4 Мамыр, 2018
Тіл және мәдениетаралық коммуникация

"Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" бағыты бойынша аударылған алғашқы 18 кітапқа шолуымызды жалғастырмақпыз. Бүгінгі техника мен байланыс құралдарының дамуымен жеке адамдар арасындағы, ұлтаралық, мәдениетаралық байланыс еш кедергісіз, саяси немесе экономикалық шектеуді елемей, табиғи жолмен еркін өріс алуда. Сондықтан, өзге жұрттың тілі мен мәдениетін игеру, онымен етене араласа білудің маңызы бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтеріліп отыр. Мәдениетаралық коммуникация – бүгінде кез-келген салада қызмет ететін маманға, әр адамға қажетті жаңа пән.  


Аталған бағыттың аясында қазақ тілінде алғаш басылып отырған бұл оқулық түрлі ұлт, мәдениет өкілдерінің өзара ұғынысып, ортақ тіл табысуы үшін не маңызды екенін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Кітап тілшілерге, дипломаттарға, әлеуметтанушыларға, психологтар және мәдениеттанушыларға, сондай-ақ, қызметі мен күнделікті өмірде ұлтаралық және мәдениетаралық коммуникация мәселелерімен бетпе-бет келетін көпшілікке арналады. 



Профессор Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты оқулығы түрлі ұлт және мәдениет өкілдерінің өзара ұғынысып, тіл табысуы үшін не маңызды екенін толыққанды түсіндіреді. 



Светлана Тер-Минасованың жоғарыда аталған туындысын қазақ тіліне аударған мамандар – филология ғылымдарының кандидаты Х. Ордабекова және филология магистрі Ш. Бағиева.  



Тіл  ұғымының қоғам айнасындағы халі, атқаратын рөлі, бүгінгі жағдайы туралы тереңінен толғаған орыс ғалымының туындысы біздің қазіргі қоғам үшін өте маңызды екені айтпаса да түсінікті. 



«Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқу құралында тіл мен мәдениет ұғымдарының тығыз байланыста екені, тілдік құрылымдардың заманауи технологиялық үдерістер икеміне қарай жаңа бағытқа бұрылғаны турасындағы Светлана Григорьевнаның тұжырымы тұшымды. 



Дамушы және дамыған мемлекеттің тіл мәселесіне келгенде мүддесі ортақ екенін баяндай келе, автор кез-келген жалпыұлттық идеологияның бастапқы түбірі тілмен тығыз байланыста екенін қатаң ескертеді. Өйткені, тіл құралы тек қана ресми мәмілелерде емес, күнделікті тұрмыстық хабар алмасуларда, яғни қоғамдық коммуникацияда қолданылатынын, ал дәл осы алаң халықтың пікірін білдіретін тұсы екенін де ұмыт қалдырмайды. 



«Адамдар бір тілде сөйлесе де, әрқашан бірін-бірі түсіне бермейді. Себебі – мәдениеттер ерекшелігінде». 



Бұл – орыс ғалымы кітаптың бас цитатасы етіп алған әйгілі ғалым Верешагиннің сөзі. Демек, тіл тек байланыстырушы құрал ғана емес, мәдениетаралық қарым-қатынас орнатуда, көпұлтты мемлекеттерде бірегейлікті сақтауда бірден-бір маңызды рөл ойнайтын фактор. 



Светлана Григорьевна бұл туындысында тілдік ерекшеліктерді немесе мәдени ерекшеліктерді айқындау үшін осынау екі құндылықты қатар қойып салыстыру керек деген түйін жасайды. Өйткені, аталған екі рухани дүниелердің көрінісі осындай салыстыруларда ғана анық ашылады. Мәдени ерекшеліктердің тілге қатысы және төл мәдениеттің еліктеушілік мәдениеттен айырмасы секілді бүгінде күн тәртібінде тұрған мәселелерге толыққанды зерттеу жасаған. Демек, кітап Қазақстан Республикасындағы барлық жоғары оқу орындарының білім беру үдерісіне енгізуге әбден жарамды және жеке тұлғалардың да көңіл көкжиегін кеңейтуге көп септігін тигізері хақ. 



Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағытының көлемінде қазақ тілінде жарық көрген оқулықтың тілдік саланы, филология ғылымын жаңа биіктерге көтеруге үлес қосатынына күмән жоқ.  "100 жаңа оқулық" бағытының аясында 18 кітап қазақ тіліне тәржімаланып, екінші лекте 30 кітап аударылу үстінде.  



   


ruh.kz
Library.kazguu.kz