14 Мамыр, 2019
ТІРШІЛІК КӨЗІ

Су. Адам ағзасының 70 пайызын құрайтын сутегі мен оттегінің химиялық қосындысы. Жердің 70 пайызын қоршап тұрған судың 1 пайызы ғана ішуге жарамды.

Бұл ақпараттарды сіз білесіз. Білесіз ғой? Суық суға қарағанда ыстық су тез қатады. Адам сусыз екі күн, әрі кеткенде үш күн шыдай алады. Сіз бұны да білесіз. Солай ғой?

Екінің бірі біле бермейтін су туралы басқа да деректер келтіріп көрейік:

·         Медузалардың (ішекқуыстылардың өз бетімен жүзіп, еркін тіршілік ететін дарабастардың ред.) 99 пайызы судан тұрады.

·         Жаңа туған нәресте денесінің 86 пайызы су болады екен. Ал жас ұлғайған сайын бұл пайыздық көрсеткіш те азая береді. Адам қартайған кезде бұл көрсеткіш небары 50 пайызды құрайды.

·         Қоршаған ортада судың 1330 түрі бары анықталған. Сіз нешеуін білесіз?

·         ЮНЕСКО зерттеулерінің қорытындысына сенсек әлемдегі ең таза су Финляндияда екен. Осы ретте Финдар мен Шведтерді құттықтай кетуді жөн көрдік.

·         Жер бетіндегі адамдардың тура 1/7 бөлігі (1  млрд. адам ред.) ауыз суға зәру. (Осы жерде мұңайып қаласыз).

·         Кейінгі 50 жылда су үшін 20 шақты соғыс болған екен. Біз естімедік. Сіз ше?

·         Жылына 60 тонна су. Бұл бір адамның орташа есеппен алғандағы суды тұтыну көлемінің көрсеткіші. Ал сіз қанша тонна су іштіңіз? Адам сенгісіз, иә?

·         Ауру атаулының 80 пайызы осы сумен тарап, судан жұғады. Осының нәтижесінде шамамен 25 миллион адам судан ауру жұқтырып, қайтыс болған.

·         Әлемдегі барлық мұздықтар ерісе (бетін аулақ қылсын ред.) жердің 1/8 бөлігін су басады. Демек мұхиттардың деңгейі 60 метрге көтеріледі.

·         Лос-Анджелесте ең қымбат судың бір литрін 90 АҚШ долларына (16 мың 110 тг ред.) сатып алуға болады. Өндірушілердің ойынша бұл ең таза һәм ең дәмді су. Рас та шығар?! Бұл суды шөл қандыру үшін емес, дәулетін көрсету үшін сатып алады (деп ойлаймыз).

Сұлтан МҰСТАФИН,

Ruh.kz  

Ruh.kz