12 Сәуір, 2019
Тоқтар Әубәкіров: Ұшқыш болу арманды аздық етеді

    12 сәуір –  ғарышкерлер күні қарсаңында дала мінезді, бөрі болмысты Тоқтар Әубәкіров ағамызбен кездесіп, әңгімелесіп қайтып едік. Әңгіме арнасы бала Тоқтардың ауылдағы балалық шағы, арманы мен мұратына, өмірлік ұстанымы турасына бұрылды. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Ғарыш-Қазақ атанған абадан азаматтың өзекжарды әңгімесіне көңіл бөлсеңіз.


Тоқтар Оңғарбайұлы – қызыр қонған Қарқаралы өңірінің тумасы. Қазақтың арманын, үмітін ғарышқа самғатқан түркі халықтарының ішінен дара шыққан батыр. Бүгінге дейін Тоқтар аға туралы өте көп жазылды. Жыл сайын жазыла түседі де. Уақыт өткен сайын және күллі әлем халқы жаңа технологияны игере түседі. Міне, осы уақыт та кез келген қара домалақ баламызға Тоқтар ағаның арманы, оның жеткен жетістігі мотивация беріп, өмірлік кумир бола түсетіні сөзсіз рас.





 



Ruh.kz: Ассалаумағалейкум, Аға! Кәсіби төл мерекеңіз құтты болсын! Сізді даланың мінезін, болмысын жұтып алған адам десек артық айтпаған болар едік. Әңгімемізді далада өткен балалық шағыңыздан бастасақ.



Тоқтар Әубәкіров: Уағалейкумассаләм! Рақмет! Мен қазақтың байтақ жерінде өскен баламын. Бүгінгідей зәулім ғимараттар ол кезде тым аз еді. Негізінен Теміртау қаласында өстім. Бірақ, жаз басталысымен ауылға тартып тұратынбыз. Сол ауылдың иісін, даланың иісін күні бүгінге дейін ерекше есімде сақтап келемін. Ауылды жақсы көремін. Ауылға ауырып барсаң да қалай жазылғаныңды білмей қаласың. Адамның жасы ұлғайған сайын далаға деген сағыныш, ауылды аңсау да ұлғая береді екен. Ауылда адамның көңілі көтеріліп, жаясы жазылып қалады. Бұны кім ұнатпасын?! Қыстың күні бір, екі рет далаға шығып, апталап жатып қайтпасам жаздай ауырып шығамын.



Ruh.kz: Кішкентай баладан «өскенде кім боласың?», деп сұрай қалсаң, ойланбастан «Ұшқыш боламын», дейді. Сіз осы жолды қаншалықты армандадыңыз? Ұшқыш Тоқтар қалай қалыптасты?



Тоқтар Әубәкіров: Адам біреуге еліктеп өседі. Әсіресе кішкентай кезінде. Бұрын ол кісіні көрмесем де, таныс болмасам да өзіміздің ауылдан соғысқа аттанып, 23 жасында ерлікпен қаза тапқан Нұркен Әбдіров деген азаматқа қатты ұқсағымыз келді. Біздің қатарымыздағы баланың бәрі «ұшқыш боламын» деді. Кейін келе сол балалардың армандары ауысты, қызығушылықтары өзгерді. Ұшқыш болу арманды аздық етеді. Оған денсаулық та керек, оған рухани сауатың да болуы керек, оған техникаға деген махаббат та керек. Жаттанды білім бұл салаға түк те емес. Бұл салаға миыңа, қаныңа әбден сіңген, ойға қонған, әдетке айналып кеткен деңгейдегі машықтық пен білім керек. Мен өзімді осыған кішкентай күннен тәрбиеледім. Арманға адал болдым.



Теміртау қаласындағы құю механикалық зауытында жұмыс істеп жүргенімде «ұлттық кадр» деген ұғым пайда болды. Ұлттық кадрды қалыптастыру мақсатында тәжірибелі мамандарды іріктейді. Сол іріктеудің арқасында Алматы қаласындағы политехникалық институтқа емтихансыз қабылдансын деген облыстық комиссияның шешімі шықты. Шешім бойынша Алматы қаласына оқуға түсуім керек. Оқып жүрсем де жалақым сол қалпы сақталады, жатақханадан тегін орын беріледі, тағысын тағылары. Онда барып оқуды бітіріп келсем жұмыс мансабымның да өсетіні белгілі. Бірақ, «ұшқыш боламын», деген арманның быт-шыты шығады. Бала күнгі арманымды қимадым. Қимадым да осыны апаларым мен жезделеріме айттым. Әрине, менің бастық болып отырғаным бәрімізге жақсы. Бірақ, арманым ше? Үлкендердің қолдауын естіп, өздерін ертіп алып анамыздың алдынан өттік. Үлкен апам бастады, қалғаны қоштады. Сол кезде анам – «айналайын, мен сенің арманыңа қарсы келіп, қанатыңды қимаймын. Мақсатыңа жет. Арманыңды орында. Тоқтама. Бірақ, бір ғана өтінішім бар. Қатты ұшпа. Төмендеу ұш!» деп еді. Осылай үлкендердің батасын алып, арман қуып кеттім.



