26 Сәуір, 2019
#ТУРИСТ_КҮНДЕЛІГІ: ШЫМКЕНТ

Еліміздегі үшінші ірі мегаполис, миллионер Шымқалаға ат басын бұра қалсаңыз... «Турист күнделігі» Шымкент қаласында. Бұл қаланы көрген де арманда, көрмеген де арманда. 


Шымкент шаһарына барған бір сапарында Елбасының өзі: «Өмір бір рет беріледі және оны Шымкентте өткізу керек», - деген еді.





Н. Назарбаевтың Шымкенттегі сапарынан...



 



Сонымен, Шымкентке барғанда нені тамашалауға болады? Қандай көшелерінде серуендеуге болады?



Өзіңмен бірге базарлыққа не нәрсені алып келуге болады? Шымкент туралы жазбаларды ұсынамыз.





Шырайлы Шымқала



  Дендропарк. Шымкент қаласында 1979 жылы алғашқы ағаштары отырғызылған Дендросаябағы шымкенттіктер мен қала қонақтарының сүйікті орнына айналды. Алғашқы жылдары көлемі 150 гектардан асқан бақтың екінші өмірі 2000-жылдардың ортасында басталды. Бүгінгі күні бақтың көлемі 120 гектардан асады, көлемі тарылғанымен ішкі келбеті мен келушілерге арналған жағдайлар толығымен жасалған. Қайта жөндеу жұмыстарынан  соң саябақ еліміздің көркем жерлері тізіміне енген. Парк ботаникалық саябаққа ұқсайды, айырмашылық флорамен қатар фаунаны да кездестіруге болады (аққулардың тоғаны, орманда мекендейтін тиындар мен еліктер). Бақтың ішіне кіргенде көз үйренген қарағаштар мен қайыңнан басқа да ағаш пен гүлдердің көп түрлерінің кездесетінін байқайсыз. Иірілген жолмен келе жатып, адамдардан алшақтап, өз-өзіңмен қалғандай боласыз. Себебі бұл бақтың территориясы ауқымды. Бақ территориясы жас жұбайлардың той бағыттарының тізіміне де кірген. Сол себепті саябақтан міндетті түрде бақытты жастарды кездестіреріңіз хақ. Бақтың іші көктем мен жаз мезгілдерінде жасылға оранып, өзіне назарды аудартады. Үлкен қалаға саяхаттап келіп, тыныштық оазисін іздесеңіз міндетті түрде Дендросаябаққа барыңыз.



      Саябақтар мен мұражайлар. Абай атындағы саябақ. Әдемі аллеялар, Ұлы Отан соғысының жеңімпаз батырларына арналған Даңқ мемориалы, кіші сәулет формалары, фонтандар және саябақтың құрамына жыл сайын енетін гүлдер мен ағаштар. Бұл факторлардың барлығы да Абай атындағы саябақтың сұлулығын ерекшелендіреді.    



        «Кең баба» этнобағы Шымкент қаласының ескі мұраларының бірі. Ол «ескі орталықтың» орталығында орналасқан және оның негізі ХІХ ғасырдың аяғында салынған. Аумағында танымал қуыршақ театры, түрлі аттракциондары және ерте уақытта отырғызылған ағаштары бар саябақ демалу үшін тамаша орын. Этнобақта татар-башқұр, славян, қазақ-өзбек және басқа да халықтардың ұлттық мәдени павильондарын таба аласыз. Облыстық өлкетану мұражайы Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең көнесі, әрі ауқымдысы. Мұражайда өлкенің тарихымен танысу үшін екі сағаттан астам уақытыңды арнау керек болады. Тарихқа толы екі сағаттан астам уақытыңыздың қалай өтіп кеткенін байқамай қаласыз. Мұражай аптаның сейсенбісінен жексенбісіне дейін, сағат 09.00-дан 19.00-ге дейін жұмыс жасайды.





      Ескеркіштер мен мешіттер. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында орналасқан Иса пайғамбардың ескерткішін еске салатын Бәйдібек бидің ескерткішіне соқпай кетуге болмайды.  Би өз заманының әділ биі, батыл батыры және Әмір Темірдің досы болған. Қаланың әр нүктесінен көрінетін ескерткіш биіктігі 200 метрден асатын биіктікте орналасқан. Мүсіншілердің айтуынша олар Рио-де-Жанейро мен Волгоград қалаларында орналасқан ескерткіштерді де назарларына алған. Жалпы, қалада салт атты ескерткіштер көп болғандықтан, Бәйдібек бидің ескерткіші ерекше нақышта жасалған. Бәйдібек би ескерткіші, «Көкжайлау»  демалыс орталығы, «Наурыз» алаңы, салт-дәстүрлер орталығы, «Қазына» этнотарихи орталығы - қаланың бұл рухани демалыс орындары бір-біріне жақын орналасқан. Қаланың батыс бөлігінде орналасқан Оңтүстік Қазақстан өңірінің ең үлкен орталық мешітіне де жолыңызды салыңыз. Ақ құба мешіттің сыйымдылығы үш мың адамға дейін жетеді. Әкбар қажы Шәкірбай мешіті. Халық арасында «Пирамида» атына ие болған бұл мешіт ежелгі Египет пиримидаларына ұқсайды. Ғимарат қаланың  СМУ-4 ауданында орналасқан.



           Саябақтарды аралап, этнобақты тамашалап, мұражайларда тарихпен танысып болған соң міндетті түрде шығыстың базарына да соғыңыз. Қаланың ескі орталығында орналасқан «Жоғарғы базары» ең танымалы. Түрлі дәмдеуіштердің хош иісі мұрныңды жарады, шығыс тәттілерінің дәмі есте қалады, ал ыстық тандыр нанын басқа елдің базарынан таба алмайсыз. Ежелгі Жібек жолы базарларының атмосферасын елестетуге септік болатын бұл орынға соғып, құр алақан кету кешірілмес! Сол себепті өз қалаңыздағы жақындарыңызға және достарыңызға тәтті базарлықтарды осы жерден алсаңыз еш өкінбейсіз.





Еліміздің туризм бағытындағы ең танымал бағыттардың бірі – Шымкент. Шымкентке барып қаланың көрнекті жерлерін аралаңыз, тіл үйірер тағамдарынан дәм татыңыз, шығыс базарының атмосферасын сезініңіз және ең бастысы жергілікті халықтың қонақжайлығын көріңіз.



P.S. Шымкент туризмнің тоғыз жолының торабына айналуда. Бұл қалаға қандай көлікпен және қандай соммаға жетуге болады? Редакциямыз еліміздің екі үлкен мегаполисін назарға ала отырып, ақпарат жинақтады.



Шымкент қаласына әуе көлігімен баруға болады. Билет құны:



- -Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытында билет құны 22 000 теңгеден басталады;



-Алматы – Шымкент бағытында билет құны 5 000 теңгеден басталады.



Шымкент қаласына теміржол көлігі қатынайды:



-Нұр-Сұлтан-1 – Шымкент бағытында билет құны 4 000 теңгеден басталады;



- Нұр-Сұлтан - Шымкент бағытында билет құны 15 000 теңгеден басталады;



-Алматы-1 – Шымкент бағытында билет құны 3 000 теңгеден басталады;



-Алматы-2 – Шымкент бағытында билет құны 3 000 теңгеден басталады.



Қалааралық автобус қатынасы мен такси қызметіне де жүгіне аласыз:



-Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы автобус билетінің құны 3 500 теңгеден басталады;



-Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы такси қызметінің құны 6 000 теңгеден басталады;



-Алматы – Шымкент бағытындағы автобус билетінің құны 2 500 теңгеден басталады;



-Алматы – Шымкент бағытындағы такси қызметінің құны 5 000 теңгеден басталады;



 



 



Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,



Ruh.kz


Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ
Ruh.kz
автор