7 Наурыз, 2019
Тегімізді қалай жазғанымыз дұрыс?

«Руханият алаңы» ғылыми танымдық пікір-талас клубының кезекті отырысында  «Рухани жаңғыру: аты-жөніңді ұлттық негізде рәсімдеудің мәні мен маңызы» мәселесі сөз болды.


    Жиынға танымал қоғам қайраткері, дипломат, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Сайлау Батыршаұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, ф.ғ.д., Республикалық Ономастикалық комиссияның мүшесі Бекжан Әбдуәлиұлы, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары Дана Атымтай, Данияр Карбозов, Бақтияр  Алиакпаров, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Манас Биятанов, профессор, ф.ғ.д. Сағымбай Жұмағұл, тіл жанашыры Ернат Қашқынов, Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп қатысты.



Талқының модераторы, ұлт жанашыры Ержан Еңсебай шараның маңызы турасында: «Бүгінгі отырысымызда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге ала отырып, аты-жөнді ұлттық негізде рәсімдеудің мәні маңызы туралы өзекті мәселелерді қозғаймыз. Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық сана, ұлттық код, ұлттық бірегейлікті танып-білу және бойымызға сіңірудің мәні туралы баяндады. Ұлттық сананы оятудың төте жолы ұлттық тілдің мәртебесін арттыру нәтижесінде жүзеге аспақ. Бұл ретте аты-жөніміздің ұлтық негізде рәсімдеуден бастаудың мән-мағынсы зор. Қазақ халқы төл құндылықтарын ескермей, өзгенің атын жамылып жүрсе ұлттың қасиеті жоғалатыны анық. «Ов», «ова», «ев», «ева», «индардан» құтылуды аты – жөнімізді жазуда «ұлы» мен «қызын» қолдануды алға тартқан алаштың Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы сынды арыстары еді. Ұлттық намысты ұстаным еткен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы да аты-жөнін ұлттық негізде сақталуын талап еткен. Тәуелсіз Қазақстанның еркін ойлайтын, ұлттық санасы ояу азаматтары ретінде, ХХІ ғасырдағы қазақ жастары ұлы бабаларынан үлгі алып, аты-жөнін ұлттық негізде жазып, ұлттық тәрбиені сіңіріп өсіп-жетілуі тиіс.



         Алқалы жиынға қатысушы зиялы қауым, ғалым аға-апаларымыз бен заң мамандары, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері бірлесе отырып бұл өзекті мәселенін түйінін шешуге жиналып отыр. Сіздердің ой-тұжырымдарыңызды алға тарта отырып, келешекте аты-жөнді рәсімдеудегі кем-кетіктердің жойылатынына сенім білдіремін», -деп атап өтті.



        Жиынның сипаты, мақсаты мен міндеті: Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық код, ұлттық сана, ұлттық ген ұғымдарының мәнін ашып, маңызын насихаттау. Жер бетіндегі әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігі, идентификациясы болады. Қазақ ұлтының ежелден есім-сойы «ұлы», «қызы», «баласы», «келіні» деген сияқты қосымшалармен ерекшеленіп айтылған. Төлқұжат даярлану ісі қалыптасқан кезең – совет үкіметінің орнауымен тұспа-тұс келді. Міне, осы кезеңде қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық дәстүрі жойылып, бірыңғай «ов», «ев», «ин» қосымшалары жалғана бастады. Советтік идеологияның кері салдары ұлттық санаға, ұлттық ойлау жүйесіне зор зиянын тигізді. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде аты-жөндерін ұлттық негізде жазуы тиіс. 



  – ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнын, мақалада айтылған идея мен ойдың құндылығын дәріптеу;



  – ҚР Мемлекеттік бағдарламасында айтылған ұлттық идеологиялық саясаттың нәтижелі орындалуына және ана тіліміздің тұғырлы болуына ықпал ету;



 – Қазіргі уақыт та республика азаматтарының аты-жөні, тегі әр түрлі жазылып жүргендіктен, біркелкілікке түсіру – мемлекеттік бағдарламада айтылған ойлардан түзілген идея және бағдарлама жүктеген міндет болып табылады. Мысалы, қазіргі таңда ҚР азаматтарының аты-жөні «ов», «ев», «ин», «ина» жұрнақтарымен қатар «тегі», «ұлы» сияқты тәуелдеу, меншіктеу формасында жазылып келеді.



      Жиын соңында қатысушы ғалымдар мен азаматтар, ХҚКО мамандары бірлесе отырып, қаулы қарар қабылдап, қол қойды. Ұйымдастырушылар алдағы күндері бұл қаулы қарар қала әкімінің және ҚР Әділет министрлігінің назарына ұсынылатын болды деп атап өтті. Ал, әлеумет, Сіз құжатыңызды қалай жазып жүрсіз? Задында, құжатымызды қалай жазғанымыз дұрыс?!



 



 



 



Елдос Тоқтарбай,



Ruh.kz


Ruh.kz
Ермұрат Назарұлы