажет. Өз-өзіңізді қамшылап, шаршатудың орнына  өмірдегі кедергілерді жеңу жолдарын қарастырған дұрыс.



5) Өз айналаңызды таңдаңыз



Есіңізде болсын, сіздің айналаңыздағы адамдар - ​​сіздің кім екеніңіздің және болашақта қандай табысқа қол жеткізетіндігіңіздің көрсеткіші. Бұл жолда дұрыс қадам жасау үшін кәсіби тұрғысынан да, адамдық тұрғысынан да жақсы адамдармен қарым-қатынас орнатыңыз. Егер олардың біреуі де сіздің жеке өміріңізде немесе жұмысыңызда көмектесе алмаса, онда 2 мыңнан аса достың қажеті шамалы.



6) Өзіңізбен ғана бәсекелес болыңыз



Уақытты жоғалтудың ең оңай жолы - өз-өзіңізді басқалармен салыстыру. «Олар меннен әлдеқайда жақсы жұмыс жасайды», «Неліктен оның компаниясы менікіне қарағанда табысты болады?» сынды ойлар - сіздің аяғыңыздан шалатын кертартпа дүниелер. Мұндай ойлар зиянды және сіздің ынта-жігеріңіздің өшуіне алып келеді. Осылардың орнына өзіңізбен бәсекелесуге уақыт бөлсеңіз, әлдеқайда тиімдірек болады. Әрине, бизнестегі бәсекелестікті бағалауыңыз керек, бірақ табысқа жету жолыңызды басқалардың жолдарымен үнемі салыстырып отырудың сізге берері жоқ. Өз іс-әрекеттеріңіздің нәтижелерін талдап, зерттеңіз және қазір не жасап жатқаныңызбен алдағы уақытта қандай істі атқаратындыңызды салыстырып отырыңыз. Егер оң өзгерістер байқалса, өзіңізді құттықтай аласыз!



Бұл қарапайым кеңестер сіздің бизнестегі ынтаңыз бен талпынысыңызды сақтауға көмектеседі. Барлығында қиындықтар мен күрделіліктер болады. Тек қана шынайы мықты тұлғалар осындай күрделі кезеңдерге төтеп беру арқылы өз ынта-жігерің сақтап қала алады. Олар міндетті түрде өздері таңдаған салада табысқа қол жеткізеді.


ruh.kz
5sfer.com