22 Мамыр, 2020
«Тоқым қағар» ерекше жоралғының бірі еді

Қазақ халқына тән дәстүр-салттың дені төрт-түлік малмен тығыз байланысты екенін бұған дейін де атап өттік. Оған парағы қалың Қазақстан тарихы дәлел бола алады. Жаңа эрадан сонау жеті ғасыр уақыт бұрын өмір сүрген сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпаларынан бастап ер-тұрман әзірлеп, атқа мінген. Тіпті ол заманда металды құю, қақтау, қырнау, безеу өнерлерінің дамығандығы соншалық, жылқыны ерттегенде алтынмен аптап, күміспен күптеген. Бұл сөзімізді сол кездегі тайпалардың тұрақтарынан табылған жүген, құйысқан, пыстан үзбелеріне салынған ерттелген ат пен жүгенделген аттың суреттері айғақтай түседі. Атқа міну сол кезден бастап ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін кең қолданыста болып келді.

maxresdefault.jpg

Ұлттық дәстүрлерді насихаттауға арналған айдарымыздың кезекті тақырыбы да «Тоқым қағар» жоғарыда атап өткендей жылқы түлігімен тығыз байланысты.

CNvlVyNWwAAwWaV.jpg

«Тоқым қағар» ғұрпы туралы не білесіз?

Өткен тақырыпта біздің халықтың баласына бәсіре атайтын «ашамайға мінгізу» салты жайлы жазған едік. Тоқым қағар сол ашамайға мінгеннен кейін орындалатын ғұрыптың түрі. Ол үй иесі не болмаса отбасының бір мүшесі алыс жолға шығатын кезде өткізіледі. Тоқым қағарды көбіне жас бала алғаш рет алыс жолға шығатын кезде жасаған. Ашамайға мінгенде атаған жас тай, дөнен, құнан көп ұзамай үлкен атқа айналатыны заңды. Бала сапарлайтын кезде сол атпен алыс жолға аттанады. Сондай-ақ байырғы қазақтар қызы ұзатылған отбасына «тоқым қағар» ойынын бастап баратын болған екен. Аталған ғұрып ұзақ жолға дайындық есебінде жүреді. Сапар шегуші жақсы көңіл-күйде болып, жолда өзін жайлы сезінуі үшін жасалатын рәсім.

1200.jpg

«Тоқым қағарды» қалай өткізген?

Ертеде жанұядағы кез келген адам алыс жолға шығатын сәтте ауыл-аймақтың, көрші-қолаңның арасынан 20-30 шақты қонақпен шағын ойын-сауық жиынын жасаған. Келушілерге арнап май сойылады, дастархан жайылады. Қызы ұзатылған үйге барғанда жастар көңіл көтеріп, ойын ойнап, ән мен күйді тебіренте айтқан. Ақындар болса аламанға түсіп, айтысқан. Мұндайда келген қонақтар үй иесіне қызының бақытты болуын тілеп, ақ батасын береді. Тоқым қағарды өткізіп болған соң жиылыстың басты кейіпкері – жолға аттанатын сапаршыға айыл-тұрман, ер-тоқым, жүген-ноқта, шідер мен кісен және арқан даярлайды.

catalysts01e02-mongolia.jpg

Ғұрыптың берер пайдасы қандай?

Тоқым қағар – адамдарды жақсылыққа шақырып ерекше жоралғы. Себебі тоқым қағарды өткізгенде арнайы келіп, ақ дастарханнан дәм ауыз тиген қонақтар жолаушыға арнайы ізгі ниет-тілегі мен батасын арнайды. Келгендердің барлығының назары алдағы күні алыс жолға шығатын отбасы мүшесіне ауады. Қысқасы, тоқым қағар – адал көңілден туатын әдет. Алыс жолға аттанғалы отырған адамға әзілге толы әңгімелер айтылып, ән шырқалады. Сондағы мақсат – сапарлаушы жол бойы көңілді жүрсін дегені. Жақсы көңіл-күйде болған адамның жолы да жеңіл болады деп сенген.

1b9519bde0bac5d66f5b2273405a336c.jpg

Тоқым қағар жасаудың тағы бір себебі – баланы еңбекке баулып, оқу үйретуінде және ат жалын ұстауға ерте дағдыландыру. Бұрын кейбіреулер «түйеге мінген қазақ, балалары надан, тәрбиесіз», - деп күле, менсінбей қараған. Халқымыз сондай кері пиғылдыларға жауап ретінде осы ғұрыпты қалыптастырса керек-ті. Сондай-ақ, жастайынан алыс жолға, ұзақ сапарға шығып   үйренген бала жаугершілік заман туған уақытта отанын қорғау жолындағы қиындықтарға төзімді, жауды жеңіп шығудың жолдарын табуға ұтқыр, өз-өзіне сенімді, батыл болып өседі.

af71c2d2d0d58ed543835d9ba012ccde.jpg

Аружан Мырзатай
Ruh.kz
Фото: ашық дереккөздерден