14 Тамыз, 2018
«Туған жер» арнайы жобасы аясында іске асқан игіліктер

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясындағы «Туған жер» арнайы жобасы ел игілігі үшін атқарылған қыруар бастамаларға мұрындық болып келеді. Аталған арнайы жоба жарияланғалы бері елімізде 17 мектеп, 62 балабақша, 36 мәдениет нысаны, 23 денсаулық сақтау нысаны, 169 спорт нысаны, 32 балаларға арналған алаң салынды және 59 мектеп, 26 балабақша, 51 мәдениет нысаны, 43 спорт нысаны, 15 денсаулық сақтау нысаны қалпына келтірілді. Бұл - айналасы екі жылға толмайтын уақытпен салыстырғанда, үлкен нәтиже.


«Туған жер» арнайы жобасының аясында мектеп оқушыларының республиканың әр өңіріне тарихи-мәдени һәм географиялық құндылықтарымен танысу үшін саяхат жасап жатқанын алдыңғы жазбаларымызда тарқата айтып келеміз. Сонымен қатар, «Туған жер» арнайы жобасының көлемінде жергілікті меценаттар өздерінің туып-өскен өлкелеріне мүмкіндіктерінше көмектесіп, түрлі нысандар салып берумен, жол жөндеумен, балаларға көңіл бөлумен айналысуда. Бұл – аталған арнайы жобаның негізгі мақсаттарының орындалғанының бір дәлелі.



Сөзіміз дәмсіз болмау үшін айта кетелік, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында меценаттардың тікелей көмегімен түрлі бағыттағы 43 нысан бой көтеріп, 1 ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Бұл алты ай уақытқа шаққанда үлкен көрсеткіш деп ауыз толтырып айтуға болатын нәтиже. Республика бойынша жаңа бағыттағы инфрақұрылымдық нысандар іске қосылып, бұрыннан жұмыс жасап тұрған нысандар жаңартылды.



Енді еліміздің әрбір аймағында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында жүзеге асқан игіліктер мен халықтың тұрмыстық әлеуетін көтеру мақсатында меценаттар көмегімен іске қосылған нысандар туралы, өзге жетістіктер туралы тарқата айталық.



Ақмола облысының меценаттары «Туған жер» арнайы жобасының міндеттемелерін орындау бағытында қарқынды жұмыс жасап отыр. Аталмыш арнайы жоба жарияланғалы бері облыс көлемінде жас мамандарға арналған 2 үй салынып, 32  пәтерден тұратын үш тұрғын үйге, 3 мектепке дейінгі мекемеге және 10 мектепке, 5 мәдениет нысаны мен 9 спорт нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, облыста денсаулық сақтау нысандарына меценаттар тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Облыс көлемінде 2 денсаулық нысаны толығымен жаңғыртылып, 2 ауылдық округке жедел медициналық жәрдем көліктері сатып алынған.



Салынып, жаңарту жұмыстары жүргізілген нысандардан бөлек, Ақмола облысында меценаттар көмегімен Қорғалжың мемлекеттік қорығының аумағында орнитология орталығы құрылды.



Ақтөбе облысында неке қию сарайы, «Аналарға тағзым» атты Қазақстандағы тұңғыш рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы, Балаларға арналған шығармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі» өнер орталығы, Ойыл аулындағы «Мейірім» әлеуметтік үйі, 1 200 орынға арналған ерекше концерт залы бар СНПС-Ақтөбемұнайгаз компаниясынан өнер орталығы, Ақтөбе қаласындағы хоккей спорт-жаттықтыру кешені және облыс бойынша тағы басқа 11 спорттық нысан, жыл бойы жұмыс жасайтын балалар лагері, жазғы аквапарк, 4 балабақша, дәрігерлік пункт және 6 мәдени нысан пайдалануға берілді.



Сондай-ақ, меценаттардың қаражаты есебінен Ақтөбе қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының  құрылысы басталды. Жергілікті қалталы азаматтардың  қолдауымен өңірдегі бірқатар мектеп, ауыл клубтары және басқа да әлеуметтік нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және әлеуметтік әлсіз топтарға жататын азаматтарға түрлі мереке кезінде әлеуметтік көмек көрсетті.



Ал Алматы облысында меценаттардың демеуімен «Рухани жаңғыру» мамандандырылған орталығының ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Биылғы жылы оңтүстік астана басшылығы облыстың тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттау ісіне үлкен көңіл бөлуде. Айта кетейік, осы бағытта жұмыс жасайтын Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы, «Батыр бабалар» мұражайы ашылып, халық санасын жаңғырту мақсатында жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер көмегімен халықтың әлеуметтік әлсіз тобына арналған 37 үй, жылыжай кешені, жалпы сыйымдылығы 285 орынды қамтитын 3 балабақша, түрлі білім беру нысандары, өзін-өзі дамыту орталықтары, балалар мен ересектерге арналған спорттық алаңдар салынды.



Алматы қаласында емхана, мектеп-гимназия, 4 балабақша, жеңіл атлетика стадионы, балаларға арналған спорт және велосипед алаңдары ашылды, 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына жөндеу жүргізілді, 3 саябақ жаңғыртылып, Боралдай сақ қорғаны паркінің аумағында сақ дәуірінің қалпына келтірілген ғимараты ашылды, 2 мектеп салынып, пайдалануға берілді.



Еңбекші ауданында жергілікті қалталы азаматтар көмегімен жүргізіліп жатқан қосымша білім беру орталығының  құрылысын, Айтөбе ауылдық округінде жүргізіліп жатқан мектеп құрылысын осы бағыттағы игіліктер қатарына жатқызуға болады.



