10 Қыркүйек, 2019
Топ - 10 қазақ жазушысы

Көзі тірі классиктер ондығы


Алдынғы мақаламызда Азияның топ 10 қаламгерін оқырман назарына ұсынған болатынбыз. Қалай бағаланғанын, қалай сараланғанын да сол мақала баяндаған. Ендігі кезек келесі топ 10-дықта. Бұл ондық қазақ жазушыларынан құралады. Әдебиет өткенді, бүгінді, келешекті баяндайды. Сәйкесінше бұл кезеңдер тарихи, детективті, фантастикалық болып жіктеледі. Осы үш кезеңнің бірін өндіріп жазған көзі тірі жазушылар жайлы: 

Несіпбек Дәутаев .jpg

X       Несіпбек Дәутаев. 1947 жылы Жамбыл облысы, Кенен ауылында дүниеге келген. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. «Мінез», «Айғыркісі», «Әнім сен едің», «Алма ағашының бұтағы» атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Құдырет пен қасірет» романы оқырмандар арасында жақсы бағаланып жүр.

Марғабат Байғұт .jpg 

IX     Мархабат Байғұт. 1945 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, аудармашы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет орденінің», «Парасат орденінің» иегері. «Дауыстың түсі», «Интернаттың баласы», «Машаттағы махаббат», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Серт пен сенім» және т.б. кітаптардың авторы. Шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ тілдеріне тәржімәланған. 

Роза Мұқанова.png

VIII Роза Мұқанова. 1964 жылы ШҚО, Үржар ауданы, Көлденең ауылында дүниеге келген жазушы, аудармашы. Роза Мұқанованың есімімен қоса аталып, 20 жылға жуық уақыт бойы қазақ театрларының сахнасынан түспей келе жатқан шығармасы бар. Ол – «Мәңгілік бала бейне» пьессасы. Рабғузидің «Қисса Сүл-Әнбиясын» қазақ тіліне аударған. Бұдан өзге автор қаламынан «Жарық дүние», «Дүние кезек», «Құдірет-кие» секілді әңгімелер мен драммалық хикаяттар топтастырылған кітаптары да жарыққа шықты. 

Тынымбай Нұрмағамбетов.jpg

VII    Тынымбай Нұрмағамбетов. 1945 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылында дүниеге келген. Жазушы қаламдастары арасында «жеңіл әзілдің шебері» деген атымен де белгілі. Оған себеп: «Жоғалған көл», «Кемпірлер үкімі» пьессалары. Алғашқы кітабы «Қауын иісі» деген атпен 1971 жылы жарық көрді. «Тұнық су», «Бәйтеректер», «Айқай», «Тырналар ұшып барады», «Ескі үймен қоштасу», «Қош бол ата» сынды кітаптар мен сценарийлердің авторы. 

Қажығали Мығамбетқалиұлы .jpg

VI     Қажығали Мұқанбетқалиев. 1942 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. Шығармаларына, негізінен, жетпісінші, сексенінші жылдардағы ауыл тіршілігі арқау болған. «Сырым Датұлы», «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда» атты әдебиет пен өнер туралы пікірлер мен мақалалар топтастырылған жинағы, «Тар кезең» атты тарихи романы оқырман қолына тиіп үлгерген. Автор шығармалары шымбайға батар шымыр шындығымен ерек. 

Әнес Сарай.jpg

V       Әнес Сарай. 1937 жылы Ресейдің Астрахан облысында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. ҚР мемлекеттік сыйлығының, «Парасат орденінің» иегері. 1969 жылы «Мұнаралар шақырады» атты тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Автордың «Қараша өткен соң», «Еділ-Жайық», «Тосқауыл», «Алтын арал», «Бозқырау» романдары, «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұңым менің» драммалары оқырман ықыласына бөленген. Біз тізген жинақтар автор еңбектерінің оннан бірі ғана десек, артық айтпағанымыз. Әнес Сарай шығармаларының бірсыпырасы бірнеше тілге аударылып, пайдаланылып келеді. 

Дулат Исабеков.jpg

IV     Дулат Исабеков. 1942 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. Платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты. Дулат Исабековтың есімі аталғанда иісі қазақтың есіне «Қарғын» романы, «Дермене» және «Гауһар тас» кинофильмдері мен «Бонапарттың үйленуі», «Ескерткіш опперациясы» пьессалары секілді бірқатар туындылары түседі. Автордың бұдан өзге «Замандастар», «Мазасыз күндер», «Мұңлық-Зарлық», «Әпке», «Ескі үйдегі кездесу», «Кішкентай ауыл», «Ертеңді күту» және т.б. көптеген шығармалары да халық көңілінен шыққан туындылар болып табылады. 

Мұхтар Мағауин.jpg

III     Мұхтар Мағауин. 1940 жылы ШҚО, Аягөз ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының халық жазушысы. «Абай атындағы» мемлекеттік сыйлықтың, «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері. «Бір атаның балалары», «Мен», «Аласапыран», «Шақан Шері», «Қобыз сарыны», «Жармақ» романдары, повестері, әңгімелері мен тарихи дилогиялары лайық бағаланып келеді. 

Қабдеш Жұмаділов.jpg

II       Қабдеш Жұмаділов. 1936 жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының халық жазушысы, «Абай атындағы» мемлекеттік сыйлықтың иегері. «Қаздар қайтып барады» шығармасы мектеп бағдарламасына енгізілген. «Соңғы көш», «Тағдыр», «Атамекен» романдары туған жерін аңсаған жастар жайлы, жат елдегі қазақтардың өмірі жайлы жазылған. «Таңғажайып дүние», «Жас дәурен», «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Саржайлау», «Шарайна», «Дарабоз», «Қалың елім, Қазағым» және т.б. бірнеше кітаптардың авторы. 

Төлен Әбдік.jpg

I        Төлен Әбдік. 1942 жылы Қостанай облысы, Жанкелді ауданында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иесі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Автордың есімі айтылғанда «Оң қол» шығармасы бірден ойға орала кетеді. «Ақиқат», «Айтылмаған ақиқат», «Көкжиек», «Күзгі жапырақтар» атты әңгімелер мен повестер жинақтары, «Ақшоқыда қыс қатты» романы, «Біз үшеу едік» драммасы оқырман тарапынан жақсы бағаланып келе жатқан дүниелер.

P.S: Туған жылына, ортасына, алған атағына байланысты емес, шығармашылық қуаты мен шығармаларының оқырман ықыласына бөленуіне назар аударылып, қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктерінің маңдайалды жазушыларын тіздік. Бірінші не екінші деп іріктемес үшін авторлардың алдына (әдейілеп) рим сандарын қойдық. Қалған іс, оқырман, сіздің құзырыңызда. 


Сұлтан Мұстафин
Ruh.kz
Ашық дерек көздерден