16 Қыркүйек, 2018
Татулықты ту еткен Халықаралық театр фестивалі

Өнер әлемі - әсемдік пен көркемдікке толы алып дүние. Өнерсіз адам болмайды. Тек шынайы талап пен жігер-қайрат өнердің биік шыңына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өнердің сан түрі бар.  


«Театр - күрделі интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер», - дейді Сағат Әшімбаев. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыруымыз тиістігін міндет еткен болатын. Осы орайда түрлі жобалар қолға алынып, қазіргі таңда республикамыз бойынша сан алуан ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жайтқа тек қазақстандықтар ғана емес, барша әлем куә.



Ағымдағы жылғы 13-16 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің қолдауымен Каспий жағалауы елдерінің II Халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылды. Аталмыш шара күрделі сахналық өнердің саңлағына айналған Н.Жантөриннің 90 жылдығына арналды. Бұл фестивальге Каспий жағалауында орналасқан елдердің өнер ұжымдары қатысты.



Осындай ірі шараны ұйымдастырушылар - Маңғыстау облысының әкімдігі және ТҮРКСОЙ Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы болып табылады. Фестивальге Әзірбайжан Мемлекеттік Ұлттық академиялық драма театры, С. Амутбаев атындағы Мензелин Мемлекеттік татар драма театры, Уфа Мемлекеттік «Нұр» татар театры, Кемине атындағы Мары Мемлекеттік драма театры, Ираннан Билех Савар Барбод театр тобы, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры белсенді түрде атсалысты.



Бірнеше күнге созылған жиын барысында Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының кіші залында облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының қатысуымен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің Мемлекеттік театрлары басшылары кеңесінің мүшесі Нұрнияз Мұханұлының 70 жылдық мерей тойына арналған облыстық фольклорлы ансамбльдер байқауы өткізілді. Сонымен қатар, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан музыканттарының камералық оркестрлерінің біріккен концерті ұйымдастырылды.



Ал театрлар репертуарында ұлттық және әлемдік классиканың үздік туындылары көрерменді тәнті етті. Атап айтқанда, Татарстаннан келген С. Амутбаев атындағы Мензелин Мемлекеттік татар драма театрының «Ібіліс» трагедиясы, Иран мемлекетінің Билех Савар Барбод театр тобының «Алыстап кеттің сен менен» трагедиясы, Кемине атындағы Мары Мемлекеттік драма театрының «Ескексіз қайықпен махаббат мұхитында» драмасы, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Шыңырау» қойылымы, Уфа Мемлекеттік татар «Нұр» театры қойған «Өткеннен келген әйел» қойылымы мен Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Калигула» трагедиясы, сонымен қатар, Ақмола облыстық орыс драма театрының «Жан пида» оқиғасы мен Әзірбайжан Мемлекеттік Ұлттық академиялық драма театрының «Иуда» драмасы көпшілік көрерменнің көңілінен шықты.



Сөз басында айтып өткендей, осы жылы ұйымдастырылып отырған Каспий жағалауы елдерінің II Халықаралық театр фестивалі сахналық өнердің саңлағы Н.Жантөриннің 90 жылдығына арналған болатын. Нұрмұхан Сейітахметұлы Жантөрин - актер, режиссер, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығының иегері.



«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Нұрмұхан Сейітахметұлы бүгінде Қазақстан мәдениетінің аңызына айналған ірі тұлға саналады. Ол кісінің театр сахнасында және көк экранда сомдаған көптеген рөлдері мен шынайы және ерекше әртістік шеберлігі көрермен көзайымына айналды. Ол кісінің бойына біткен қайсар, қайратты мінезі мен жүрегінің жұмсақтығы, ақ көңілділігі мен өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігі сомдаған кейіпкерлерінің бойынан да көрініс табады.  



Нұрмұхан Жантөриннің алғашқы рөлі - «Аласталған Алитет» фильміндегі чукча жігіт Туматуге бейнесі. Ол кісінің табиғи таланты мен талпынысының арқасында Қодар, Кебек, Керім, Сырым, Яго, Мольер, Сальери, Барон және Дон Жуан рөлдері жоғары дәрежеде сомдалып, көрерменнің жүрегінде мәңгі орын алғаны хақ. Нұрмұхат Сейітахметұлы өзіне ұсынылған әр кейіпкерді үздік актерлік шеберлікпен таныта білетін. Мәселен, Н.Жантөриннің «Еңлік-Кебектегі» Абызды жасаған философиялық бейнесі - сахнада сирек кездесетін құбылыс деуге болады. Ал 1957 жылы жарық көрген  М.Бегалиннің «Оның уақыты келеді» фильмінде Шоқан Уәлихановтың образын үздік сомдау арқылы, театр сахнасының төріне жүлдыздай жарқырап шықты. Актриса Лейло Бекназар-Ханинга өз естеліктерінде Нұрмұхан Жантөриннің В.Мажурин қойған М.А.Булгаковтың «Мольер» қойылымындағы асқан шеберлігі Мәскеудің театр сүйер қауымын дүр сілкіндіргенін айтқан болатын.



Режиссер Б.Мансұровтың 1989 жылғы «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Бейбарыс бейнесі тек Нұрмұхан Жантөриннің ғана емес, қазақ киносының ірі табысы деуге болады. Ол кісі аталмыш рөлі үшін Кеңес киносы актерлерінің бүкілодақтық «Созвездие - 90» фестивалінде «Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Сол бүкілодақтық фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық «Сұл-тан Бей-барс!.. Сұл-тан Бей-барс!..» деп қошеметтеп, қолпаштап қарсы алған. Атақты режиссер Сергей Бондарчук осы фильмнің дыбысын жазу барысында: «Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның үнін жазудың өзі бір ғанибет қой!», - деп тамсанған екен.



«Жақсының аты өлмейді», - дейді дана халық. Бүгінде Нұрмұхан Жантөриннің артында оны ұмытпайтын туыстары, достары мен шәкірттері, өнеріне тәнті болған көрермендері баршылық. Сонымен қатар, Атырау облыстық филармониясына және Атырау қаласының бір көшесіне Н. Жантөриннің есімі берілген. Және де Алматы қаласында да Жантөрин атындағы көше, Маңғыстау облысының орталығы болып табылатын Ақтау қаласында Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театр бар.



Мақала авторы: Ruh.kz


ruh.kz
mangystaumedia.kz