11 Қаңтар, 2019
Тарихы терең Таскешу Іздеусіз, сұраусыз қалып келген қазынамыз аз ба?

Кезінде Сарайшық пен көне Үргенішті жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық Таскешу керуен сарайы да талай жылдар бойы топырақ астында елеусіз күй кешті


Кезінде Сарайшық пен көне Үргенішті жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық Таскешу керуен сарайы да талай жылдар бойы топырақ астында елеусіз күй кешті



Қызылқоға мен Мақат аудан­дары­ның шекарасында орналасқан Тас­кешу «Ескі Ноғай жолы» деген атпен белгілі Сарайшық қаласынан басталатын жол бойындағы алғашқы керуен. Алтын Орда мемлекетінің өркендеу кезеңінде бой көтерген ескерткіш түгелдей қыш кірпіштен қаланған. «Кезінде көпестер мен дәулетті саяхатшыларға қонақ үй ретінде салынған бұл мекен Сағыз өзенінен өтетін өткелді қамтамасыз еткен, бұл жерде пошта бекеті, әскери бөлімше де болған», дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова.



ХIХ ғасырдың басында түркі­та­ну­шы Алексей Левшин «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде: «Сағыз өзенінің сол жағында Ұзынтамның қираған орны бар. Ол жерде өзеннен өтетін тас көпір болған, тас үгінділері көрініп жатыр. Халық арасында ол Шыңғыс ханның ұлдарының бірінің тапсырмасымен салынған деп айтылады» деп жазады. Мұндағы Ұзынтам деп отырғаны – Таскешу керуен сарайы.



Таскешуге 1950 жылы алғаш рет Хорезм археология-этнография экспедициясы зерттеу жүргізген. Кейін Әлкей Марғұлан келіп, керуен-сарайдың сызбасын жасаған деген деректер де бар, алайда ол құжат жарияланбастан қалыпты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асқан тұста ғана Таскешуге мән беріле бастады. 



2008-2010 жыл­дары Атырау облыстық тарих және археология орталығы қазба жұмыс­та­рын жүргізді. 2012 жылы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі экспедиция ұйымдастырды. Аңызға сүйенсек, бұл жерде тас­тан көпір салдырып, әйгілі Асан қайғы бабамыз мекендеген екен. Ғалымдар керуен сарайдың Таскешу аталу себебінің бір нұсқасын осымен байланыстырады. Қазірде керуен сарайдың толықтай сәулеттік құрылысы анықталып, жаңа жобасы алынды. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, сарай орнынан қыш ыдыстар, тас диірмен, мыс тиын, моншақ секілді жәдігерлер табылған. Тиын­дар Алтын Орда кезінде со­ғыл­ған. Солтүстік батысында 400 метр қашықтықта Сағыз өзенінде тас өткелдің қалдығы сақталған. Керуен-сарайдың көлемі 55х55 метр.



Ғи­ма­рат­тың ортаңғы алаңында қонақ үй, ас үй, монша қызметін атқарған бөлмелер орналасқан. Ас үйлер мен жатын бөлмелердің әрқайсысына жылыту пештері орнатылыпты. Сарайдың бұрыштары мен сыртқы қабырғаларының орта тұсында алыс­тан келе жатқан керуенге бағыт беру мақсатында мұнаралары болған. «Таскешуге жасалған қазба жұ­­мы­с­­­тарының нәтижелері облыс ау­ма­ғын­дағы басқа да тарихи орын­дар­ға кешенді зерттеу керектігін көр­сетті», – дейді М.Кипиев. Шы­нын­да да, бабалар жү­ріп өткен жолды аяқасты етпей, кер­уен сарайды қорғау жұмыстарын қа­зір­ден құнттамасақ, енді бір оншақты жылдың бедерінде тарихи құн­­ды ескерткіштің жер бетінен жойы­­лып кету қаупі жоғары. Жалпы, Аты­­рау аймағында әлі де зерттеуді қажет ететін 13 керуен сарай бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл бағытта біраз жұмыстар басталғанын айта кетуге тиіспіз. Көшпелі өркениет ескерткіші саналатын Таскешудің тек 40 пайызы ғана аршылып алынған. Ғасырлар көші топырақ астына жасырған ғаламат байлығымызды өлке тарихын жас ұрпақтың санасына сіңіруге орынды пайдалана білсек игі. Мән беріліп, назар салынса, таптырмас туристік орталыққа айналатындай-ақ орын.



Қазір Атырауға келген қонақтар мен туристерді Сарайшыққа апарумен ғана шектеліп жүрміз. Таскешуге жақын жерден электр жүйесі, газ құбыры өтіп жатыр, тұщы су көзі жеткілікті, демек туристік инфрақұрылым құруға қажет мүмкіндік бар деген сөз. Қазба жұмыстары барысында атырау­лық археологтар тапқан тақ­тай­шада мынадай сөздер жазылып­ты: «Бұл жер аталарымыздан қал­ған көненің көзі. Аталар рухы қол­да­сын». Ал біз көненің көзіне деген құр­метімізді лайықты көрсете алып жүр­міз бе?  



Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»



 


Бақытгүл БАБАШ