Атырау облысында 6 балабақша, 4 балаларға арналған спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді, мәдениет және ардагерлер үйлері, «Атамекен» мен «Жеңіс» парктері, «Ырысты» спорт кешені және тағы басқа нысандар ашылды. Сондай-ақ, «Адай-Ата» тарихи мазарлар кешеніне көлік жолы төселді.



Шығыс Қазақстан облысында оңалту орталығының, Өскеменде «Нұрлы жол» демалыс паркінің, 3 спорттық нысанның  құрылысы қамтамасыз етілді, жалпы саны 14 балабақша салынды және қалпына келтірілді, 2 денсаулық сақтау мекемесі қажетті керек-жарақпен жабдықталды. «Менің мектебім» жобасы аясында меценаттар Назарбаев зияткерлік мектебі стандарты бойынша 277 толық жинақты мектеп жасақтап жатыр.



Сонымен қатар, Семей қаласында жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын «№1 Восток стадионы» салынды. Оның ішінде, FIFA стандартында бекітілген өлшемдерді сақтай отырып, жасанды жасыл төсеніші бар футбол алаңы, шеңбер бойынша 450 метрлік жүгіру жолы бар.



Ал қасиетті Жамбыл облысында да «Туған жер» арнайы жобасы қарқынды жұмыс жасап тұр. Облыс көлемінде аз қамтылған отбасыларға арналып салынған 9 үй пайдалануға беріліп, тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдардың жекелеген бөліктерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал спортпен айналысатындар санын арттыру мақсатында облыс аумағында 7 спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.



Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын жатын орынмен тегін қамтамасыз ететін балалар интернаты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қарамағына берілетін мұражай құрылысы жүріп жатыр.



Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» мұражайы, 13 балаларға арналған алаң, 16 спорт нысаны, ауыл клубы, фельдшерлік бөлімшелер, балабақша, Шыңғырлау өзені арқылы өтетін көпір салынды және демалыс саябағына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Меценаттар қаражаты есебінен Ақсуат аулының орталық жолының жөндеу жұмыстары және Жанғала ауданының Бөрік аулында ауыл клубы салынды, сондай-ақ, Махамбет аулындағы спорт стадионы мен Батыс Қазақстан облысының  бірқатар елді мекеніндегі басқа да 25 спорт нысандарының құрылысы басталды.



Сарыарқа төрі де «Туған жер» арнайы жобасының игіліктерінен кенде қалмақ емес. Қарағанды облысында аталған арнайы жоба аясында жергілікті қалталы азаматтар көмегімен «Туған жер» аула клубы бар спорт кешені салынып, қолдануға берілді. Сондай-ақ, 5 тұрғын үйдің ауласына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5 балабақшаның аумағы абаттандырылды. Сонымен қатар, облыста жас туристер станциясы салынып, жабдықтарды ауыстыру және дәрігерлік құрамға қосымша төлемдерді қаржыландырумен ауруханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді.



Қостанай облысында 100-ден аса білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелеріне жөндеу жүргізілді, 61 әлеуметтік нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 18 балалар мен ересектерге арналған спорт алаңдары құрылып, өлкетану мұражайы іске қосылды.  Облыстың сегіз ауданындағы мектептерде цифрлық технологиялар кабинеті ашылды.



Қасиетті Сыр өңірінде де «Туған жер» арнайы жобасының міндеттемелері қарқынды жүріп жатыр. Қызылорда облысының басшылығы қаланың көркін асқақтату ісіне бел шеше кіріскен. Облыс көлемінде «Аналар аллеясы», «Ардагерлер аллеясы», «Тағзым» алаңы салынып, ел игілігі үшін жұмыс жасап тұр.



Облыс деңгейінде «Мектебіме тағзым» деп аталатын акция көлемінде меценаттар өздері түлеп ұшқан мектептеріне тарту ретінде облыстағы 60 мектепке жалпы сомасы 44 миллион теңгені құрайтын спорт алаңдары салынып, кабинеттерге жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізілді.



Маңғыстау облысында Жаңаөзен қаласында гемодиалез орталық, 500 орынға арналған аз қамтылған отбасыларға арналған жатақхана, сондай-ақ, демалыс паркі және басқа да спорт нысандары ашылды.



Павлодар облысында студенттер жатақханасы, балабақша салынып, 17 ауыл клубына жөндеу жұмыстары жүргізілді, ірі мультимедиялық-мұражайы кешені, 1200 орынға арналған концерт залы, жеңіл атлетикалық және футбол алаңы, мұз айдыны, 50 метрлік жүзу бассейні және олимпиадалық резервті дайындау орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.



Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар нысандардың құрылысы мен жаңғыртуы қамтамасыз етілді: білім беру саласында 30 жоба, мәдениет саласында 12 жоба, әлеуметтік көмек саласында 5 жоба, спорт саласында 9 жоба, денсаулық сақтау саласында 4 жоба.



Түркістан облысында Шымкент қаласында рухани даму орталығы ашылып, Кентау қаласында және Қазығұрт ауданында балабақша құрылысы жүргізілуде, Халықаралық теннис орталығы, бокс залы ашылды. «Ажарлы үй – ырысты», «Табиғат – тіршілік нәрі» жобалары іске қосылып, аудандар мен қалаларда өткізілген «Тал күні» акциясы аясында 12 мың адамның қатысуымен 47,5 мың көшет және түрлі ағаш отырғызылды.      



Астана қаласында заманауи экомешіт салынды, «Астана триатлон паркі», «Нұрал» спорт мектебі және мектептегі жабық футбол алаңының құрылысы жүргізілді.



Республика көлемінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында жүзеге асқан игіліктердің жалпы легі – осындай. Аталған жобалардың, құрылыс нысандарының барлығы «Туған жер» арнайы жобасының аясында жергілікті меценаттардың көмегімен жүзеге асырылған.


ruh.kz
Infourok.ru