18 Қазан, 2017
Тәңірқазған, Бөріқазған туралы не білеміз?

Ежелден ел мен жердің тарихы аңызбен астарлас, тарихпен тамырлас. Көкейінен көне заман күмбірі төгілетін, зердесінде заманалардың жұмбақ үні қалыптасқан тарихи өлкелердің өнегесі мол.


Ал абыз дала аңыз шертіп, уақыт өткен сайын ұрпағын ұлағатқа қандырып, көңілді мейірім шуағына бөлейді. Тасының түбінен тамшылаған тағылым, топырағынан бұрқыраған тарих, қатпарынан қылаң беретін қасиет ұлт көшінің желісі үзілмеген ұлы сапары іспетті. 



Әулиеатаның Талас топыра­ғында шежіремен өріліп, аңызбен көмкерілген көрнекті тарихи орындар көп. Мәселен, Боз деген бидің тағдырына қатысты Бозтұмсық, өзге де тарихи аңыз­дарды қамтитын Жалбы, Ақ­кесене, Жиделібұлақ сияқты жер­лер байтақ даламыздың дегдарлығын көрсететін көрікті жерлер. Ал Тәңірқазған, Бөрі­қазған тарихи жер атаулары алып даланың ақиқатын сипаттайтын, шындығын шежірелейтін мекен болып есептеледі.



Тарих­­­шылардың пайымдауынша, Бөріқазған төменгі палеолиттің шелль кезеңінің соңғы дәуірінен сақталған қоныс мекені екен. Аталған тарихи орын Талас ауда­нының орталығы Қаратау қала­сынан солтүстік-шығысқа қарай отыз сегіз шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерден екі жағы бірдей өңделген шапқылар, жұ­мыр құралдар, үш қырлы өткір құра­лдар және үшкір пышақтар көптеп табылған.



Аңыз бойынша ерте заманда Талас жерінде бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық болады. Су іздеген жұрт бұл қуаң­шылықтан шығар амал таба алмай қиналады. Сонда бір бөрі елдің алдына шығып жүріп отырыпты. Ел де бөрінің соңынан үлкен үміт­пен ере береді. Сол бөрі шө­­ліркеген елді бастап келіп, да­ланың төсін қазады. Сонда бөрінің қазған жерінен су шығып, бүкіл халық аман қалған екен. Бұл жер содан бері Бөріқазған деп аталып кеткен дейді. Бөріқазған алқабы Талас топырағының орта­сында. Бүгінде киіз үйдің орнындай ғана болып үйілген топырақ болмаса, бұл жерде басқа белгі жоқ. Тек халық санасында Бөріқазған деген атпен ғана қалған дала қойнауындағы қасиетті жер тамырына тылсым жасырған күйі тұр.



Осы Талас топырағында Бө­ріқазған жері мен Тәңірқазған тұрағы қатар аталады. Әлгі ай­­тылған аңыз да бір-біріне жалғас дүние. Күндердің күнінде Бөріқазғанның суы тартылады. Халықтың қайғы-қасіреті қайта үдей түседі. Арада шамалы уақыт өткенде су іздеген халық жапан далада тағы бір жердің өзінен өзі қазылып, суға толып тұрғанын көреді. Бұл судың дәмі де тәтті екен. Кейіннен әлгі жер Тә­ңірқазған аталып кеткен екен дейді. Тәңірқазған – тарихшылардың пайымдауынша, палеолит тұ­ра­ғы. Бұл жерден табылған бар­лық тас бұйымдар жалпақ тө­бешіктен жинастырылған. Тіпті халық арасында Тәңірқазған тұрағына ежелгі аңшылар келіп қоныстанған деген де пікірлер бар. Әйтеуір қазақ даласындағы қай қиырдың болмасын өзіндік тарихы мен тағдыры қалыптасқан. То­пырақтың тылсымына үңіліп, та­рихын түгесіп біту мүмкін емес.



Тек дала қойнауындағы та­рихи тұрақтар есте жоқ ескі замандардың өзінде де бұл мекенде өмірдің болғанын, адамзаттың мекендегенін және олардың да өздеріне тән мәдениеті мен тіршілігі болғанын айғақтайды...



Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»



Жамбыл облысы



 


https://egemen.kz