13 Тамыз, 2018
«Туған жер» лагері – жастар үшін тамаша тарту

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» арнайы жобасы республикамыздың барлық өңірлерінде белсенді түрде қолға алынуда.


«Әркімнің өзіне ыстық туған жері» демекші, әр адамға шыр етіп дүние есігін ашып, кіндік қаны тамған жері ерекше ыстық болатыны хақ. Өз Отанына деген шынайы сүйіспеншілік - ананың ақ сүтімен, әкенің ақ батасымен бойға даритын құдіретті сезім. Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екендігін айта келе, «Туған жер» арнайы жобасының жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналуы тиістігін жеткізді.



«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - деп атап өтті Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында.   



Яғни, ел болып рухани жаңғыруға аяқ басу үшін жас буынның тәлім-тәрбиесіне, сана-сезіміне, жеке тұлға ретінде қалыптасуына баса назар аудару қажет. Бұл ретте республикамыз бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған ірі жобалар қолға алынып, ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осы бағытта белсене атсалысып, ыстық ықыласы мен ізгі ниетінің арқасында көптеген іс-шаралардың жоғары деңгейде жүзеге асуын мақсат тұтқан ел азаматтарының еңбегін де атап өту қажет. Мәселен, әр өңірдің меценаттары тарапынан «Туған жер» арнайы жобасының толыққанды жүзеге асырылуы үшін жан-жақты қолдаулар көрсетілуде.   





Осы орайда ағымдағы жылғы 13-тамызда Талғар ауданы, Бесқайнар ауылындағы «Лесная сказка» тау шипажайы - қонақ үйінің базасында жастардың «Туған жер» жазғы лагері өз жұмысын бастады. Лагерь тамыз айының 13-19 күндері аралығында жұмыс істейді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала аясында жүзеге асырылып жатқан аталмыш шара жас ұрпақтың жеке тұлға ретінде қалыптасуымен қатар мәдени, дене және кәсіби дамуы үшін барлық жағдайларды жасау, Алматыдағы еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында ұйымдастырылуда. Ұйымдастырушылар - Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқармасы, «Social Development Center» қоғамдық қоры. Бүгінде «Туған жер» лагері алматылық 150 жасты қабылдай алады. 





Жазғы лагерь барысында қатысушылар өздерінің жаңа қырларын танып білуге, тәжірибе жинауға мүмкіндік алады, сондай-ақ, еліміздің барлық өңірлерінен келген адамдармен танысу арқылы тың идеялар мен жаңа ізденістерге жол ашады. Мәселен, лагерь жұмысы белсенді демалыс түрлерінің барлығын қамтиды. Сондай-ақ, лагерьге қатысушылар 5 тәулік ішінде қосымша білім алып, өңірдің әсем де көрікті табиғатымен танысумен қатар, түрлі спорттық және мәдени шараларға белсенді қатысатын болады.



Яғни, жастардың «Туған жер» жазғы лагері Алматы қаласының белсенді жастарының шығармашылық әл-аухатын дамытудың қолайлы алаңына айналмақ. Осы мақсатта лагерьге қатысушылар өздеріне қажетті шеберлік сабақтары мен тренингтер, сонымен бірге, футбол және волейбол спорт түрлерінен турнирлер, КТА, интеллектуалды «брэйн-рингтер», мафия ойындары және тағы басқа да  спорттық және шығармашылық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, көптеген жастар үшін «Туған жер» жазғы лагері еліміздің танымал тұлғаларымен таныса алатын, дарынды адамдармен, тың ой иелерімен араласатын алаң болып табылады.



Атап айтқанда, қала жастарымен ой-пікір алмасып, байланыс орнату үшін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың келуі жоспарланған. 



Сондай-ақ, оқу және мәдени бағдарламалар аясында қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым, «ChocoFamily» холдингінің негізін салушы Рамиль Мухоряпов, отандық музыка жұлдызы Ғалымжан Молданазар, танымал әртістер, вайнерлер Шәріп Серік пен Нұрлан Батыров, елдегі танымал тележүргізушілердің бірі Әділ Лиян спикер ретінде сөз сөйлейді.


ruh.kz
almaty-akshamy.kz