3 Қазан, 2019
ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН

Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы міндеттерді арқау еткен шарада «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жырлаған нұсқасын жатқа айтудан аудан мен қалада өткен іріктеулерден озып шыққан 27 оқушы бақтарын сынады. 

Қызылордада «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы міндеттерді арқау еткен шарада «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жырлаған нұсқасын жатқа айтудан аудан мен қалада өткен іріктеулерден озып шыққан 27 оқушы бақтарын сынады.

Жас ұрпақты халқымыздың рухани асыл мұрасымен сусындатып,  ерлік пен намысты ту еткен тарихымызды танытатын байқауға биыл облыстан 6-10 сынып аралығында оқитын 2800-ге жуық бала қатысыпты.

Ұлттық жобаға еліміздің аймақтары ішінде алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысының әкімдігі айрықша қолдау көрсеткенін де атап өткен жөн.

Мыңдардың арасынан сүрінбей шыққан шәкірттер өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов бастаған қазылар алқасы сарапқа салды.

Шартқа сәйкес оқушылар сахнада алғашында жұптасып өнер көрсетті. Арасында мүдірмегендері де, керісінше, жыр жолынан жаңылып кідіріп қалғандары да кездесті. Қазылар қай оқушының да жыр оқуын қалт жібермей қадағалап отырды. Кезінде шам жарығымен ақсақалдарға жыр оқыған ұрпақтың бүгінгі өкілдері өткеннің өнегесі ұмытылмағанын танытты.

Жалпы ұмыт бола бастаған батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, жаңғыртылуы бала тәрбиесі бағытындағы игі бастама. Өткеннің мұндай үлгісін ұстанғаннан ұтылмайтынымыз анық. Осыған дейін жастарды жыр арқылы тәрбиелеуді Әзірбайжан мен Өзбекстаннан көретін едік. Елбасы бастамасымен енді біздің ел де осы қатардан табылып отыр. Былтыр «Алпамыс батыр» жырын оқудан басталып, биыл «Қобыланды батыр» эпосына жалғасқан бұл шара алдағы уақытта халықаралық деңгейде ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы 132 бет, 5206 жолдан тұратын жырды жатқа айту оңай емес. Жиырма жеті оқушының арасынан 8 оқушы келесі айналымға жолдама алды.

Алғашқы сыннан іріктелген 8 оқушы екінші айналымда жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып айтып, қазақ әдебиеті оқулығынан әзірленген сұрақтарға жауап берді.

8.jpg

Мысалы, 8 сынып оқушысы Гауһар Әзен «кент», «шаһбаз» деген сөздердің мағынасын тарата айтса, Даяна Толыбаева «бақал» сөзінің мәнін түсіндірді. Оқушылардың сахнада сөз мағынасына байланысты пікір таластырып қалған кездері де болды.

Осы кезең аясында сыныбына қарай «Қазақ әдебиеті» оқулығынан дайындалған сұрақтарға жауап берді.

Қазылар қай жағынан да тең түскен талапты шәкірттерді сынау үшін жырдың белгілі бір тұсын жатқа айтудан жарыстырды. Эпосты бір-бірінен іліп алып, алға жалғаған оқушылардың бұл сайысы шын мықтыны анықтады.

   Жеңімпаз бен жүлдегерлер

Сайыс қорытындысында өткен марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов бұл байқау өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеп, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулитынын атап өтті.

Елдік пен ерлікті ту еткен жарыстың облыстық кезеңінің қорытындысында бірінші орынға тігілген 1 миллион теңгені қазалылық оқушы Гүлзира Қонысбай, ал оның жетекшісі Гүлфайруз Әлішева 2 миллион теңгені еншіледі. Қалған екі орынды Қармақшы ауданынан сынға түскен Даяна Толыбаева (600 мың теңге) мен жетекшісі Мереке Қайнарова (1 200 мың теңге), сондай-ақ қазалылық Гауһар Әзен (300 мың теңге) мен оны осы сынға дайындаған мұғалімі Жадыра Көшекбаева (600 мың теңге) өзара бөлісті. 

Қызылорда облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі