13 Желтоқсан, 2017
Тіл – тәуелсіздік тірегі - әкімдік

Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. 


Аймақ әкімдігінен хабарлағандай, дөңгелек үстел отырысына облыстың этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық филиалының мүшелері, тіл жанашырлары, мемлекеттік тілді жетік меңгерген облыстың этнос жастары, сондай-ақ республикалық конкурстардың жеңімпаздары шақырылды.



Отырыс барысында қатысушылар мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың, мемлекеттік тіл мен этнос тілдерін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Аталған шарада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы С. Әйтенов, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» республикалық жобасының жеңімпазы А. Лодочников, жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілі, жас ақын Е. Әміренов баяндама жасады. Сонымен қатар «Қазақстан.Тәуелсіздік хроникасы» бейнебаяны көрсетілді.



Шара қатысушыларын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаған облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы С. Османова: «Тәуелсіздік жылдар ішіндегі ең басты жетістігіміз халқымыздың келісімі мен бейбітшілігі болып табылады. Мемлекетіміздің салмақты саясаты арқасында барлық қазақстандықтар өз тілдерінде сөйлеп, мәдениеті мен дәстүрін сақтауда» - деп түйіндеді өз сөзін.



Шара соңында мемлекеттік тілде жазылған диктант қорытындысы жарияланып, үздіктер мен республикалық конкурстардың жеңімпаздары алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.


ruh.kz
ПО ІСБ