21 Маусым, 2019
#Турист_күнделігі: БАЙҚОҢЫР

Әлемдегі алғашқы және ең ірі космодромға барып, космоайлақтан ғарышқа бет алған ғарыш кемесін өз көзіңізбен көргіңіз келе ме?

Соңғы жылдары туризм саласының түр-түрі дамып келеді. Теңіз жағасына барып демалғыңыз келеді ме? Маңғыстаудың бор тауларына көтеріліп, космостық пейзажды көргіңіз келеді ме? Болмаса тау ішіндегі ерекше көріністі көлдің ауасымен демалғыңыз келеді ме? Кез-келген туристтің талғамына сай демалыс орны табылатын Қазақ елімнің жерінен айналдым. Турист күнделігі айдары әр аптаның жұма күні сайын сіздерге, оқырман, еліміздің әлі де таныла қоймаған мекендерін ұсынып келеді. Шет елге барып қайтесіз? Қайта сол шет елдің азаматтары біздің республикамыздың тың туристік аймақтарына қызығып, туристтік турларды кеңінен пайдалануда. Сондай тың турлардың бірі – Байқоңыр ғарыш айлағы.

15.jpg

Байқоңыр тарихы

Байқоңыр қаласы мен Байқоңыр ғарыш айлағы бірігіп «Байқоңыр» комплексін құрайды. Қаланың ресми туған күні 1955 жылдың 2 маусымы. Байқоңырдың қала болып қалыптасқанына көп жылдар өтпесе де, оның есімі әлемге дүркіреп тұр. Кеңес Одағы ғарыш айлағының құрылысына кіріскен уақытта, Байқоңыр туралы сөз еш жерде айтылмаған еді. Тіпті, америкалық барлау қызметі ғарыш айлағы туралы 1958 жылы білген. Айлаққа жақын орналасқан станция Төретам болғаннан соң, бұл жерді де әлемнің арнайы мекемелерінің көптен бір бөлігі ғарыш айлағын Төретам деп атап жүреді. Алайда, 1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа жер планетасының алғашқы адамы ұшқан сәттен бастап, Байқоңыр ресми түрде Байқоңыр деп аталатын болды. Жалпы, әр жылдары қаланың атауы әртүрлі болған. "Ташкент-90", "Заря" ауылы, "Звездоград" ауылы, Ленинск қаласы. Сандарды сөйлетсек, ғарыш айлағынан ғарышқа 130 ғарышкер аттанған. Ал соңғы елу жылда Байқоңырдан 1 500 астам әртүрлі ғарыш құрылғылары, жүзден астам континентаралық баллистикалық ракеталар ұшырылған.

Байқоңырға қалай жетесіз

Нұр-Сұлтан қаласынан:

Елордадан Төретам станциясына дейін Нұр-Сұлтан 1 - Қызылорда поезы арқылы жете аласыз. Билеттер құны 2 900 теңгеден басталады. Төретам станциясынан Байқоңыр қаласына дейін автобустар жүреді.

Алматы қаласынан:

Алматы 2 - Маңғыстау, Алматы 2 - Саратов 1, Алматы 1 - Ақтөбе, Алматы 1 - Атырау бағытындағы поездарға билет алсаңыз Төретам станциясына жетесіз. Теміржол билеттерінің құны 4 900 теңгеден басталады.

Төретамға аяқ басқанда, бұл ғарышқа апаратын жол деп мүлдем ойламайсыз. Шағын теміржол вокзалының ғимараты. Тек вокзал ғимаратының қабырғасында тұрған ескерткіш тақтасындағы 1955 жылдың 12 қаңтарында ғарыш айлағының құрылысы басталды деген жазу келушіге ғарыш туралы шағын ақпарат береді.

Байтақ еліміздің көп шағын станцияларының біріне ұқсайтын Төретам станциясының алдында Байқоңырға дейін жеткізіп салатын автобустар тұрады. Солардың біріне отырып, бақылау пунктіне дейін жетесіз. Жалпы Төретам ауылы тұрғындарының саны шамамен 9 500. Ауыл шетінде негізгі теміржолдан бөлек созылған теміржол сызығы бар. Бұл жалғыз жол қала мен ғарыш айлағын байланыстырып тұр. Яғни, ғарыш айлағына қажет барлық құрылғылар мотовоз арқылы осы жолмен жеткізіледі.

8 (4).jpg

Байқоңырға кіру үшін рұқсат

Байқоңыр жабық қала статусына ие. Бұл дегеніміз қалаға кез-келген келуші немесе қонақ кіре алмайды. Қалаға кіреберісте бақылау өткізу пункті тұр. Төретам станциясынан автобусқа мініп бақылау пунктіне жеткен кезде, автобустың ішіне әскери адамдар кіріп жолаушылардың барлығынан рұқсат қағаздарын сұрайды. Қала тұрғындарында тұрақты рұқсатнамалар болса, туристтер мен қала қонақтарында біржолғы рұқсат қағазы болу қажет. Егер де сіздің қолыңызда «сиқырлы» қағаз болмай қалса, автобуспен Төретамға кері қайтасыз. Сонда Байқоңырға қалай кіреміз? Заңды сұрақ. Арнайы рұқсатнаманы туристік фирма арқылы немесе жергілікті халыққа қызмет көрсету мекемесіне жазбаша өтінім қалдыру арқылы ала аласыз. Егер қалада тұратын таныстарыңыз болса, олар да рұқсатнаманы жаздыртып бере алады. Әрине бақылау пунктін айналып өтіп, қоршауды секіріп өтуге де болады. Алайда, қалада рұқсатнамасыз еркін жүре алмайсыз, қонақ үйге де сізді кіргізбейді. Қаланы бақылап жүрген полиция қызметкерлері де қала қонақтарын жіті қадағалап жүреді. Сол себепті емін-еркін ғарыш айлағын аралап, ғарыш кемесінің ғарышқа бет алған сапарын тамашалағыңыз келсе, заңды айналып өтпей, арнайы рұқсатнама алғаныңыз жөн.

Ғарыш айлағына бару

Әрине, Байқоңырға ең бастысы ғарыш айлағын және ғарыш экипажы мен кемесінің ғарышқа аттану сәтін көру үшін барасыз. Өміріңіздегі ең ерекше сәттерге немесе бала кезіңіздегі барлығынан жасырған арманға қол жеткізу үшін Байқоңырға бару сапарын туристік компания арқылы жоспарлаған дұрыс. Себебі ғарыш айлағы мен қала бөгде адамдар үшін жабық. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, рұқсатнамасыз бір қадам да жасай алмайсыз. Сонымен туристік компаниялар ұсынатын мәзірге көз шалып өтелік. Біріншіден, 10-15 саяхатшыдан тұратын шағын топ құрылады. Маңыздысы, топқа тіркелу сапар күнінен жиырма екі жұмыс күн бұрын басталады. Себебі қала мен ғарыш айлағына кіру рұқсатнамалары «Роскосмостан» алынады. Өз ісінің білікті мамандары сізді Төретам станциясынан күтіп алып, Байқоңырға алып барады. Ең бастысы ғарыш кемесінің ұшуы және сәті түсіп жатса, экипажбен тілдесуді ұйымдастырып береді. Туристік компанияларға қатысты толық ақпаратты интернет желісінен таба аласыздар. Бағалар барлық компанияларда орташа есеппен бірдей деп айтуға болады. Ең бастысы, алдағы ғарыш кемесінің ғарышқа ұшу сапары шамамен ағымдағы жылдың 31 шілдесіне жоспарланған. Фото және бейне жазба жасау мүмкінгі арнайы органның рұқсатын алған соң ғана жүргізіледі. Уақыт бар. Туристтер қатарына қосылу мүмкіндігі де бар. Туристтер туралы айтатын болсақ. Ғарыш кемесі сапарға аттанатын аралықта Байқоңырға барсаңыз, шет елден жүздеп ағылып келетін адамдар толқынын көре аласыз. Олардың қатарында мұғалім мен дизайнер де, зейнеткер мен студент те кездеседі. Барлығы да шет елден Байқоңырға арнайы ғарыш экипажын және ғарыш кемесінің сапарын көру үшін келген сапарлаушылар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сол күндері қаланың тірлігі мүлдем басқа болады. Келуші қонақтар көбейіп, сауда да қыза түседі екен.

7 (4).jpg

Байқоңыр қаласы

Байқоңыр 2050 жылға дейін Ресей Федерациясына жалға берілген. Сол себепті қалада айналымдағы ақша номиналы орыстың рублі. Қаланың ғарышқа тікелей байланысы барын мейрамханалар мен дүкендердің атауларынан бірден байқауға болады. «Орбита» дүкені, «Звездное небо» мейрамханасы, Юрий Гагариннің кескіні бар ондаған плакаттар мен баннерлер. Қалада жер үйлерді мүлдем кездестірмессіз. Жаппай кеңес заманынан мұра болып қалған бес қабатты үйлер. Бұл үйлердегі барлық пәтерлер жергілікті халықтың да, ғарыш айлағында қызмет атқарып жүрген азаматтардың да меншігінде емес. Пәтерлердің барлығы қала әкімшілігінен Роскосмосқа жалға беріледі. Компания өз тарапынан оларды өз қызметкерлеріне жалға береді. Ал қала тұрғындары пәтерлерді әкімшіліктен жалға алады. Қала орталығынан алысырақ жерде жалғыз тұрған ескерткішті көресіз. 1960 жылдың 24 қазанында Р-16 континентаралық баллистикалық ракетасының жарылып, салдарынан 78 адамның (кей деректер бойынша 128 адамның) өмірін алып кеткен қайғылы оқиғасына арналған ескерткіш. Бұл оқиға Кеңес заманы кезінде «аса құпия» деген кодпен жалпы халыққа айтылмады. Тек 1989 жылы бұқаралық ақпарат құралдарына шығады. Ғарышты бағындыру жолында болған қайғылы оқиғаларды естен шығармау үшін тарихты ұмытпау керек. Қаладағы жалғыз ірі кәдесыйлар дүкенінен Байқоңырдан естелік болып қалатын түрлі заттарды сатып алуға мүмкіндік бар. Магниттер, жиделер, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар және тағы басқа бұйымдарды.

12 (1).jpg

Қалаға кіреберісте «Невесомость» атты монументі орнатылған. Монументте ғарышкер бейнеленген. Ғарышкердің прототипі болған ашық ғарышқа алғаш шыққан аңызға айналған ғарышкер Алексей Леонов. Халық арасында бұл монументті «Үлкеееен балық аулаған балықшы» деп атайды екен.

10 (4).jpg

P.S. «Ұлы даланың өзі космосқа ұқсайды: жер мен аспандің тоғысуы және олардың арасында кедергілердің жоқтығы жан тебірентеді. Қазақстанға алғаш барған сапарларымнан бастап, өзімді космосқа барып келгендей сезінемін» – практикалық космонавтиканың негізін қалаушы Сергей Королев Байқоңыр туралы осылай айтқан еді. Бір кездері планетаның көп адамдарына жабық болған Байқоңыр соңғы жылдары туристтік бағытты ұстанып, өзінің құшағын туристтерге ашуда. Кеңес заманының құпиясын, ғарышқа апарар жолды және ғарыш экипажын көргіңіз келсе, жазғы демалысыңыздың бірнеше күнін Байқоңырға арнаңыз. Әрине, бұл қалада сізге теңіздің жағажайы мен спа-рәсімдерін ешкім ұсына қоймас. Алайда, шексіз эмоция мен тамаша көңіл-күй сізге серік болары анық.

                                                                                                                                      Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ, Ruh.kz

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz