1 Шілде 2019 Ruh.kz 997

#Турист_күнделігі: ЕЛОРДА

 | RUH.kz Фото: ашық көзден

Әлемнің ең суық астаналары рейтингісінің ондығына енетін Нұр-Сұлтан туралы «Турист күнделігінің» бүгінгі айдары сізге біраз пайдалы ақпарат ұсынғалы отыр.

Расында да, күнтізбе бойынша санағанда елордада ыстық күндердің саны шектеулі. Сол себепті бас қаламызға жаз мезгілінің шілде айында қонақ болып келсеңіз, тоңып қалмайсыз.

Бас қаламыз туралы жазылған мақалалар, көрсетілген бағдарламалар және түсірілген фильмдердің саны жыл сайын артып, өсіп келеді. Олардың санын санап шығудың өзі мүмкін емес. Салыстырмалы түрде айтсақ, астанада салынған ғимараттар күн сайын бой көтеріп жатса, қала туралы жазылып жүрген дүниелер де апта сайын жарық көріп жатады. Сол себепті астана туралы бүгінгі мақала туристтердің көп бара бермейтін туристік және туристік емес нысандарына арналады. Кеттік!

3 (7).jpg

Мәңгілік ел

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай 2011 жылдың желтоқсан айында ресми түрде ашылды. Салтанат қақпасының биіктігі 20 метр. Биікке ұмтылған қақпаның әр метрі тәуелсіздік жылдарынан сыр шертеді. Салтанат қақпасының маңдайшасында «Мәңгілік ел» жазуы бар және төрт қабырғасында тәрбиенің бастауы Ана, елі үшін туған батыр, елдің қамын ойлайтын ақылшы ақсақал және бүгінгі күннің жауынгері бейнеленген. «Мәңгілік ел» қаланың сол жағалауындағы Мәңгілік ел даңғылы бойында орналасқан. Салтанат қақпасына дейін 18, 35, 46, 70, 102 бағыттағы автобустарымен жете аласыздар. Қақпаның алдына келіп, енді нені тамашалаймыз, деген заңды сұрақ туындауы заңды. Салтанат қақпасын көп жағдайда туристтер сыртынан түсіріп, ішінде көрме орналасқанын біле бермейді. «Мәңгілік елдің» ішіне жерасты жолымен кіресіз. Кассаға құны 500 теңге тұратын билетті сатып алып, лифтке қарай аяңдайсыз. Қақпаның екінші қабатында келген қонақтарды гид қызметкері күтіп алады. Қабырғалары ашық түске боялған екінші қабат толықтай көрме залынан тұрады. Көрмеде жас суретшілердің, мүсіншілердің туындылары көрермен назарына қойылған. Айтып кететін жайт, көрменің биылғы жаз маусымының бас кейіпкері – Димаш Құдайберген. Еліміздің талантты ұлына арналған фотосуреттер, картиналар, мүсіндер және тағы да басқа өнер туындылары «Мәңгілік елдің» ішінде орналасқан. Тамаша өнер туындыларын көріп болған соң, баспалдақпен қақпаның төбесіне көтерілесіз. Төбеде қаланың көрінісін тамашалау үшін алаң жасақталған. Алаңға көтеріліп, қаланың сол жағалауында бой көтеріп келе жатқан ғимараттарын дүрбілер арқылы көруге болады.

16 (2).jpg

Astana Art Show

Осы жылдың жаз айларында елордамыз ерекше, әрі көпқырлы заманауи мәдениеттің эпицентріне айналады. Бейбітшілік және келісім сарайында («Пирамида») және Тәуелсіздік сарайында Astana Art Show – 2019 ауқымды көрмесі өткізіледі. Көркемдік іс-шара барысынды Contemporary Art әлемдік жұлдыздарының қатарына енетін 15 елдің 40 суретшілерінің еңбектері көрсетіледі. Көркемдік әлемде өзіндік стилі бар суретшілердің арт нысандары жоғарыда аталған көрмелер залында қойылумен қатар, астанамыздың саябақтарына да орналастырылады. Фестиваль аясында «Алғашқы контакт» жас суретшілер көрмесі, «Racing the Galaxy» халықаралық көрмесі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Естеліктер. Өткенмен сырласу» көрмесі өз есіктерін көрерменге айқара ашады. Astana Art Show – 2019 аяқталған соң қатысушы суретшілердің инсталляциялары, стрит арт нысандары және ғимараттар қабырғаларына салынған суреттер фестивальдің мұрасы ретінде қалаға естелік болып қалмақ. Жаныңыз өнерді, жаңашыл өнерді сүйетін болса, міндетті түрде фестивальдің қонағы болыңыз. Жаз айында Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік суретшілердің платформасына айналары анық.

бс.jpg

Ботаникалық саябақ

Нью-Йоркта «Центральный парк», Мәскеуде «Воробьевы горы», ал Нұр-Сұлтанда «Ботаникалық саябақ». Үлкен қаланың тынымсыз тіршілігінен демалатын, өз ойларыңызды жинақтап, әрі қарай өмірлік мақсаттарыңызды жоспарлай алатын орталық болса, оның бірі «Ботаникалық саябақ». Елорданың сол жағалауында орналасқан саябақ 2018 жылдың шілде айында ресми түрде ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орталығына айналып үлгерді. Саябаққа әлемнің түпкір-түпкірінде кездесетін ағаштар мен гүлдер отырғызылған. Ал, оранжереяда жайқала өскен түрлі өсімдіктер жер шарының тропикалық және субтропикалық аймақтарының «тұрғындары». Оранжереяға кіру ақылы, ересек адамдар үшін 300 теңге, егер тропикалық өсімдіктерді өз фотоаппаратыңызға түсіргіңіз келсе, 1 500 теңге қоса төлейсіз. Сондай-ақ, саябақ территориясында спортпен айналысатын жандар үшін жүгіру жолдары, велосипедпен жүру жолдары, түрлі тренажерлар бар. «Ботаникалық саябаққа» 10, 12, 15,18, 35, 46, 70, 102, 303 қалалық автобустарымен жете аласыз.

9 (4).jpg

P.S. Елордаға саяхаттап келген туристер үшін тамашалайтын және барып көретін орталықтар мен архетиктуралық ғимараттар өте көп. Бүгінгі мақаламызда сіздің назарыңызға іліге бермейтін, өз ерекшелігімен сіздің есіңізде қалатын туристтік нысандармен таныстыруды мақсат еттік. Көздеген шағын миссиямызды одан әрі орындау үшін, осы аптада Нұр-Сұлтанға тағы да бір мақала арнамақпыз. Құрметті оқырман, сізді сүйікті қаламыздың туған күнінде күтеміз!

                                                                                                                             


Оқи отырыңыздар:

#Турист_күнделігі: БАЙҚОҢЫР - https://ruh.kz/kz/news/turist-kundeligi-baykonyr/

#Турист_күнделігі: ПАВЛОДАР - https://ruh.kz/kz/news/turist-kundeligi-pavlodar/


 

 

 

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ

Ruh.kz

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

23 Тамыз, 2019

Абай. Ренессанс.

22 Тамыз, 2019

«Атамекен» Қазақстан картасы

22 Тамыз, 2019

#Ең_белгілі_жылқылар (фотодерек)

21 Тамыз, 2019

Қазақстанның киелі жерлері