Ruh.kz: Бір аптаға ауылға барып келмесем, жаз бойы ауырамын дедіңіз. Жерде жүріп жерді ерек сағынасыз. Ал, ғарышта болғанда осы сағыныш қаншалықты ұлғаяды?



Тоқтар Әубәкіров: Әп-әдемі қалада жүріп, кішкентай ауылыңды сағынғандай ғарышта жүріп, жерді, ауылды сағынасың. Бір аптаға басқа ауылға барып көрші! Жүрегің орнында тыпыршып тұра алмай, көңілің алабұртып біртүрлі ерек сезімде боласың. Адасып қалған сияқты боласың. Ал, ол жақта адасып қалмақ тұрмақ мүлде басқаша күй кешесің. Бірақ, елдің, жердің, күллі мемлекеттің үмітін арқалап кеткен соң бұл сезімдерді де жеңіп, ісіңе барынша мұқият қарауға тырысып-ақ бағасың. Өзіңше жаңағы сезімдерді жеңгендей боласың. Бірақ жеңе алмайсың. Аңсайсың, сағынасың, ешкімге білдірмейсің. Жерді «Ана» деп бекер атамаса керек. Осы сөздің қадірін білу үшін ғарышқа ұшқандаймыз.



Ruh.kz: Қайтып келгендегі сезім қандай? Жерді сүйгізген де сол далаға деген аңсар сағыныш па?



Тоқтар Әубәкіров: Сезімің, ақылың қалыптасқан күйі жаңа туғандай боласың. Сондай таныс әрі бейтаныс күй кешесің. Әр ғарышкер жерге түскенде жерді сүйеді. Бұл жаңағы жерге деген сағыныш, аңсау. Бір-біріне білдірмей сағынған жігіттер жерге деген сезімін, шүкіршілігін осылай білдіреді. Күнде басып, күнде көріп жүрген соң оның иісін білмейді екенсің. Жерге түсіп, арнайы киімді шешкен кезде жердің иісі, даланың иісі мұрыныңды жарады.





Ruh.kz: Ақпараттық порталдардың бетінде «Тоқтар Әубәкіров жат ғаламшарлықтарды көргенін айтты» деген тәріздес мақалалар жүреді. Осыған айтарыңыз бар ма?



Тоқтар Әубәкіров: Қалам ұстаған адамның, оның ішінде осы журналистер қауымының қиялы керемет болады ғой. Әр журналист ешкім айтпаған, ешкім жазбаған дүниені жарыққа шығарғысы келеді. Олар қаламмен, қара сөзбен сурет салатын мамандар. Сондықтан олардың қаламын қақпаймын. Айтсын, жазсын. Ерекшеліктеріңді көрсетіңдер. Ол үшін менің атымды атау керек болса, оған да рұқсат. Тек, тым шектен шығып кетпесе болды.



Ruh.kz: ХІХ ғасырда Абай Құнанбайұлы қазақтың мінезін сынға алды. Екі үкіметтің адамдарын, сол адамдардың мінезін, болмысын көрген адам ретінде қазақтың мінезі өзгерді деп ойлайсыз ба?



Тоқтар Әубәкіров: Сол сынға, Абай жазған өзге де дүниелерге ғасырдан астам уақыт болса да бүгінгіні жазған секілді. Бүгінгі жүріс-тұрыс, бүгінгі тіршілікті жазғандай. Сол кезде айтқан кемшілік қазақтың бойында әлі де бар. Демек, қазақ әлі өзгерген жоқ деген сөз. Бірақ, біршама ақыл кірді қазаққа. Оны көрсете білді де. Дүниежүзіне көрсете білді. Қай салада қызмет істемесін тез үйренетін, тез меңгеретін қасиет бар бізде. Киіз үйден шыға сала озық үлгідегі ғимараттар салдық. Бұл бәріне қонған бақ емес. Бәрінің қолынан келер іс емес.  Бұл бізге берілген мүмкіндік, бізге қонған бақ. Осыған тәубе етуіміз керек. Бірақ, қазақ биікке шықса даңдайсып кетеді. Осы менмендікті қоя қойса, шіркін! Қазақты жалқаулық құртады дейді. Жалқаулық жоқ бізде. Жалқау халық жиырма жылда мынадай Астана сала алмайды. Өзіне лайық, көңілі қалаған жұмыс тапқан қазақты жұмысынан қамшылап айыра алмайсың. Бізді мақтаншақтық құртады!



Ruh.kz: Аз ғана уақыт ішінде осыншама деңгейге көтерілу оңай шаруа емес. Бұның бәрі кемел саясаттың арқасында болған іс. Жасалып жатқан реформалар туралы не ойлайсыз?



Тоқтар Әубәкіров: Қазіргі конституциямыздың негізі осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазылып кетті. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» ең әділ заң екеніне күмән бар ма?! Бұл ақылмен атқарылған жұмыс. Қазақтың екі ақылды адамы көп жағдайда сыйыспай жатады. Біреуі менікі дұрыс дейді, екіншісі өзінікін дұрыс дейді де осымен біраз бөгеліп қаламыз. Екіншіден, тойымсыздық бар.



Ruh.kz: Осы тойымсыздықпен, жемқорлықпен қалай күресу керек?



Тоқтар Әубәкіров: Үлкен мәселені шайқап қалдың. Кеңес үкіметінде жемқорлық болған жоқ. Неге? Жоғарыдан бастап тыйым салынған. Барлығы бір адамдай бағынатын заң болды. Ол заңды бұзғандарға ату жазасына дейін кесетін. Қазақ заңға бағынатын халық. Өзіміз айтпақшы «Жеті жарғыға» бағынбай кеткендер болмады. Бәрі бағынды. Себебі атақтысы да, батыры да, байы да, ханы да сол жолды ұстанды. Халық биліктің көрсеткен жолымен жүреді. Биліктегі азаматтар жасаған істі жасайды. Ұрлық көрді ме, ұрлайды. Тәртіпке бағынғанын көрді ме, бағынады. Оны тоқтату үшін қабылданған заңға бәрі бірдей бағынуы керек. Сөз емес, іс керек.



Ruh.kz: Даланың баласы екенсіз деп бастадым ғой. Аулаңыздағы ат қораны көріп айтқан едім. Ат баптайсыз ба?



Тоқтар Әубәкіров: Ат қорам бар. Өз қолыммен салғанмын. Ат баптағанмын. Бұл жер ауыл болып тұрғанда жақсы-жақсы аттарым болды. Мініп те жүретін едім. Біршама жыл бұрын бұл жер де қала құрамына кіріп кетті де, ат ұстауға тыйым салынды. Содан аттарымды ауылға апарып тастадым. Ара-тұра ауылға барып, мауқымды басып, ат мініп тұрамын.



Ruh.kz: Жастардың бойынан не байқайсыз?




Тоқтар Әубәкіров: Біз бен сіз екі бөлек уақыттың ұрпақтарымыз. Біз қандай мансапқа көтерілсек те ұят, кішіпейілділік, құрмет дегенді бәрінен жоғары қойдық. Бізге солай үйретті. Қазір, өзімізден біршама кіші жігіттердің бойынан осы қасиеттерді байқау алмай барамын. Сыйламақ тұрмақ, «сен кімсің?», деп тұрады. «Осыларды әдейі тәрбиелей ме?», деп қаламын. Билікке, саясатқа араласып жүрген жастардың бойынан баяғы ұяңдық, баяғы иба байқалмайды. Ата көрген, ауыл көрген адам бұндайға бармайды. Бұл қуанатын жағдай емес. Иә, табысы жақсы шығар, қызметін жақсы атқаратын шығар. Бірақ, бұның бәрі екінші сатыда болуы керек. Бірінші кезекте адамгершілік қасиетті сақтап қалу керек. Олар да биік-биік белеске шығар, жетістіктерге жететін шығар. Жетсе... Біздің буын сияқты қадірмен, қасиетпен жетсе.




Ruh.kz: Жастарға ағалық ақылыңызды айтсаңыз?



Тоқтар Әубәкіров: Әңгімемізді қазақтың жалқау емес екенінен бастады қой. Жастармен көп кездесемін. Әңгімелесемін. Дарынды жастар көп. Талаптылары да аз емес. Қазіргі балалардың білім деңгейі мені алаңдатады. Оқу орындарын бизнеске айналдырып жібердік. Төрт жыл жүзін көрсетпей диплом алатындар бар. Бұл жақсылыққа апармайтын іс. Мемлекет жасау үшін, айналайын балаларым, білім керек. Білімсіз бала ғана туады. Баланың адам болуы білім мен білігіне байланысты. Мықты мемлекетті мықты мамандар жасайды.  Білім бар жерде тазалық, әділдік бар. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзді білесіңдер ғой?! Арларыңды сақтаңдар, балам!



Ruh.kz: Ағалық пейіліңізге, ақылыңызға рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын.



 



Сұлтан МҰСТАФИН,



Ruh.kz


Ruh.kz
Джамиля Мурзабекова, Ruh.kz